Кеше – Украина, бүгін – Тайвань, ертең...

Тайваньды 1949 жылдан бері өз әкімшілігі басқарады. Тайвань әкімшілігі Чан Кайши (1887-1975) бастаған Гоминдан күштері азаматтық соғыста жеңіліске ұшырап, бір бөлігі аралға қашып кеткен кезде құрылған. Содан бері Тайбэй коммунистер билікке келгенге дейін бұрынғы Қытай Республикасының туы мен басқа да атрибуттарын сақтап келеді. Ресми Бейжің Тайваньды ҚХР провинцияларының бірі деп есептейді. Оның егемендігін мойындамайды, басқа елдердің шенеуніктерімен және әскери қызметкерлерімен кез келген байланысына үзілді-кесілді қарсы.

Нэнси кейуана да қарап жүрмейді...

Өткен жексенбі күні кешке сенатор Эд Марки (Массачусетс штатының демократы) бастаған АҚШ конгресінің делегациясы Тайваньға екі күндік сапармен келді. Бұл американдықтардың биылғы жылы жасаған екінші сапары деуге болады. 
АҚШ конгресінің Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси биыл 2-3 тамызда Тайваньға  барған еді. Ол соңғы 25 жыл ішінде Тайваньға барған ең жоғары лауазымды американдық шенеунік болып шықты.
Пелосидің Тайваньға сапары Қытай билігінің қытығына тигені белгілі. Бейжің Вашингтонға наразылық ретінде аралда әскери жаттығулар өткізе бастады. Бұл аздай, Пелосиге, оның туыстарына және Тайваньның екі қорына қарсы санкциялар жариялады, сонымен қатар, сауда шектеулерін енгізді. Яғни экспорт және импортты шектеді. Атап айтқанда, Қытай 3 тамыздан бастап Тайваньға құм экспортын тоқтатты. Сондай-ақ, цитрустық жемістерді, салқындатылған қылышбалық пен мұздатылған ставридаларды Тайваньнан материкке әкелуді тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Ал, Тайвань қорғаныс министрлігі Қытайдың әскери жаттығулары БҰҰ ережелерін бұзып, халықаралық тәртіпке қауіп төндіретінін, Тайваньның аумақтық кеңістігіне басып кіргенін және АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің сапары аясында аралдың әуе және теңіз кеңістігін қоршауды ұйымдастырғанын мәлімдеді. Тайвань қорғаныс министрлігі мәлімдемеде аралдың өз қауіпсіздігін табанды түрде қорғайтындарын және аумақтық егемендікті бұзатын кез келген әрекетке қарсы тұратындарын мәлімдеді. Айта кету керек, Пелосидің сапары Қытай АҚШ қарым-қатынасы күрт нашарлаған кезде өткен еді. 
Тайвань әкімшілігінің басшысы Цай Инвэньмен кездесу барысында Пелоси Тайваньға сапарының басты себебін атады. «АҚШ делегациясы Тайваньға АҚШ-тың аралды қолдау жөніндегі міндеттемесінен бас тартпайтынын білдіру үшін келді» деді Нэнси Пелоси өз сөзінде.
Кездесулер барысында Пелоси қауіпсіздік, экономика және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салаларды талқылау үшін Тайваньмен парламентаралық байланыстарды кеңейтуді ұсынды.
Саясаткер АҚШ Тайваньмен ынтымақтастықты жалғастырғысы келетінін және мұндай ынтымақтастықтың негізгі мүмкіндіктері жоғары технологиялар саласында екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Washington Post газетінің хабарлауынша, Пелоси 3 тамызда микрочиптердің ірі әлемдік өндірушісі болып табылатын TSMC (Taiwan Semiconductor Manufacturing Company) басқарма басшысымен кездесті. Тайвань президенті Цай Инвэнь, Пелоси мен  TSMC негізін қалаушы Морис Чанг және оның төрағасы Марк Лю барлығы Тайвань мен АҚШ арасындағы әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты тереңдету туралы пікір алмасты. Спикер АҚШ Ұлттық қауіпсіздігі үшін компьютерлік чиптердің қаншалықты маңызды болғанын атап өтті. Айта кету керек, TSMC 2020 жылдың мамыр айынан бастап Аризонада зауыт салып, осы жобаны кеңейтуді қарастыруда. Жартылай өткізгіш өнеркәсіп қауымдастығының мәліметтері бойынша, TSMC әлемдегі жоғары технологиялық чиптердің 90%-дан астамын шығарады. Компания шығарған чиптерді АҚШ ұлттық зертханаларында әскери техникада және суперкомпьютерлерде қолданады. Электроника компаниялары, атап айтқанда, Apple, TSMC өндірісінің әртүрлі жартылай өткізгіштеріне сүйенеді.
Айта кетейік, Пелоси әжейдің жанынан безіп Тайваньға осы келісі микрочиптерге бола ғана келгендей әсер қалдырады.

Америкалық делегация БАҚ-қа жоламады. Неге?.. 

Тайвань қорғаныс министрлігі 14 тамызда Тайвань бұғазында және оның айналасында 22 Қытай ұшағы мен алты әскери-теңіз кемесінің жүргенін хабарлады. Нэнси Пелоси келген кезде басталған  ҚХР-дың әскери жаттығулары 8 тамызда тоқтағаны белгілі. Демек, бұл – екінші делегацияға деген қарсылық белгісі. Себебі, Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Ван Вэньбинь «бұл сапар Тайваньдағы сепаратистік күштерге қате сигнал жібереді» деп санайды.
Сенатор Эд Марки бастаған делегация құрамына конгресмендер Джон Гараменди, Алан Лоуэнталь, Дон Байер және Амата Радеваген кірген. Олардың АҚШ пен аралдың қарым-қатынасын, аймақтық қауіпсіздікті, сауда мен инвестицияны, жаһандық жеткізілім тізбегін, климаттың өзгеруін және басқа да маңызды мәселелерді талқылау үшін Тайваньның жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесетіні туралы алдын-ала хабарланды.
Дүйсенбіде АҚШ конгресінің делегациясы Тайвань парламентіне барды. Аралдың орталық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тайваньдағы сыртқы істер және қорғаныс жөніндегі парламенттік комитеттегі американдық конгресмендердің билеуші партия мен оппозиция депутаттарымен кездесулері жабық режимде өтті. Олар Вашингтонның Тайваньға қатысты нақты стратегияны қабылдауы, сондай-ақ бостандық пен демократия құндылықтарын бірлесіп қорғау қажеттілігі туралы мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, Тайвань әкімшілігінің басшысы Цай Инвэньмен кездесу ұйымдастырылды.
Агенттіктің хабарлауынша, сапар барысында американдық заң шығарушылар БАҚ-қа ешқандай мәлімдеме жасамады және баспасөздің назарынан барынша аулақ болуға тырысты.
Арал әкімшілігінің баспасөз қызметі делегацияның келуін «Тайваньға АҚШ конгресінің берік қолдауының дәлелі» деп бағалайды.
Марки сенаторының кеңсесі бұл топ «сайланған көшбасшылармен және жеке сектор өкілдерімен кездесіп, Тайвань бұғазындағы шиеленісті азайтуды және экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде жартылай өткізгіштерге инвестицияларды кеңейтуді қоса алғанда, ортақ мүдделерді талқылайды» деді.

Шегінерге жер жоқ, қыр астында сайлау тұр

ҚХР СІМ ресми өкілі Ван Вэньбинь дүйсенбі күні өткен брифингте американдық делегацияның Тайваньға сапары «бір Қытай» қағидасына қайшы келетіндігін, сонымен қатар Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу болып табылатындығын мәлімдеді.
«Ұлттық қайта қосылуды жүзеге асыру – Қытай халқының ортақ еркі және оны тоқтатуға болмайтын тарихи үрдіс» деп сөзін одан әрі сабақтады дипломат. Ол сондай-ақ, ҚХР АҚШ-ты екі ел арасындағы қатынастарға одан да көп зиян келтірмеу үшін «бір Қытай» қағидатын сақтауға шақыратынын атап өтті.
Ван Вэньбиннің айтуынша, Қытай ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғау үшін шешуші және тиімді шаралар қабылдайды. «Бірнеше американдық саясаткер өз әлдеріне қарамай, Тайваньның тәуелсіздігін жақтайтын сепаратистік күштермен бірге болуға тырысып, «бір Қытай» қағидатына қарсы шықса, оның зардабы өте ауыр болады» деді Ван Вэньбин.
Оның сөзінше, АҚШ Ауғанстандағы жеңілісінен әлі сабақ алған жоқ. Сәтсіздіктеріне қарамастан, олар мемлекеттердің ішкі істеріне араласып, демократия мен адам құқықтарын қорғау сылтауымен түрлі айла-шарғыларға баруда. Дипломат 20 жыл бұрын Ауғанстанға басып кірген АҚШ әскери күштері оны асығыс тастап кеткенін еске салды.
«Кабул сәті» – бұл американдық демократиялық қайта құру жоспарының сәтсіздігі, кез келген мемлекеттің демократияға апаратын жолын елдегі нақты жағдайға сүйене отырып, тек осы елдің халқы ғана жасай алады» деді ол.
   Шынында бір жыл бұрын Кабулда болған жағдай американдық үстемдік стратегиясының құлауының басы еді. Сонымен қатар АҚШ 20 жыл бойы Ауғанстандағы әрекеттерін қолдаған одақтастарының мүдделерін ескермей, тек өз мүдделерін басшылыққа алатындығын көрсетті.
«АҚШ демократия және адам құқықтары деп аталатын ұранмен барлық жерге басып кіріп, араласып, өздерінің геосаяси мақсаттарына қол жеткізу үшін бөліну мен қарама-қайшылықты қоздырды және халықаралық жұртшылық бұған қарсы болды» деп қосты Ван Вэньбин.
Осылайша, ҚХР СІМ өкілі атап өткендей, АҚШ-тың Ауғанстанда басы тасқа тиді, бірақ одан сабақ алмағаны таң қалдырады. Ал, басы тасқа екінші рет тисе не болады? Әрине, оны уақыт көрсетеді. Қазір Ақ үй әкімшілігінің ол туралы бас қатырып жатуға уақыттары жоқ, сайлау иек астында тұр. Құлдырап кеткен рейтинг анау, елді жағадан алған қымбатшылық мынау... Оларды дағдарысты ситуациядан осындай оқыс қадамдар ғана құтқаруы мүмкін.
«Олар Ауғанстандағы 7 миллиард долларлық валюталық активтерді бұғаттап қана қоймай, елдің дамуы мен шаруашылығын қалпына келтіруіне кедергі келтірді, демократия мен адам құқықтары сылтауымен бүкіл әлемде саяси араласу мен айла-шарғы жасауды жалғастыруда» деп түйіндеді дипломат.
ҚХР қорғаныс министрлігінің ресми өкілі У Цянь Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығын тұрақты қорғау және Тайваньдағы сепаратизмнің кез келген түрін және сыртқы араласуды батыл түрде тоқтату үшін әскери дайындықты жетілдіруді жалғастырып жатқандарын, Тайвань Қытайдың бір бөлігі екенін және шетелдік күштер бұл мәселеге араласпауы керек екенін тағы бір нығарлады.
«Біз АҚШ пен Тайваньның демократиялық прогрессивті партиясына Тайваньның ҚХР-ды бақылауға алу әрекеттері сәтсіз аяқталғанын ескертеміз. Тәуелсіздік алу үшін АҚШ-қа сенім арту өзін-өзі өлтірумен тең» деп түйіндеді сөзін У Цянь.
Дипломат Лю Сяомин АҚШ конгресі делегациясының Тайваньға жаңа сапарын қауіпті қадам деп атады.
«Пекин Вашингтонды елдің ішкі істеріне араласуды тоқтатуға және «бір Қытай» саясатын ұстануға шақырады» деп жазды Қытай үкіметінің Корей түбегінің істері жөніндегі арнайы өкілі Лю Сяомин Twitter-де.
Осылайша дипломат американдық конгресмендердің Тайваньға жасаған жаңа сапары туралы түсінік берді. «Бұл өте қауіпті әрекет, отпен ойнауға ұқсайды. Ал, отпен ойнағандар одан өледі. Біз тиісті елдерді «бір Қытай» саясатын ұстануға, Тайваньға қатысты мәселелерді заң аясында шешуге, сондай-ақ Бейжіңнің ішкі істеріне араласуды тоқтатуға шақырамыз» деді Сяомин.
Ол сонымен бірге Қытайдың қайта бірігуіне кедергі жасамақ болған кез келген адам елдің 1,4 миллиардтан астам тұрғынының қолымен жасалған «ұлы болат қабырғаға» тап болатынын айтты. 
Өз кезегінде Ресей мемлекеттік думасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы, ЛДПР жетекшісі Леонид Слуцкий АҚШ делегациясының Тайваньға сапарын сынға алды. «Қауіпсіздікті нығайтудың қызықты тәсілі – арандатушылық сапарларды бір-бірден жасау. Пелосидің Тайваньға сапары қазірдің өзінде аймақтағы шиеленістің өсуіне әкелді. Бұл американдықтарға жеткіліксіз бе?» деді Слуцкий. Ол Ресей әрқашан «бір Қытай» қағидатын қолдайтынын еске салды.
10 тамызда ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы Тайвань істері жөніндегі кеңсе және Мемлекеттік Кеңестің баспасөз кеңсесі «ақ қағазда» «Тайвань мәселесі және Қытайдың жаңа дәуірге қайта қосылуы» есебін жариялаған еді. Бұл құжатта Қытайдың Тайваньмен бейбіт түрде қайта қосылуға күш салуды жалғастыратыны айтылған, Пекин сонымен бірге өзінің провинциясы деп санайтын аралды бақылау үшін күш қолдануға дейін баруға дайын.

Еуропаның арманы – қыстан қысылмай шығу
    
Бұл пікірді Business Insider-ге берген сұхбатында Варшавадағы танымал экономист, поляк Даму қорының президенті Павел Борисенко айтты.
Оның айтуынша, «жазғы демалыстан кейін поляктар тап болатын ең маңызды сын-қатерлер – энергетикалық дағдарыс, жоғары пайыздық мөлшерлемелер және алдағы экономикалық құлдырау». Осыған байланысты экономист «Польша үкіметі мен парламенті халықты тарифтік қорғау мерзімін 2027 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағаны өте маңызды» деп санайды.
Қыстан аман шығу басты міндет болып табылады ма деген сұраққа ҚББ президенті: «Иә, бүкіл Еуропа үшін басты міндет – қысты аман-есен өткізу. Еуропа сәттілікке жетеді және Еуропа мен АҚШ шешуші сәтте біртұтас болып қалса, уақыт Ресейге қарсы жұмыс істейді деп сенемін» деді.
   
Дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.

Пікір қалдырыңыз