Екі ауыл газға қосылды

Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Боралдай және Қызылсеңгір ауылдарына табиғи газ берілді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Нұрбек Бадырақов арнайы қатысып, тиісті жұмыстарды қазан айына дейін аяқтап, тұрғындарға мерзімінде газ беріліп отырғандығын жеткізді.

– Ауданға әкім болып тағайындалғалы бері 57 елді мекеннің барлығын аралап шықтым. Ауылдардағы жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді сондағы тұрғындармен бірге талқыладық. Соның бірі елді мекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Боралдай мен Қызылсеңгірге қазан айына дейін газ беріледі деп уәде етілген еді. Бүгін сол сәт туып, сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз, – деді аудан әкімі. 
 Айта кету керек, Боралдай ауылында сексенге тарта үй, бес жүзге жуық тұрғын бар. Ал, Қызылсеңгір ауылында 57 үй бар. Онда төрт жүзден астам халық тұрады. 
Жалпы, Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің 4-уі ғана табиғи газбен қамтылған, яғни «көгілдір отынмен» қамтылу деңгейі 17 пайызға жетіп отыр. Келесі жылы ауылдарды газбен қамту көрсеткішін 45 пайызға жеткізу жоспарлануда.
 
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. 
Пікір қалдырыңыз