АЛЫПТАР АЛАСАРМАЙДЫ

Ұрпағың да, өзің де  ұялмайтындай ғұмыр кешу адамзаттың ең асыл мұраттарының бірі болса керек. Мен білетін, тен таныған Асанбай Асқаров дәл осындай ғұмыр кешкен тұлға еді. Сондықтан да, туралықты ту еткен адалдығымен, биік пайым-парасатымен, кісілік келбетімен, іскерлік болмысымен ұстаз болған абзал адам жайлы қалам тербеуді өзімнің азаматтық һәм шәкірттік борышым деп білдім.

Бірінші хатшыға көмекші болдым

Асанбай ағамен жақыннан қалай танысып-біліскенім әлі күнге көз алдымда. Ол кезде отыздан енді асып, жалын атып тұрған кезім. Алматы ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріп, біраз жыл Бөген аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, одан соң аудандық партия комитетінде қызмет атқарып, аз-кем ысылып үлгерген жас маманмын. Бала кезден жұмысты жауапкершілікпен әрі тыңғылықты істеп үйренгенмін. Осы тәртібіме басшылықтың назары ауса керек, мені облысқа қызметке ауыстырды. Осылайша облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып қызметке орналастым. Жоғарыдағылардың болашағы бар жас маман деп сенім артуы мені  қанаттандырды. Өзіме жүктелген міндеттерді жүгіріп жүріп орындаймын. Шаршау дегенді мүлде білмейміз. 

Бір күні облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Г.Давыдов кабинетіне шақырды.

– Жеңісбек, біз өзара ақылдасып, сенің өмірбаяныңды, білімің мен біліктілігіңді әбден сараптап, елеп-екшеп, бір қорытындыға келіп отырмыз. Сені бірінші хатшыға көмекші етіп бекітпекшіміз. Қазір үлкен кісінің алдына кіреміз. Қолымнан келмейді, істей алмаймын деп қарсылық білдіріп жүрме, ұят болады. Кеттік, – деді.

Мұндай ұсынысқа қапелімде не айтарымды білмей қалдым. Әдетте, облыстың бірінші басшысының қасына жақындай бермейміз ғой. Үлкен кісінің көмекшілері бар, біз бер жақтағы кішкентай ғана қызметкерміз. Жоғары лауазымды тұлғаның көмекшісі болу деген үлкен дәреже емес пе?! Осындай ойларды едел-жедел електен өткізіп, оны ақылға  сыйғыза алмай өз ойыммен алысып, қабылдауға да кірдік.

Асекең бізді жылы шыраймен қарсы алды. Емен-жарқын әңгімелесіп, өмір жолымды қысылмай айтып шығуға мүмкіндік берді. 

– Әкем Мәуленқұл Жолымбеков – Ұлы Отан соғысының майдангері. Ұрыстан жараланып келген соң ауылда, колхозда жұмыс істеп, өмірден ерте өтіп кетті. Ол кісі қайтыс болғанда небәрі бір жаста болыппын. Ағам екеуміз анам Қызбаланың қолында тәрбиелендік. Анам да колхозшы болды. Мектепті бітірген соң жоғары білім алдым, – дедім әңгімемді қысқа қайырып.  

Мені асықпай тыңдаған Асекең қасындағы екінші хатшыға:

– Әкесіз өскен балалар талапшыл, намысшыл, басқаларға қарағанда өмірге бейімделіп өседі. Өмір ерте есейтеді. Сондықтан бұл жігіт көмекші болуға әбден лайық деп ойлаймын, – деді.  

Осылай Асанбай Асқаровқа көмекші болып бекітілдім. Жұмыс қызып жүре берді.


