Ауыр жылдарды абыроймен еңсерген

Отырар ауданында тұңғыш колхоз басқармасының төрайымы болған Зүбайра Байырбекованың өмірі мен еңбегі туралы көзі тірісінде де бірнеше мақала жарық көрген болатын. Маяқұм ауылының төңірегінде дүниеге келген Зүбайраның еңбек жолы 1929 жылдан басталады. Осы кезеңде елде колхоз ұйымдастырылып, 1930 жылдың аяғында «Шәуілдір съезі» деген атпен үлкен жиын өтеді. Басқосуда халық біржола отырықшылыққа көшуге, колхозға бірігуге, Арыс өзенін бөгеп, Шәуілдір каналын қазуға шешім қабылдайды. Үкімет тарапынан да үлкен көмек беріліп, аудан көлеміндегі елді мекендерден халық жинала бастайды. 1930 жылы Зүбайра Байырбекова қазіргі Мөлке Шойманов (бұрынғы Сталинабад)  атындағы ауылға көшіп келіп, жоғарыда аталған жұмыстарға қызу кірісіп кетеді. Қазақ қызының қарапайым, кішіпейіл мінезі оны зор құрметке бөледі.           
Тынымсыз еңбекқорлығының арқасында З.Байырбекова 1935 жылы мақта өсіру звеносының жетекшілігіне жоғарылатылды. Ал, звено мүшелері аудан бойынша мақтадан жоғары өнім жинайды. Ел ырысын еселеуге, жердің берекесін арттыруға бір кісідей еңбек сіңірген Зүбайра апаның есінде 1935 жыл мәңгілік сақталып қалды. Ауылдағы ағалары мен апаларының ақ баталарын алып, осы жылы Мәскеу қаласындағы озат колхозшылардың Бүкілодақтық жиналысына барды. Жігерлі жастың еңбегі еленіп, лайықты бағаланды. Келелі кеңесте Зүбайраның омырауына «Құрмет белгісі» ордені мен «Қазақстанның 15 жылдығы» төсбелгісі тағылды. Алтын сағат және бағалы сыйлық алып, елге олжалы оралды. «Қажырлы еңбек қана тұшымды зейнетке жеткізеді».  Көп кешікпей Сталинабад колхозына екі автокөлік Мәскеуден арнайы жіберілді. Оның бірінің жүргізушісі Әбдіқадыр Досыбаев болды.
1936 жылы тамыз айында Зүбайра апа партия қатарына қабылданған соң, Алматыға озат еңбеккер ретінде мәжіліске шақырылды. 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Игі істерімен жұрт құрметіне бөленіп, ел өмірін жақсарту жолында тынымсыз күндер өткізген аяулы ана Зүбайра Байырбекова 1937-1938 жылдары мақта бригадирі, одан соң Шәуілдір ауылдық Кеңесінің төрайымы қызметін атқарып, Шәуілдір ауданының экономикасы мен мәдениетінің дамуына мол үлес қосты. Іске тиянақты, ұйымдастырушылық қабілеті мықты екенін аңғарған басшылар Зүбайра Байырбекованы 1942 жылы «Қоғам» колхозының төрайымы етіп сайлайды. Бұл кезең (1942-1950 ж.ж.) Ұлы Отан соғысы мен халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, оның мойнындағы жауапкершілік жүгініңқаншалықты ауыр болғандығы айтпаса да түсінікті еді. Ел басына күн туғанда қарттар, қыз-келіншектер, бала-шаға күрделі міндеттерді абыроймен атқарып, майданға азық-түлік пен жылы киімдер жіберді, қажетті өнімдермен жабдықтап отырды. Осы жылдардағы қажырлы еңбегі мен шебер ұйымдастырушылық қабілеті үшін 1948 жылы партия мен өкімет Зүбайра Байырбекованы Ленин орденімен марапаттады. 1940, 1948, 1949 жылдары Зүбайра апа облыстық партия комитетінің мүшелігіне сайланды. 1963 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, өмірінің соңғы күндеріне дейін ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласты.
Халқымызда «Жақсылардың кеудесі – алтын сандық» деген сөз бар. Ол адам жанының саф алтындай асылдығы мен биік адамгершілік иесі екендігін меңзегені болар. Елге сіңірген еңбектері елеусіз қалмай, есімі Арыс баспасынан шыққан «Отырар энциклопедиясы», «Шежірелі Отырар» кітаптарына енгізіліп, ол туралы мақалалар облыстық, аудандық газеттерде жарияланды. 
Зүбайра Байырбекованың өмір жолына қысқаша көз жүгіртсек, қилы кезеңде халықтың қамын ойлап, ер азаматтың рөлін атқарған аяулы ананың өр тұлғасын танығандаймыз. Елі мен ұрпағына адал болып туған, туған жеріне қалтқысыз қызмет етіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан  Зүбайра Байырбекованың есімі халқымен бірге жасай береді.
 
Ақлима ЖҰМАШОВА,
«Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК бөлімінің меңгерушісі.

Пікір қалдырыңыз