Байлығымыз босқа шіри бере ме? немесе облысымыздағы тері, жүн өңдеу өндірісі көңіл көншітпейді

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ана бір жылдары облысымыздың Арыс қаласы мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары аумағынан қызыл мия қазып, оны Қытайға жөнелтіп жүрген бір топ адам табиғат қорғау прокуратурасының қолына түсті. Оларды кім бастап жүр десеңші? Қытай азаматы. Тілмаш арқылы сөйлесе келе ұққанымыз, олар қызыл миядан қымбат дәрі жасайды екен. Прокуратура қызметкерлері енді қыруар қызыл мияны Қытайға арқалатып жібермейді. Сонда далада тәркіленген қызыл мияға қарап күрсінген қытай әлдене деп міңгірлеп келе жатты. Сұрастырып көрдік.
– Қазақтың даласында байлық деген шашылып жатыр. Сіздер оны көрмейсіздер,-деді әлгі қытай.
Осы сөз араға бірталай жыл өткенде қайталап есіме түскен. Қалай дейсіз ғой. Іссапармен Шардара ауданына барғанмын. Одан әрі Мақтаарал ауданына қарасты Найман Бұқарбай елді мекеніне жол түскен. Сонда не көрдім? Биік-биік жалдарда автокөлік құмға тығылып қалмас үшін қойдың жүнін төсеп тастапты. Ана жалдың үсті де, мына жалдың үсті де қойдың жүні. «Уа, бұл неткен байлық? Айдалада тегіннен тегін жатқан байлық?» деп қасқыршалап сұрап кеп жіберсек, бүгінде ең қажетсіз болып қалған шикізат осы жүн көрінеді. Ешкімге керегі болмаған соң малшылар оны осындай асулар мен жалдарға көлік тығылып қалмас үшін пайдаланады екен. «Е, бір кәдеге жарапты ғой» деп ойлағанымызбен, бұл көріністің соңында үлкен салмақ жатыр еді.
Кезінде ауыл-ауылдан тері, жүн, тіпті сүйекке дейін жинайтын мекеме болушы еді. Ауылға арбасына қашыр жеккен «Құрымшы атай» деген кісі келгенде бір жасап қалатынбыз. Шіркіннің арбасында не жоқ десеңші. Балаларға таңсық шар, сырнай, тағы басқа да ойыншықтардың нешеме атасын көретінбіз. Үйдегі ескі-құсқы бұйымдарды, тері, жүн, кейде тіпті ірі малдың сүйегіне дейін өткізіп, бір-бір шарға не сырнайға ие болып қалатынбыз. Сол арнайы адам бөліп,  ауылма-ауыл жинататын шикізат бүгінде неге құнсыз болып қалды?
Әріден бастайық. Кеңес өкіметі тұсында аталған шикізаттар өте құнды материалдар болып табылды. Сол жылдары жүн өңдейтін, тоқыма, тігіншілікпен айналысатын мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Қазір Қазақстанда осы бағытта жұмыс істейтін 1 орта кәсіпорын, 27 шағын кәсіпорын ғана қалған. Кезінде жеңіл өнеркәсіп саласы республикалық бюджеттің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған. Бүгінде ол ішкі нарықтың 13 пайызын ғана қамтиды. Қырғызстанда киіз үй жасайтын арнайы зауыт жұмыс істеді. Барлық малшылар жаздай ақшаңқаң киіз үйлерде отырды. Оларға қажетті тон, пима, күпі, шалбар,  етік тері мен жүннен жасалды. Кеңес өкіметі күйреген соң пысықайлар даланы кезіп, ешкімге керек болмай қалған жүн-теріні Қытайға сатты. 2016 жылға дейін қой-ешкінің, сиырдың, жылқының терісі арнайы қабылдау орындары арқылы Қытайға, Қырғызстанға, Өзбекстанға жіберіліп тұрған екен. Осы тұста ел Үкіметі  отандық өндірушілерді қолдау деген жоба ойлап тауып, тері-жүн экспортына тыйым салды. Тыйым салынғанға дейін жылқы, сиыр терісі 15000-20000 теңгеге дейін көтерілді.Сол терілер қазір әрі кеткенде 1000 теңгеге өтеді.  Қой терісін 200-300 теңгеге ішегімен қоса өткізуші едік.  Бүгінде тері мен жүнді экспорттауға салынған тыйым алынған. Әйткенмен оның орнына баж салығы деген шықты.  Енді кәсіпкер не делдал теріні шетелге шығаратын болса, оның әр тоннасы үшін 200 еуро баж салығын төлеуі тиіс. Бұл шамамен 100 мың теңге. Теріні шетелге шығару тиімсіз болғандықтан делдалдар мен алыпсатарлар басқа кәсіп іздеп кетті. Қой жүні де осы шамалас.  Баж салығынан қашқандар енді тері көрсе теріс бұрылып кетпегенде қайтпек?!