КАБИНЕТТЕ КҮЙБЕҢ ТІРЛІКПЕН УАҚЫТ ӨТКІЗБЕЙТІН

Сөз жоқ, Асанбай ағаның бойында көшбасшылық қасиет болды. Аудан басшыларымен, ірі өндіріс орындарының жетекшілерімен кездескенде төбедей болып отырып, орынды пікірмен баурап алатын. Үлкен жиындар мен басқосуларды өткізу мәдениетінің өзі ерекше еді. Мәселені талқылауы қандай десеңші! Жайымен, асықпай, баппен сөйлеп, әр мәселенің шешу жолдарын бойыңа сіңіріп, көкейіңе құйып беретін. Стол тоқпақтап айқайлау, орынсыз талап ету, болмайтын нәрсені қайтсең де болдыр, айттым – бітті, кестім – үзілді дейтін үстемдік ол кісінің табиғатына жат еді. Жұмыстың жайын талдап-таразылап, ертеңгі міндетті айқындап, күрмеуі қиын деген тірліктің шешу жолдарын көрсетіп бергенде жұмыс істемей көр! Асекеңнің алдынан, үлкенді-кішілі жиналыстарынан басшылар ерекше жігермен, тың құлшыныспен шығып жататын. Қарамағындағыларды орнымен жұмыс істете білу тәсілі деп осыны айтады.

Жұмыс ретіне қарай аудан-қалаларды аралаймыз. Егіспен шұғылданатын шаруашылықтардың жай-күйін бес саусақтай білетін. Мәселен, бидай алқабына барса, бір шаршы метр жердің өсіп тұрған сабағын орғызып алады. Масақтағы сүттеніп тұрған дәнді үгітіп тұрып, ерінбей санайды. Гектарға шаққанда қанша болатынын есептеп шығарып, «ертеңгі күні бір гектардан пәлен центнер өнім алады екенсің» дейтін-ді. Шынында да Асекеңнің болжамы дәл шығып жататын. Кейбір басшылар секілді «ана жерің неге су ішпеген, мына жеріңді жөнді жыртпағансың» деп байбалам салып отырғанын көрмеппін. Басқа дақылдардың жайын да осылай жетік біліп, шығысы мен кірісін дәл есептейтін.  Кемшіліктер болса оны жөндеудің жолдарын салмақпен айтып, нақты тапсырмалар жүктейтін. Орынды ескертуінен, дұрыс түсіндіруінен соң облыстағы сала жетекшілері, қала, аудан басшылары да сілкініп, жанын сала жұмыс істеуші еді. 

Қай салаға барса сол саланың майталман маманы сияқты әңгіме өрбітіп, мәселені талқылап, ақылдасып отырушы еді. Асекеңнің бір өзі керек кезінде экономист те, мәдениет пен руханият саласының жанашыры да, тарихтың терең білгірі де, талқыланып жатқан тақырып білім саласы болса, педагог-ұстаз да болып кете беретін. Осы салалардың барлығын да терең білім, мол тәжірибемен игерген іскерлігіне таң қалатынбыз. Алдағы 3-4 жылдың жоспарын, сол кездерде жүзеге асырылуы тиіс тірліктерді алдын-ала болжап, соған нақты міндеттерді айқындайтын. Кабинетте, жайлы жерде отырып, күйбең тірлікпен уақыт өткізу Асекеңнің табиғатына жат еді.

Асанбай Асқаров біздің облысты 1978-1985 жылдар аралығында басқарды.  Ол кісінің басшылығымен Шымкент қаласында мемлекеттік жоспардан тыс бірқатар нысандар ел игілігіне берілді. Дендросаябақ, зообақ, балалар теміржолы, ипподром сияқты әлеуметтік нысандарға мемлекеттің қазынасынан арнайы ақша бөлінген жоқ. Облыс орталығы мен қалаларында сол кездері  177 өнеркәсіп орны, басқа да ірілі-ұсақты өндіріс орындары жұмыс істеп, жоспарды артығымен орындап отырды.  Әлеуеті зор кәсіпорындардың табысынан түскен қаржының бір бөлігімен-ақ жоғарыдағы нысандар салынып, дүйім елдің ағылып баратын орындарына айналды.


