«Ақшаны жерге еккенді жөн көрдім»

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы саласы бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Жергілікті диқандар ата кәсіпті жалғастырып қана қоймай, өзге де елдердің тәжірибесін меңгеріп, әсіресе бау-бақша саласын қарқынды дамытып келеді. Сондай істің көзін тапқан жандардың бірі – Ордабасы ауданындағы 60 гектар жерге алма, шабдалы мен өрік көшеттерін отырғызып, бүгінде өнімін жинап жатқан СПК «KazGarden» шаруашылығының директоры Мәди Есқараев.

Ол бастапқыда медициналық аппараттарды жеткізу қызметімен айналысып, тапқан ақшасын қарқынды бау шаруашылығына салуды жөн санаған. Сөйтіп, 2020 жылы Түркиядан алма, шабдалы және өрік көшеттерін әкеліп, отырғызыпты. 2021 жылы көшеттер нышан көрсетсе, биыл әжептәуір өнім жинауда. Өнім өз өңірімізден бөлек, Батыс, Орталық Қазақстан өңірлеріне де жөнелтіліп жатыр.
Жетісайлық азаматтың сөзіне сенсек, 60 гектар жерге көшет отырғызуға 600 миллион теңге шамасында қаржы жаратылыпты. Дәрілеу, күтіп-баптау және суаруға жылына орта   есеппен 50 миллион теңге шығын кетеді екен. Яғни кәсіпкер 5-6 жыл бойы тек шығынның орнын жабуға жұмыс істейтін көрінеді. Бастысы,  жабайы ағаштармен будандастырылған бұл көшеттердің 50-60 жыл бойы өнім беретіндігі. Айта кетсек, мұнда 4-5 адам тұрақты жұмыс істеп, 160-200 мың теңге аралығында жалақы алып келеді. Ал, өнім жинайтын 5-6 ай көлемінде қосымша жүзден астам адам науқандық жұмыстарға тартылып, күндігіне 4-5 мың теңгеден табыс табады.
Қарқынды бау аумағынан 4 ұңғыма және су жинайтын көлемді бассейн қазылған. Ал, суару жүйесі израильдік технологиямен жүргізіледі. Сонымен қатар, шаруашылықтың алдағы мақсаты – өздеріне тиесілі 240 гектар бос жатқан жерді де қарқынды бауға айналдыру. Одан бөлек, жеміс-жидек өңдеу цехын салып, тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтымақ.
– Бау-бақшаға кірісер кезде ақша қолымда тұрды. Ешқандай қарыз не несие алмадым. Кей байлар секілді ақшамды депозитке салып қойып, ауадан ақша істесем де болар еді. Бірақ, ондайды ұнатпаймын. Ақшамды банкке салып қойғанша, жерге егейін деп шештім. Сонымен қатар, елорда маңынан қора салып, асыл тұқымды мал басын арттыру, ет-сүт өнімдерін өндіру мақсатында да жұмыс істеп жатырмыз, – дейді шаруашылық директоры.
Мәди Есқараев басқа өнімдер сияқты бау-бақша өнімдеріне де субсидия берілсе деген тілегін жасырмады. Оның айтуынша, бау-бақша өнімдеріне көшет отырғызылған кезде ғана бір реттік субсидия қарастырылады екен. Ал, бұл ұзақ мерзімді жоспар құрған шаруалардың жүгін анау айтқандай жеңілдете қоймайды. Бұл салаға бет бұрушылардың әзірге көбеймей отырғанының бір себебі де осы. 

Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз