Ол қазақ жастарының бәрінде мамандық болса деп армандайды

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры, «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері Анарбек Орман 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Өз жайымды өзім айтсам деп едім...» деп аталатын сыр-сұхбат кітабын жарыққа шығарды. Кітап таныстырылымы Анарбек Оңғарұлы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы сырласу кешіне айналды десе де болады. Мектеп бітіргеннен бастап осы кезеңге дейін қандай қызмет атқарды, ата-анасы, ұстаздары, достары кім, осылар жайында ой толғаған туынды көзіқарақты оқырманның қызығушылығын тудырады деген сенімдеміз. Анарбек Оңғарұлы іскерлігі мен еңбекқорлығы, біліктілігі мен білімділігінің арқасында көпшілікке тез танылды, үлкен билік тізгінін де ұстады. Өзі айтқандай, үш рет Шымкент қалалық әкімшілігінде басшылық қызмет атқаруды Алла тағала нәсіп етіпті. 1992-1993 жылдары қала әкімінің орынбасары, 1995-1997 жылдары қала әкімі, 2006-2008 жылдары тағы да қала әкімі лауазымында елге еңбек сіңірді. 2009-2012 жылдар аралығында республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ол басқаратын ұжым ұзақ жылдар бойы Шымкент қаласы мен Сайрам ауданы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесімен және пайдаланылған суды тасымалдап, оны тазарту жұмыстарымен айналысып келеді. 
«Қасиетті қара топыраққа, туған жеріне оралуды атам Орман қатты армандапты.  Қиындықтың тауқыметімен арқардай ауған елмен бірге шекара асқан атамның арманы орындалмай өзімен кетті. Бірақ, біздің елге қайтқанымызды қалап, әкемнің санасына құйып, мықтап аманаттапты» дейді Анарбек Оңғарұлы өз естелігінде. Осылайша атамекен – Шаянға оралуға аңсары ауған текті атаның ұрпағы жоғары оқу орнын бітірген соң, елге оралды. Содан бері туған жерге, туған халқына қызмет етіп келеді. Өзі оқыған сумен жабдықтау және кәріз жүйесі мамандығы жөнінде: «Өмірде ештеңе де кездейсоқ болмайды. Бәрі Алланың қалауымен болады. Менің бұл салаға келуім де кездейсоқтық емес деп білемін. Маңдайыма жазылғаны, бағым мен мүмкіндігімнің көкжиегі осы жолдан айқындалып тұр» дейді А.Орман.
Осы мамандығының арқасында Ташкент пен Піскент қалаларынан тәжірибе жинап келген жас маман елге оралған соң, Шымкент облысы, Алғабас аудандық коммуналдық кәсіпорындар комбинатын басқарды. Одан соң Шымкенттегі  Су арнасы басқармасында аға инженер, бас инженер қызметтерін атқарды. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасында бас инженер болды. 
Анарбек Оңғарұлы сонау бір қиын кезеңдерді есіне жиі түсіреді. 1997 жылға дейін бүкіл республика тұрғындары секілді шымкенттіктер де ауыр күндерді бастан өткерді. Әсіресе, 1980-1986 жылдары су үшінші қабаттан жоғары көтерілмейтін. Жаз мезгілінде көптеген жеке үйлерге ауыз су жете бермейтін. Насос құрылғылары дұрыс жұмыс істемеді, құбырлар ескі, күнде бір жері жарамсызданады, кран жоқ.  Сол себепті «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС ұжымы бірінші кезекте тозығы жеткен құбырларды ауыстырумен айналысты. Қалада газ тапшы, электр жарығы жиі сөніп қалатын сол бір жылдары халық судан қиналмады. «Зауыт-фабрика, өндіріс орындарының жұмысы тоқтаған өте қиын кезде судың ақшасын төлету үшін бартер тәсілін қолдана бастадық. Мұнай өңдеу зауыты бізге ақша орнына бензин, «Химфарм» зауыты спирт, «Восход» тігін фабрикасы киім берді. Солармен айырбас жасадық. 1998 жылы Су арнасы басқармасын басқарып отырып, мен айына 5 мың теңге жалақы алатынмын. Соның өзінде ақша емес, нан, қант, тағы басқа тауарлармен есеп айырысатынбыз. Жұмысшылардың айлығы 2 мың теңге еді. Сондай қиындықтарға шыдас беру, төзімділік таныту нағыз ерлікке пара-пар әрекет еді. Кейін біртіндеп бәрі түзеле бастады. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Қазір  халқымыздың қарны тоқ, киімі бүтін, жұмысы бар» деді А.Орман журналистерге.