МҰНДАЙ ДЕНДРОБАҚ ҚЫРЫМ МЕН ГРУЗИЯДА ҒАНА БОЛДЫ

Асанбай Асқаровтың облыс орталығын күнделікті таң атпай аралайтын қалыптасқан дағдысы бар-ды. Бір күні тұманды қалаға қарап тұрып Шымкенттің өкпесін зауыт-фабрикалардан шыққан түтін қысып барады, қалалықтарға тыныстайтын ауа керек, үлкен бақ қажет деген-ді. Шымкент қаласының шетіндегі қоқыс төгілетін алаңды тазартып, кәдеге аспай жатқан 140 гектар аумаққа дендробақ салу идеясы осылай туған. Оның 15 гектарына ағаштың аса бағалы түрлері отырғызылды. Еуропа, Америка, Орталық және Шығыс Азияда өсетін ағаш көшеттері әкелінді. «Еге білсең тасқа да егін шығады» дейтін нақылдың айқын дәлелі деп осы саябақтағы еңбекті айтсақ жарасады. Басында кейбір кертартпа пиғылдағы адамдар қымбат бағалы, экзотикалық ағаштардың Шымкентте өсетініне сенген жоқ. Бірақ, жерге шаншыған сол шыбықтардың барлығы дерлік құтайып, жапырақ жайып шыға келді. Мұндай дендробақ ол кезде КСРО бойынша Қырым мен Грузияда ғана бар еді. 

Зообақ туралы да мақтанып айтатын әңгіме көп. Қазақстан бойынша Алматы, Қарағанды және Шымкент қаласында ғана хайуанаттар бағы бар екенін жұртшылық жақсы білсе керек. Бүгінде  Шымкент қаласындағы үлкен зообақ мемлекеттік бағдарламамен, оның ішінде пәлен миллион қаржыға алаулатып-жалаулатып салынғандай көрінетін шығар. Мүлдем олай емес. Бүгінгі ұрпаққа бұл мәдениет орындары Асанбай Асқаровтай алып тұлғаның жеке бастамасымен, мана айтқанымыздай тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптердің қаржысымен салынғанын айтып, ұғындырып отыруымыз керек. Бос жатқан жерді игеріп, мәдени қалыпқа келтіру, инфрақұрылым тарту оңай болған жоқ. 

Балалар теміржолы кәсіптік-техникалық училищенің оқушылары тәжірибеден өтетін, мектеп оқушыларының кәсіптік бағдар алатын орнына айналса, ипподром ат спортының дамуына серпін берді.  

Бұлардың бәрі жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік жоспардан тыс салынған әлеуметтік нысандар. Ал, арнайы бағдарламамен салынған дүниелерге келсек, Асекең басшылық жасап тұрған жылдары Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауыты, шетелдік техникамен салынған шина шығаратын зауыт, облыс орталығының шырайын арттыратын көпқабатты зәулім тұрғын үйлер, осындай ірі өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды жарықпен, жылумен қамтамасыз ету үшін №3 жылу-электр орталығы пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында Келес массиві игерілді. Қызылқұм массивіндегі дәнді дақыл алқабының көлемі ұлғайды. Облыс көлемінде ірі-ірі құс фабрикалары салынып, халықтың игілігіне жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер, мал өнімдерінің көлемі бірнеше есеге артып отырды.


ҚЫЗҒАНЫШ КӨБЕЙІП, КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ

Сексенінші жылдардың ортасында орталықтың тапсырмасымен болған дүрбелең күллі қазақ халқына күйе болып жағылғаны баршаға аян. «Кіші 37» деп аталған сол солақай саясаттың ақыры елімізге үлкен нәубет боп келді. Ұлтқа ұстын болған тұлғалар – Дінмұхамед Қонаев орнынан алынды, Асанбай Асқаров түрмеге қамалды. Осындай зобалаң сәтте Асанбай ағаға қалай тергеу жүргізіліп, қалай жала жабылды – бәріне де куә болып, басы-қасында жүрдім. Әсілінде, Асқаров атқарған ауқымды жұмыстар республика емес, Одақ көлемінде үлгі болып, абырой-атағы аспандап тұрғанына қызғанышпен қарайтындар аз болмаған. Қайта құру басталғанда сол көреалмаушылық шегіне жетіп, неше түрлі арыздар Мәскеуге қарай ағылып берді. 

Әлі есімде, бір күні маған бір азамат келіп, оңаша сөйлесу керек екенін жеткізді. Ол жігіт біздің облыстағы бір басқарманың бастығы еді. Өзі жақында жұмыс бабымен Мәскеуге барып келген.

– Жақа, айтсам сенбейсің ғой, бір қолайсыз жағдайды құлағыммен естіп, көзбен көріп келдім. Мәскеудегі «Северный» мейрамханасын білесің ғой, іссапарға барған сайын сол жерге жайғасамыз. Сол жерде біздің осы облыстан барған бір топ адам Асекеңнің үстінен арыз жазып жатыр екен. Олар мені байқады ма, байқамады ма білмеймін, бірақ менің анық көзім жетіп отыр. Қағаздары жерде шашылып жатқанына дейін көрген адамдар бар. 

– Арыз жазушылар кімдер екен сонда? – дедім.

– Кілең мен деген «мықтылар», – деп олардың аты-жөндерін айтып берді. 

Бұл жайды Асекеңе ескертіп үлгермей-ақ Мәскеуден бір топ адам сау ете қалды. Қабақтары қатулы, үлкен шенді тергеушілер Асанбай ағаның кабинетіне аппараттағы барлық бөлім меңгерушілерін шақырып алып, Орталық Комитеттің тапсырмасына сәйкес арыз бойынша тексеру жұмысымен келгендерін мәлімдеді де, топ жетекшісі:

– Сіздер бәріңіз боссыздар, жұмыстарыңызға бара беріңіздер. Тек мына жігіт қалсын. Осы азамат арқылы керекті кісілерді шақыртып аламыз, – деп жұртты таратып жіберді. 

Тергеушілердің алып қалған  жігіті мен едім. Содан 15 күн бойы тапжылмай, керекті кісілерден сұрақ-жауап алумен болды. Шақыр деген адамын шақырып беремін. Оларға қойылып жатқан сұрақтарын естіп-көріп отырамын. Пиғылдары бөтен, беталысы сұмдық енді. Асанбай ағаға барып, қаупімді жеткіздім.

– Аға, мыналардың ойы жаман. Арнайы тапсырмамен сізді кінәлі етіп шығару үшін келіп отырғаны байқалады, – дедім. Асекең қорыққан да жоқ, үріккен де жоқ. Қолын бір сілтеп,

– Тексерсін, көрсін. Ішіп-жеп қойған ештемем жоқ. Несіне қорқамын?!

– Сонда да аға, бір әрекет жасасаңызшы, – дегеніме,

– Сен алаңдамай жұмысыңды істей бер, айналайын. Уайымдама,  маған ештеңе болмайды, – деді. 

Ағаның сенімді, мығым сөзінен кейін менің де көңілім жай тапқандай болды. Расында да, облыстың барлық саладағы көрсеткіші жоғары деңгейде, Асекеңнің мүлт кеткен жері жоқ. Несіне қорқады деп бойымдағы қобалжудан арылдым.  


ЖАЛА МЕН НАЛА

Арызқойлардың таққан айыптары ақылға сыймайтын фактілер еді. Мемлекеттік жоспарда жоқ дендробақ, зообақты салуға кім рұқсат берді, ол  қандай қаржыға салынды дейді. Бейнебір осы нысандарды Асекең өзінің жекеменшігі үшін салып, қазынаның қаржысын желге ұшырған сияқты айыптаулар. 

Бірақ, Мәскеудегі билікте отырғандарға Асекеңді қаралау үшін арыздың жазылуының өзі жеткілікті еді. Бой түзеген нысандар халықтың игілігі үшін салынған деген жауапқа олар бас қатырған жоқ. «Айдаладағы қазақ деген халыққа мұндай демалыс орындары неге керек? Қазақ деген жуас халық, тек атша бас шұлғып, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істей беру керек. Басқа елдермен иық теңестіріп, жақсы жерде демалуға, мәдениетті өмір сүруге, жарқылдап жүруге  болмайды». Біз Құдайдай сенген, КСРО деген алып державаның басында отырып, халықты коммунизммен жарылқайтын орталық көсемдерінің қазақ туралы ойларының сиқы осындай еді.   

Тергеушілердің Асекеңе таққан тағы бір айыбы – басшылық қызметке тек руластарын жинайды деген шағым. Бұл да дәлелін таппаған жалған ақпарат. Асанбай Асқаров кадр таңдағанда еліне, жеріне, руына қараған емес. Кімнің қолынан іс келеді – сол азаматқа сенім артып, жұмыс берді. Сөзім дәлелді болу үшін басқарма, өндіріс орындарындағы басшыларды айтпай-ақ, аудан мен қалаларды басқарған азаматтардың атын атап, мысал келтірсем болады. Асекең облысты басқарған жылдары Исмат Тұрсынқұлов, Орынбай Рахманбердиев, Омарбек Нұржанов, Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, Тасанби Тоқбергенов, Нұриддин Балқияев, Әсембек Қаныбеков, Ұланбек Арғынбеков, Досыбай Шерімқұлов, тағы басқа да азаматтар  әр аймақта басшылық қызметтер атқарды. Бұл жігіттердің барлығы бір атаның немесе бір жүздің емес, қырық рудың азаматтары. Оларды Асекең өзінің ақыл-парасатымен байыпты басшы, іскер азамат етіп тәрбиелей білді. Бұл жерден қандай рушылдық көрініп тұр?

Сол жылдары мені қатты шошындырып, түңілдірген – адамдардың екіжүзділігі болды. Асқаровты жаппай қаралап, жалған куәлік берушілер жағамды ұстатты. Көптеген басшылар «мен пәлен пара бердім», «менен түген сыйлық талап етті» деген сияқты адам айтса сенбейтін сөз айтып, жала жауып жатты. Бұларға не болған, кеше ғана бірінші хатшының алдында шапқылап жүрген жандар еді ғой деп жаным күйзелді. Асекеңе пара бермек түгілі, оның қасына жақындауға қорқатын адамдар қарақан бастары үшін өтірік ақпар беріп жатты. Бірақ, ешқайсысының дәлелі жоқ. «Әй, естеріңді жисаңдаршы, қайда кетіп барасыңдар, ар-ұяттарың қайда?» деп айтатын бір адам болмады.  

Қиын-қыстау кезде азаматтық ұстанымыма барынша адал болуға тырыстым. Әйтпесе, тісқаққан тергеушілердің мың түрлі айла-шарғыларын көрдім ғой. Сертімнен айныған жоқпын. Ал, айдың-күннің аманында қара басып, адал азаматты жаманатты етіп көрсеткен міскіндер кейіннен Асекеңнің басынан қара бұлт сейілгенде қасына тағы үймеледі. Айтарға сөз таппайды екенсің.     

Жабылған жаланың ешқайсысы дәлелденбесе де Асанбай Асқаровты қызметтен босатып тынды. Ол кісі Алматыға кетіп қалды. 


БАС ХАТШЫНЫҢ ҚҰЙТЫРҚЫЛЫҒЫ

Арада бірер күн өткен соң маған телефонмен хабарласты.

– Жеңіс, амансың ба, айналайын. Мен Шымкентке бармай-ақ қояйын. Сен менің материалдарымды ал да, Мәскеуге ұш. Сол жақта кездесеміз. Жұмыстан шыға аласың ғой? – деді Асекең.

