Шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін қандай талаптар қойылады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырған болатын. Осыған орай Ішкі істер министрлігі көліктерді тіркеу үшін қандай талаптар қойылатынын жария етті. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы тіркеу және утилизацияға жіберу үшін төлем құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге азаматтарға әкелінген шетелдік автокөліктерін өздері үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізуде, сондай-ақ, оны жүргізу тетіктері әзірленіп жатыр» делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында. 
2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген барлық көлік құралы бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталды. Мұндай автокөліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды. 
«Биылғы 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, рулі оң жақта орналасқан, сондай-ақ, тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастыруға жатпайды» делінген хабарламада. 
Сондай-ақ, «криминалдық» автокөлікті тіркеуден өткізбеу мақсатында көлік туралы ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылатын 
болады.
Пікір қалдырыңыз