Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

ӘКЕ МЕН БАЛА

Бойжеткен қыз:

– Әке, әке, киім, – дейді,

Әке айтады:

– Қаражат қиын, – дейді.

Белі иіліп барады кәрі әкенің,

бірақ ағаш-аяғы иілмейді.


Ұлы да хат жазады астанадан,

астанадан қартқа әлгі қасқа, надан,–

жыласа ол да ақша деп көл – сиясы,

көл секілді әкенің пенсиясы

былай да ағып,

жатады былай да ағып,

қызыл, қоңыр ақша боп ылайланып.


Модыға еру – қызға да қиын еді,

қиын болса қайтеді – киінеді.

Ақша келсе – қуаныш сұрапыл, ә? –

ұл қуанып ішеді сыра-пыра.


Қартайды әке –

халі әлгі, күйін мейлің, 

қартайғаны: «қаражат қиын» дейді.

Кемпір де ырза болсын деп салады ақша,

өзі ішпейді,

жемейді,

киінбейді,

белі иіліп барады, сағанақша,

тек аяғы – баяғы, иілмейді.


                      * * *

Қыз шықты бір сауықшыл жас балаға,

ұл үйленді – қалды о да астанада.

Түсіп кетсе кім-кім де, шүкір, оқыр,

оқығанға іс те көп бітіретін.

Әке – ауылда, күрсініп тереңірек,

ұлым, қызым қонаққа келеді деп,

пенсиясын жинақтап күтіп отыр.




Пікір қалдырыңыз