– Мақұл, аға, жұмыстан сұранып шығамын, – дедім  даусын естіп қуанып кеткен мен.

Мәскеуге мұнан бұрын да бірге көп баратын едік. Асанбай Асқаров КОКП Орталық Комитетінің құрамында 22 жыл пленум мүшесі, 23 жыл бойы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болған адам. Соның 15 жылында жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның және мандат комиссияларының төрағасы болып жұмыс істеді. Терең білімін, саяси сауаттылығын Орталық Комитетте отырғандар түгел мойындайтын. Одақтың тағдырына қатысты келелі кеңестердегі оның айтқан ой-пікірлеріне  барлығы құлақ асып, санасатын. Сондықтан болар ұзақ жылдар бойы осындай жауапкершілік артылғаны. Әйтпесе, Одақ көлемінде мен боламын дейтіндер толып жатыр ғой.

Мәскеуге баруға облыстағылар рұқсат бергенімен, Қазақстанның Орталық Комитетінде отырғандарға бұл ұнамады. Асекеңнің әр басқан қадамын аңдып отырғандар Мәскеуге барып келген соң «жұмысты тастап неге барады?» деп маған тиісті. Ақырында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы В.И.Николаев «Мәуленқұлов менің тапсырмаммен Мәскеуге барып келді. Жауабын өзім беремін» деп өзеуреп отырғандарды тоқтатты.

Сонымен айтылған уақытта Мәскеуде  кездесіп, Кремльге бірге бардық. Бас хатшы Михаил Сергеевич Горбачевтің қабылдауында болған Асекең көңілденіп шыққандай болды. Асанбай ағаның қайраткерлік қарым-қабілетін Орталық Комитет мүшелерімен қатар Бас хатшы да жоғары бағалайтындай көрінетін. Горбачев те, одан бұрынғы Бас хатшылар да Асекеңнің елге сіңірген еңбегіне жоғары баға беріп, лайықты құрмет көрсететін.  

Қазақтың қайсар ұлын Бас хатшы құшақ жая қарсы алып, «Как дела? Как работа?» деп жағдай сұрайды.

– Қандай жұмысты сұрап тұрсыз, Михаил Сергеевич? Мені жұмыстан босатқан жоқ па? – дейді Асекең.

– Как это так? – дейді түк білмегендей мәймөңкелеген Горбачев Асекеңнің көзінше Қонаевқа телефон шалады.

– Асанбай Асқарович менде отыр. Оған заңды түрде сатып алу үшін көлік беріңіз, мүмкін болса қызмет беріңіз, – деп тапсырады. Одан басқа да бірқауым уақыт сөйлеседі.

Горбачевтің қитұрқылығын, осы істердің барлығы да соның айтқанымен болып жатқанын Асекең жақсы білді. Десе де, Бас хатшының алдынан жеңілдеп шыққандай көңіл-күй көрсетті. Қонақүйге келіп, шайландық. Зайыбы Фатима апай да барған еді. 

– Бәрі жақсы, қам жемеңдер, – деп біздің күпті көңілімізді жұбатқандай болды. Жақсы хабарды естіп апай да, мен де қуандық. Көңіліміз көтерілді. 

 Асқаров хатшылықтан босағанымен, депутат болатын, ертеңіне Жоғарғы Кеңестің сессия жұмысына қатысты. Сессия жұмысынан соң тағы да біраз шаруаларын бітіріп, елге қайттық.


