Құрылысшылар төрт отбасыға баспана сыйлады

Түркістан қаласында құрылыс жүргізуші мердігер компаниялар Құрылысшылар күні мерекесін өте мазмұнды түрде атап өтті. Олар өз мерекесінде төрт отбасыға бақыт сыйлады. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік қолдауға мұқтаж 4 отбасыға баспана салып берді. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бастамасын көтеріп, құрылысшыларға ұсыныс жолдаған болатын. 
– Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Қазақта «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді» деген қанатты сөз бар. Қайырымды болу – өте ізгі амал. Маңайындағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін! – деді қала әкімі өз сөзінде.
Құрылысшылар сыйлаған төрт баспананың әрқайсысы үш бөлмеден тұрады. Баспаналар қажетті жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған.
Мерекелік жиын барысында құрылыс саласының үздіктері марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз