Жас мұғалімдер заманауи тенденцияларға сай білім беру жолын NIS-пен бірге бастады


«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының алты жас мұғалімі қатысты. Олардың екеуі Зияткерлік, төртеуі жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.

TEDTalk-те форумға қатысушылар мотивациялық спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды,  жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі. Олардың ішінде «WikiBilim» қоғамдық қорының негізін қалаушы және басшысы, сұранысқа ие Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры, интернеттің қазақтілді сегментін өзгерткен Рауан Кенжеханұлы, «Астана» телеарнасының жұлдызды хабарларында танылған журналист, «Ретро FM», «Европа плюс», «Орда FM» радиосының жүргізушісі, актриса Майра Төлепберген, танымал актер, отандық және шетелдік блокбастерлердің басты кейіпкері, «Параолимпиец» және «Нулевой пациент» фильмдеріндегі рөлдерімен танылған Асқар Ілиясов болды.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.

– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.

Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.

Алматылық математика пәні мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзінше, бүгінгі таңда әр мұғалім цифрлы болуы керек, бұл – сән емес, қажеттілік. Темірбек өзінің шеберлік сабағында әріптестермен пікір алмасты:

 

– Әлемде табысты мұғалімге қойылатын басты жеті талап бар, олардың үшіншісі – цифрлы сауаттылық және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу.

 

Ал, Шымкенттік мұғалім Мадина Әбенова форумнан кейін жаңа технологияларды тиімді пайдалану оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыратынына көзім айқын жетті дейді.

 

Мексикадан жас педагогтер форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елінде мұғалімнің табысының басты критерийі оның мамандығына деген адалдығы деген жеке сенімімен бөлісті.

Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

 

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің химия пәнінің мұғалімі Перизат Әбдіғали форумда күнделікті сабақ барысында қолдануға түрлі лайфхак үйренгенін және оқушылардың  ойлау деңгейін дамытуға арналған нейро жаттығулар туралы естігенін жасырмады.

Орталық online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын әзірлеп, дайындады.  Жаңа ресурс әртүрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктірді: мұғалімнің құндылықтары мен көзқарастары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да танымал басымдықтар.

Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді.  «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады.

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады. 

Пікір қалдырыңыз