ТҮПКІ МАҚСАТ ҚАЗАҚТЫҢ САҒЫН СЫНДЫРУ ЕДІ

Елге келген соң Асанбай Асқаровқа ешқандай қызмет берілген жоқ. Арада біраз уақыт өткенде Асекеңнің Шымкенттегі үйін көшіріп алып кетуге Алматыдан балалары келетін болды. Естіп-біліп отырса да  біз жақтан ешкім тырп етпеді. Ертеңіне барып, таңертең Алматыдан келген пойыздан ағаның балалары мен жиендерін күтіп алдық та, тіке Ташкентті аралап келу үшін көлікке отырғызып, шығарып салдық. «Ешқандай алаңдамай, ойнап-күліп, көңіл көтеріп қайтыңыздар. Бұл жақтағы шаруаны өзіміз реттейміз» дедік.

Содан екеулеп жүріп үйді көшіріп баратын жүк көлігін іздеп сабылайық. Ана мекемеге хабарласамыз, мына мекемеге хабарласамыз, бірде-бір басшы көлік бермейді. Ат-тондарын ала қашып, мың түрлі сылтау айтады. Зығырданымыз қайнап кетті. Кешегі ләббайлап тұратын жандайшаптар бүгін теріс айналып жатса қайтіп күймейсің?! 

Бір автокөлік мекемесін басқаратын Жоколаев деген шешен жігіті бар еді, сол «мен беремін, қанша көлік болса да» деп азаматтық танытты. Атасына рақмет! Түрлі тексеруге түсіп ысылғанбыз, ертең бәле болып жүрмесін деп автокөліктердің жол жүру құнын төлеп, түбіртекті Асанбай ағаның жиенінің атына жаздырдық. Яғни бәрі заңды болды. Үйіндегі заттарды жүк көлігіне артып, сол машинамен бірге Алматыда заттарды түсіріп алуға баратын  жігіттерді де дайындап қойдық. «Барған соң тура осындай тәртіппен заттарды түсіріп, үйге әдемілеп жинап бересіңдер» деп тапсырдық. Осылай оңтүстіктен екі көмекші жігіт Асанбай ағаның дүние-мүліктерін жолға шығарып салдық. Кешке Тәшкенге кеткен қонақтарымызды күтіп  алып,  Алматыға шығарып салдым. «Заттың бәрін машинаға артып жібердік. Асанбай ағаға дұғай сәлем айта барыңыздар» деп сыр білдірмей қоштастық. Пойыз қозғалып кеткенше қол бұлғап қарап тұрдым. Көзден ғайып болғасын ішімде тығылып тұрған өксік ытқып сыртқа шықты. Асекеңнен теріс айналған адамдарға деген ыза бар, ол кісінің жазықсыз істі болғаны бар, соның бәрі шер болып кеудемді қысып тұрған еді. Жанардан сорғалаған жасымды тоқтата алмадым...  

Асекең сотталып жатқан кезде қандай да бір әрекет істеу үшін жүгіріп жүрдік. Сайрам ауданына қарасты «Победа» колхозының төрағасы орыс ұлтының өкілі еді. Сол жігіт арқылы адамдарды ұйымдастырып, Асекеңді қоғамдық қолдау комитетін құрдық. 

Одан ары қарайғы оқиғалар белгілі ғой. Қонаевты орнынан алған соң жастар алаңға шықты. Желтоқсан оқиғасы мызғымай тұрған Одақтың күйреуінің бастамасы болды. Асанбай Асқаровқа ендігі кезекте осы желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды, ұлтшыл деген жала жабылды. 65 жастағы қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың елге жасаған еңбегіне де, жасының ұлғайғанына да, денсаулығына да қарамастан аса қауіпті адам ретінде тұтқындады. Жасамаған кінәсін жасадым деп мойындату үшін Калиниченко деген тергеуші бастаған топ іс жүргізді. Қазақтың қайсар ұлының сағын сындырамыз деген әпербақандардың ойы бәрібір іске аспады. Қанша азап пен қорлық көрсе де Асекең тағдырдың тәлкегіне қасқайып қарсы тұрып, ешбір айыптауды мойындамады. 