– Күні кеше ауыл адамдары терісі мен жүнін сатып, нан пұлын шығаратын. Біздің Үкімет 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары өңдейтін кәсіпорындарды қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салды. Бірақ, бұл шешім отандық өндірісті дамытудың орнына құлдилатып жіберді. Тері өңдейтін зауыттарға пайызсыз несие беріп, олардың бәсекелестік қуатын арттыра түсу керек еді. Бұлай болмай шықты,--дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясының фракция мүшесі Сырым Ертаев.
– Біз тері мен жүнге қойылған баж салығын алып тастау туралы мәселе көтеріп, бірқатар министрлік өкілдерімен хабарластық. Олар біздің ойымызбен келіседі. Бізді кәсіпкерлер де, депутаттар да қолдайды. Бірақ, әзірге оңды шешім шығар емес. Құзырлы органдардың өкілдері бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда талқыланып жатыр деп жұбатты. Алайда, әлі түпкілікті шешім шыққан жоқ, – деп сабақтайды сөзін Сырым Ертаев.
Сырым Ертаев Қазығұрт ауданының тумасы. Мал шаруашылығымен айналысып, үлкен табыстарға қол жеткізді. «Жылдың ең үздік 100 адамы» тізіміне енді. Сырымның бұл салада айтар сыры мұнымен де таусылмайды.
Иә, босқа рәсуа болып, далада шашылып жатқан жүн-жұрқадан келер залал көп. Олар санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып, түрлі жұқпалы ауруларды  таратуы да мүмкін. Бостан босқа шашылып жатқан тері мен жүнді қарға-құзғын, егеуқұйрық ақтарып, одан сайын борсытып кетеді. Кей ауылдардың сыртында жатқан осындай керексіз шикізат сасып, қолқаны қабады. Сондықтан оларды босқа сасытпай өртеп жатқандар да бар.
– Менің атам Тайыш, баласы--менің әкем Жарас ғұмыр бойы мал бақты. Мен де ырзығымды осы саладан тауып келемін. Бала болсақ та білемін ғой, бұрын бір тал да жүн далада жатпаушы еді. Жекешелендіру басталғалы жүн мен теріні өткізетін мекеме не кәсіпорын таппаймыз. Сосын олар босқа шіриді, өртенеді. Қолы ұсынықтылар текемет басып алады. Киіз үйлеріне жабу, түңлік дайындайды. Кейде даланы кезіп делдалдар жүреді. Жүн мен теріні арзымайтын теңгеге бағалап, алып кетіп жатады. Оны қайда, кімге өткізетіндерін біз білмейміз. Алдымызға келіп тұрған соң  онсыз да түкке керегі болмай жатқан тері мен жүнді аяймыз ба, сұрағанына беріп жібереміз. Біздің облыста жүн, тері өңдейтін бір кәсіпорын болса, қыруар шикізат табылар еді ғой. Сонда еңбегіміздің жанғанын көріп, біз де марқайып қалар едік, –дейді Созақ ауданы, Құмкент ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мұхтар Тайышев. 
Түркістан облысында  былғарымен жұмыс істейтін шеберлер жеткілікті. Бірақ олар бұрынғыдай тері илеп жатпайды. Ал, өзімізде дайындалатын  былғарының сапасы төмен. Сондықтан олар былғарыны шетелдерден әкеледі. Тері өңдеу ісі Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде қарқынды дамыған. Еліміздің шеберлері мен сауда орындары тауарларды осы елдерден таситынын бүгінде көпшілік жақсы білсе керек. 
Түркияға жолыңыз түссе «таза теріден жасалған» деп айрықша белгі қойған киім-кешек дүкендерін аяқ басқан сайын кездестіресіз. Расында, әлемдік нарықтағы былғары импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі екен. Осы елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді. Шикізат болса-болмаса да Қазақстаннан тасылады. Біз жоғарыда бір терінің бағасы мың теңге ғана дедік. Осы тері өңделіп, дайын былғары күртеше не тон болғанда олардың бағасы қанша болады? Ішіңіз сезіп отыр.  Жағалы тонды қанша теңгеге сатып алып жүргенімізді білесіз. Қырғыз халқының 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен айналысады екен.  Сондықтан ба, ел Үкіметі жеңіл өнеркәсіп секторын барлық салықтан босатып, кәсіпкерлерге жақсы жағдай жасап қойған. Олар бүгінде Ресей нарығының 7 пайызын қамтамасыз етіп отырған көрінеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы  Айжан Қосбаеваның айтуынша, өңір шаруаларында 5 миллион 300 мың қой-ешкі бар. Жыл сайын 2 миллион тері, 7,5 мың тонна жүн өндіріледі екен. Осы шикізатты ұқсатып, өңдейтін болса, қаншама тон, пима, етік, кілем, алаша, текемет, сөмке, кеудеше, жұмысшылар күпісі, жылы киімдер, белдік, кездеме маталар, басқа да бұйымдар шығар еді. Алайда, біздің облыста тері-жүн өңдейтін кіші кәсіпорындар жоқтың қасы. Мәселен, Шардара ауданында «Оңтүстіккиіз» ЖШС атты мекеме бар. Жылына 10 тонна жүн өңдеуге қауқарлы бұл кәсіпорын жылына 3 тонна ғана жүн сорттай алады екен. Өйткені, құрал-жабдықтары көнерген.  Мамандары тапшы. Жаңа құрал-жабдықтар алуға мемлекеттен субцидия бөлінбей отыр. Бұл жағдай Сайрам ауданындағы «Леон» ЖШС-інің басында да бар. Құрал-жабдықтардың, мамандардың жоқтығынан бұл серіктестік жұмысын мүлдем тоқтатқан көрінеді.