«Су арнасы-Маркетинг» мекемесі құбыр ішіндегі сығым мен қысымды реттейтін клапанды Израиль мемлекетінен алдырса, Германия мен Швециядан суға көтерме насос стансаларын әкеліп орнатқан. Сондай-ақ, пайдаланылған суды тазалауға польшалық технологияны алып келген. Мұнан бөлек, кәріз қалдықтарынан шыққан биогаздан электр энергиясын өндіреді. Осындай жаңашылдықпен танысқан Қазақстанның сол кездегі Премьер-министрі Асқар Мамин бұл тәжірибені еліміз бойынша тарату туралы Үкімет қаулысын қабылдауға тапсырма беріпті. Жуырда үш министр келіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін «біз мұндай жұмыстарды барлық қалада жалғастыруымыз керек» деп кетіпті. Мекемеде әсіресе пайдаланылған суды тазартып, оны экологиялық табиғатқа қайтару мәселесі дұрыс жолға қойылған.
Облыстық мәслихаттың депутаты болғандықтан, саясаттан да тысқары қалу мүмкін емес. 
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген кемшіліктердің бетін ашты. Мемлекеттік биліктегі қызметкерлер көзі көретін, құлағы еститін шенеуніктерге айналуы керектігін айтты. Бұл тұрғыда бірталай тапсырмалар берілді. Қалай болғанда да қарапайым халыққа, бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Билікте отырған азаматтар халықтың қызметшісі болуы тиіс. Өйткені, адамдар мемлекетке салық төлейді. Мемлекет бай болу үшін ауылды байыту керек. Ауылға қатты көңіл бөліну қажет. Елдің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін алдымен ірі бизнеске, өндіріс орындарына, шикізатты терең өңдеуге көбірек назар аударған жөн. Әсіресе, отандық өндірісті дамытып, тауар шығару мәселесін қолға алу қажет.  Мысалы,  су саласын алайық. Республика бойынша құбыр шығаратын зауыт 200-ден асады. Бірақ, жылдан жылға ол құбырдың құны 25 пайызға өсіп келеді. Неге десеңіз, құбырға қажетті шикізат Еуропадан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан әкелінеді. Өзімізден шықпайды. Ал, поли­этилен мұнайдан шығады, мұнай өзіміздің қолымызда ғой. Олай болса, неге полиэтилен шығаратын зауыт салмасқа?! Одан өзге де шетелден келіп жатқан тауарларды өзімізде шығару үшін ауылға да, халыққа да бар жағдайды жасап беруіміз керек. Өзімізде шығару үшін шаруашылық иелеріне су, тыңайтқыш, көмір әлде қаржы керек пе, соның бәрін ұйымдастыру қажет. Өткенде Үкімет басшылары жақсы жаңалық айтты. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан тапсырыс беру мәселесін қарастырып жатыр екен. Өте орынды бастама деп ойлаймын. Мемлекет сол ауыл шаруашылығы саласындағылардың барлығын тізімге алып, содан кейін олардың қанша өнім шығаруға қауқарлы екенін білуі, соған орай жағдай жасауы керек. Осылайша өз нарығымызды қалыптастырғанда ғана тапшылық болмайды. Өз өндіріс орнымызды реттемесек, барлық тауарлар қымбаттаған үстіне қымбаттай береді. Президент Жолдаулары жүзеге асқанда ғана жағдай жақсы болады деген сенімдемін, – деді Анарбек Оңғарұлы. 
Айтуынша, өзінің өмір жолында адамгершілігі мол, жүріс-тұрысы мен ортамен қарым-қатынасы көпке үлгі боларлықтай керемет ағалар, азаматтар көптеп кездесіпті. Солардың көпшілігінен үйренген. «Жалпы, бұл тұрғыда жолым болған адаммын. Қазақстанға алғаш келгенде қолдау көрсетіп, менің мүмкіндігімнің көкжиектерін ашқан Пазылбеков Спабек ағамыз ақылды, өте парасатты кісі еді. Бұл ағамыздың тәлім-тәрбиесін, жақсылығын көп көрдім. Сондай-ақ, Дәулетов Ибадулла, Ибраев Рашид, Тайманов Нариман, Спатаев Әбдіманап, Ташқараев Әбдіғани, профессорлар Керімқұлов Бейсенбек, Ибрагимов Құдайберген ағаларымызды өзіме ұстаз санаймын. Барахова Сайлаукүл апайымыз да қазақтың мықты қыздарының бірі. Осы кісілердің барлығын үлгі тұттым, олардың бәріне шынайы ризамын» дейді Анарбек Оңғарұлы.
Өзінің табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында бірталай жетістіктерге жеткен білікті басшыны толғандырар мәселелер аз емес. Ол тіпті базарда арба итеріп жүрген жастарға жаны ашитындығын айтты. Оларды күштеп болса да оқытып, белгілі бір мамандық иесі атандырсақ деп армандайды. «Мейлі, бірі кран жүргізушісі, енді бірі құрылысшы, энергетик болып шықсын. Білімі бар, қолынан іс келетін адам далада қалмайды» дейді.
Иә, дұрыс әңгіме қашан да көптің көңілінен шығады ғой.
Пікір қалдырыңыз