ТЕК ҚАЗАҚТАР ҒАНА ЕМЕС, БАУЫРЛАС ЕЛДЕРДІҢ ЗИЯЛЫЛАРЫ ДА АСАНБАЙ АҒАҒА АРАША СҰРАДЫ

Асекеңнің ел басқару ісінен бөлек тағы бір қабілеті  ақындық, жазушылық өнері еді. Түрмеде отырған кезінде қазақтың өлеңдерінен басқа орыстың, қырғыздың классик ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, қасында отырған азаматтардың көкірек көздеріне сәуле құяды екен. Сонымен қатар дүние жүзінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін көп оқып, зерттеген адам еді. Кез келген деңгейдегі адамдармен, мейлі ол үлкен лауазымды басшы болсын, қарапайым шаруа кісі болсын, ұлтына, тегіне қарамай тең дәрежеде пікірлесіп, әңгімелесіп кете беретін. Оған өзім куә болған мына жәйтті айтсам да болады.

1982 жылы КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежнев қайтыс болып, оның жерлеу рәсіміне барлық елдің басшылары шақырылды. Ауғанстан Республикасының президенті Бабрак Кармаль осы қаралы жиынға бару үшін Мәскеуге жолға шыққанда ауа райы қолайсыз болып, ұшағын уақытша қондыруға мәжбүр болады. Оның ұшағын Ташкент әуежайы қабылдамай, Шымкентке қонуға тура келеді. Мәскеуден шұғыл түрде тапсырма келіп, Ауған елінің басшысын күтіп алуды Асанбай Асқаровқа міндеттейді. Асекең Бабрак Кармальді күтіп алып, арнайы дәм татқызды. Екеуі үш-төрт сағат жай отырып әңгімелесті. Бірқауым уақыт өткенде Кармальдің оққағарларының бірі «мына кісі не деген білімдар, үш сағаттан бері Ауғанстанның тарихын бүге-шігесіне дейін айтып, пікірлесіп отыр» деді. Әрі сүйсініп, әрі таңғалып айтты. Олар жым-жырт, үн-түнсіз отырып уақыт өткіземіз деп ойлаған ғой.  Бұл туралы Мәскеуге барғаннан кейін Бабрак Кармальдің өзі де «Оңтүстікте Асанбай Асқаров есімді азаматпен таныстым. Өте мәдениетті, жан-жақты, терең ойлы азамат екен. Біздің ел жайлы өте құнды мәліметтер, тарихи деректер айтты» деп риза болады.

Жетпіс жылдан аса уақыт өмір сүрген алып державаның да шаңырағы шайқалып, құрдымға кетіп тынды. Түрмеде тергеуде отырған Асанбай Асқаровқа желтоқсан оқиғасын ұйымдастырды деген жаланың ендігі жерде ешқандай мәні де, қисыны да болмайтынын Орталық Комитетте отырғандар түсінді. Сөйтіп, бізбен түбі бір туысқан қырғыз ағайындардың қолымен от көсеу үшін Асекеңнің ісін Қырғызстан сотына қарауға жіберді. Асекеңе араша түсу үшін бұл кезде қазақ зиялылары  Әбілда Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова бастаған ақын-жазушылар, басқа да көптеген азаматтар, оның ішінде бірнеше ұлт өкілдері бас көтеріп шықты. Тек қазақтар ғана емес, бауырлас елдердің зиялылары да Асанбай ағаға тілектес, ниеттес болып араша сұрады. Алты алаштың баласы өзінің текті ұлына осылай қолдау көрсетті. Ақыр соңында әділдіктің, ақиқаттың ақ туы желбіреп, Асанбай аға толық ақталып шықты. Оған мың тәубе айттық.

«Өсиеттей өлмейтін сөзім қалса» деп Асанбай аға арзу еткен екен. Өлмейтін сөзі де, өшпейтін ісі де соңында қалған Асекең шын мәнінде бақытты адам.  Қандай заман болса да, қанша уақыт өтсе де алыптар аласармайды. Олардың асқақ тұлғасы биіктей бермек.


Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, 

«Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, 

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз