Жалпыұлттық жоспар әзірленеді

ҚазАқпарат. Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып саналады. Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты.

«Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің келесі, 6 қыркүйектегі отырысына Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын енгізсін» деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр қоғамның сенімін ақтау үшін барынша жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керектігін баса айтты.
«Мемлекет басшысы атап көрсеткен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігіне бірінші кезекте біздер жауаптымыз. Осыған байланысты Президент тапсырмаларын іске асыруға асқан жауапкершілікпен жедел кірісуді тапсырамын» деді Үкімет басшысы.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет пен қоғамның барлық негізгі салаларын қайта жаңғырту керек. Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып табылады. Қазіргі жағдайда бәріміз нақты және үйлесімді әрекет етуіміз қажет. Алдымызда экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұр» деді ол.
Осы ретте Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-
экономикалық дамуының бірқатар негізгі бағыттарын жариялағанын атап өтті.
«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы тәсілдерді орта мерзімді кезеңге арналған Экономикалық саясат жобасында қарастыруды және бір апта мерзімде Үкіметке тиісті Жарлық жобасын енгізуді тапсырамын» деді Үкімет басшысы.
Пікір қалдырыңыз