Көңілге үміт ұялатты

«Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?»
«Оңтүстік Қазақстан» 13.08.2022 жыл

...Бір кездері біздер үшін 1 қыркүйек мереке еді. Әлі де үш ай жаз мектебін сағынып, ине-жіптен жаңа шыққан киімдерін киіп, ақ шағаладай болып мектепке бару әр бала үшін қуаныш қой. Алайда, олар үшін биыл қымбатқа түскелі тұрған мереке айлығы шайлығынан аспайтын отбасыларға қиын болғалы тұр.
 «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ұлас Үсенбай көтерген мәселе бәріміздің де жанымызды ауыртып отыр. Мына бағасы құрғыр баланың мектепке деген құлшынысын су сепкендей етер ме екен деп уайымдайсың. Отбасылардың бәрі бірдей асып-төгіліп отырған жоқ қой. Жұмыссыз отырғандардың  балалары да мектепке жаңа киім киіп барғысы келеді. Осы мақаланы оқып отырғанда Үкімет басшысының «Фейсбукке» жазған пікірін көзім шалып қалды. Премьер-министрдің балалардың мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасын көтермеу жөніндегі тапсырмасы көңілге үміт ұялатты. Жалпы, газет көтерген мәселе бүгінгі нарықтың нағыз шындығын ашып көрсеткендей болды. Енді жергілікті билік базардағы баға бәсекесін бақылауға алса дұрыс болар еді.

Әтіргүл БАҒМАНҚЫЗЫ. Түркістан қаласы.
Пікір қалдырыңыз