Енді не істемек керек? Жүнімізді жұрқаға, терімізді терсекке айналдырып, қол қусырып қарап отыра береміз бе? Қыруар қаржыны желге ұшырғаннан гөрі оны өз игілігімізге жаратқанымыз дұрыс емес пе?! Әрине, дұрыс дейсіз. Ендеше, ендігі кезекте облысымыздан жүн-тері өңдейтін мамандандырылған ірі кәсіпорын ашқан жөн. Мамандар бұл үшін ең бірінші маман керек екенін алға тартады. Рас, мамансыз жұмыс ілгері баспайды. Бізде техникалық мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары жеткілікті. Мына көрші Жамбыл облысында жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлайтын институт болған. Ізі әлі де бар. Бәлкім сол мамандардан қалған жұрнақ бар шығар. Еліміздің басқа облыстарынан да мамандар шақыруға неге болмасын?!  Сосынғы міндет--дайын өнімді өткізу мәселесі. Біздегі базарларда бір ай тақсаң, үзіліп қалатын не созылып кететін белдіктер баршылық. Таза теріден жасалған белдік, сөмке, тон, басқа да бұйымдар неге өтпесін?! Мына көрші Тараз қаласынан күз, қыс айларында  пойызбен өтіп бара жатсаңыз, саудагер әйелдер қолдан илеп, июін қандырып, тобылғы ерітіндісімен бояп, әдемі пішінде тіккен тон, нымша, шолақ тон дегендерді жағалай сатып жүреді.  Қызығасыз. Бағасы да қолжетімді. Елордаға барған бір сапарымда мен де осы тонның бірін ала қайтқанмын. Бұлар шеберлердің, ісмерлердің қолдан жасаған бұйымдары. Ал, жоғары технологиямен әзірленген бұйымдар жерде қалмас деп ойлаймыз. Сондықтан, облысымыздың ендігі бір бренді жеңіл өнеркәсіп болуы тиіс. Бұған мақтаны қосыңыз. Жүн мен теріні құрылыс материалдары етіп пайдалануға да болады. Тек жолын, тәсілін  білу керек.
Жуырда Алматы қалалық дін істері басқармасының қолдауымен А. Чехов атындағы кітапханада Орталық мешітте діни сауат ашу курстарында білім алып жатқан қыз-келіншектерге арналған «Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз басу өнері» шеберлік сағаты өтті. Онда суыққа төзімді киіз үй жабуы, төсеніш ретінде пайдаланылған текеметтің пайдасы жан-жақты түсіндірілді. Киізден киім тігіп, кебеже, аяққап, тағы басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалғаны сөз болды. Ал, Шымкент қаласында әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен  «Алтынға бергісіз алаша» этнофестивалі өтіп, онда алаша тоқудың қыр-сыры үйретілді. Ұршық, оймақ, тоқтақ сияқты бұйымдардың атқарар рөлі көрсетілді. Этнофестивальге  Түркістан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстарынан, Елордадан қолөнер шеберлері келді. Ісмерлер алаша тоқудан шеберлік сабақтарын өтті. Осыған қарағанда халқымыздың қолөнер туындыларына деген сұраныстың жоғалмайтынына сенесіз.
Шүкір, қазақ даласы малдан кенде емес. Мыңғырған мал айдаған қазақ қоғамы оның барлық игілігін де көруі тиіс. 
Жуырда ауылға бардым.  Жандар  інім далаға сөкі үстіне дастарқан жайғызды. Келін сөкі үстіне текемет төсеген екен. Бояуы қанық текеметке қарап тұрып қалдым. Есіме білектерін түріп тастап, текемет басып жатқан аяулы аналарым, жайсаң жеңгелерім түсті. Көңілді бір сағыныш, бір мұң  кернеді...
Пікір қалдырыңыз