Қарапайым Қонаев

Пернебай САПАР, «Ońtústik Qazaqstan».

 1981 жылдың 15 шілдесінде қазіргі Бәйдібек, сол кездегі Алғабас ауданына Дінмұхамед Қонаев келген. Тұтас республиканы басқарып отырған Димекең сол сапарында шопандармен, механизаторлармен сөйлесіп, тұрмыс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік мәселелеріне көбірек көңіл аударыпты. Со сапарда ол кісімен бірге отырып, дастарқандас болған жандардың бірі – Көктөбе ауылының тұрғыны Пердешбай Айтуаров. 

– Менің әкем Дөңбай еселі еңбегінің арқасында кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін тағып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған кісі. Біз жеті ағайынды едік, әкемнің таяғын мен ұстап қалдым. Ол кісіден көргенім, үйренгенім бар, мал бағудың қыр-сырын жақсы білетін едім. Адамның адал асы адал еңбегімен келеді деген әке өсиетіне адал болдым. Сол еңбегімнің арқасында Алматыда, Мәскеуде өткен партия съездеріне қатыстым. Біраз жетістіктерге жетіп, мақтау, марапаттауды да көрдік. Мен сол жылдары жүз қойдан жүз елуден төл алып жүрдім.
Ол жылдары Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу туралы мәже белгіленген еді. Бір күні мені аудан басшысы Қойшыбай Әріпбаев шақыртты. Айтылған уақытта барсам, Қойшыбай ағамыз: «Пердешбай, ауданымызға Қонаев келе жатыр. Сол кісіге сенің отарыңды көрсетеміз» деді. Өзара әңгімемізде сыйлы қонақты қалай күтіп алу жайын сөз еттік.Сонымен жол бойына киіз үй тігіп, қонақты қарсы алуға әзірлендік. Республика басшысын былай қойғанда, үйіңе алыстан қонақ келіп қалса да, көңілінен шығу үшін барыңды саласың ғой. 
Димекеңе арналған дастарқанды анам Ұлған мен әйелім Рая әзірледі. Кәдімгі қазақтың құрты мен майын, ірімшігі мен жентін әзірлеп, қара қозының етін былқылдатып асып бердік. Ауданнан СЭС-тің мамандары келіп, арнайы көріп кетті. Басқа ешкім мазалаған жоқ.
Бір риза болғаным, Қонаев ақсақалдың тым қарапайымдылығы еді. Қазіргі кейбір басшылар секілді алдында, артында шұбырып жүрген көліктер жоқ. МАЙ-дың жол бастап келген бір көлігі болмаса, басқа артық көлік көрінбеді. Сөйтіп облыс басшысы Асанбай Асқаровпен бірге өзіміз әзірлеген дастарқанда еркін отырды. Ас үстінде Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров, аудан басшыларынан Қойшыбай Әріпбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Рахматулла Момбеков болды. Дастарқан басында Димекең менің жай-жағдайымды сұрап отырды. «Саған не керек? Жағдайың жақсы ма?» деп бастап денсаулығыма дейін сұрады. Ол кезде, Құдайға шүкір, жағдайым жақсы еді. Артық ештеңе сұрай қоймадым. Біраз отырып, дәм-тұзымызға ризашылығын айтып, қайтып кетті. Ал, біздің ойымызда сол күндердің әдемі естелігі қалды, – дейді Пердешбай Айтуаров аға.
Пердешбай Айтуаров – бүгінде зейнеткер. Жұбайы Рая екеуі төрт ұл, бір қыздан 22 немере сүйіп отыр. Жеке шаруашылығы бар, үлкен ұлы Сәбит мал шаруашылығын, екінші ұлы Бауыржан егістік жағын басқарады.
– Балаларыма шаруашылықтың қыр-сырын үйретіп, өзім бас-көз болып қадағалап жүремін. Әкемнен алған тәлім-тәрбиемді балаларыма үйретіп келемін. Бүгінде қой бағатын адам табу қиын. Сондықтан қарапайым еңбек адамының тұрмыс-тіршілігіне, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына ерекше мән берген дұрыс, – дейді Пердешбай Айтуаров.
Пікір қалдырыңыз