Жетісайдың инфрақұрылымы жақсарып келеді

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Өңір басшысы мұның алдында болған кездесудің нәтижесінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, ел көтерген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді. 

– Биыл сәуірде өздеріңізбен кездесіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқыладық. Жалпы, халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 30-дан аса мәселе көтерілді. Оның басым бөлігі өз шешімін тапты. Жетісай қаласындағы 5 қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру үшін қаржы бөлінді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. Ж.Ералиев ауылдық округінің елді мекендерінің ауыз су жүйелері мен су өлшеу шкафтарын, Ғ.Мұратбаев елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы қарастырылып, жұмыс басталып кетті. Жылы су ауылдық округіне қарасты облыстық маңызы бар КХ – 9 автомобиль жолының бойынан ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын аяқ жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Аяқжол қыркүйекте тапсырылады. Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» газ тарату стансасын (АГТС) салу үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Қазір Жетісай ауданында жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында 1 нысан пайдалануға беріледі, 3 нысан 2023 жылға өтпелі. Тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай қаласында 5 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, олар биыл пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы аумағында 80 гектар жер теліміне инженерлік инфрақұрылым, яғни газ және кәріз жүйелері тартылуда. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 3 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталған. Нәтижесінде Мақталы ауылдық округіндегі, Мақталы елді мекені ауыз сумен қамтамасыз етіледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 жоба іске асып жатыр. 

Кездесу барысында өңір басшысына әлеуметтік нысандар салу, АӘК алу, әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Одан кейін өңір басшысының жеке қабылдауында да тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, мәселелер көтерді. Әрбір ұсыныс назарға алынып, жұмыстар заң аясында жүргізіледі. 

Осы жұмыс сапарында облыс әкімі Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының мақталық алқабында болды. 500 гектарға жуық жері бар шаруа қожалығында биыл 180 гектар мақта, 277 гектар бақша дақылдары, 30 гектар жоңышқа, 10 гектар дәндік жүгері егілген. 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығында диқандармен кездескен Ө.Шөкеев егістікті әртараптандыру, ағын суды үнемдеу, тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологиясын кеңінен енгізу жөнінде пікір алмасты. 

Биыл аудан бойынша жалпы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, оның ішінде мақта 49,5 мың гектар алқапты қамтып отыр. Өнімділік деңгейін арттыру үшін зиянкестермен күрес шаралары мен жаппай суару жұмыстарына арналған бірнеше семинар-жиындар жүргізілген. 


Пікір қалдырыңыз