Қошқар көтеруден жаңа рекорд!

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, таяуда Арыс қаласының күні аталып өтті. Онда жылдағы дәстүр бойынша мерекелік бағдарламамен қоса қазақтың ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Шараға Қазығұрт, Ордабасы аудандары мен Шымкент қаласынан келген қонақтар да қатысты. Олар арқан тартып, қол күрестіріп, қошқар көтеруден бақ сынасты.
Осы аталған спорттық ойындардың ішінде көпшіліктің назарын, әсіресе, көп аударғаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Қатысушылар арасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, салмағы 43 келі болатын қошқарды 1111 рет көтерген Азамат Мақұлбеков бас жүлдені жеңіп алып, Арыс қаласының жаңа рекордын орнатты. Ал, қошқарды 160 рет көтерген Мәжит Архат екінші орыннан, 150 рет көтерген Данияр Айтбек үшінші орыннан көрінді.
Жарыс жеңімпазы Азамат Мақұлбековке өзі көтерген қошқар берілсе, қалған жеңімпаздар мен қатысушыларға да бағалы сыйлықтар табысталды. Бір қызығы, ерлермен қатар қошқар көтеру сайысына түскен арыстық Ақнұр Әділ есімді ару тіпті, бірқатар жігіттерді шаң қаптырып, қошқарды 64 рет көтерді. Көпшілікті таң қалдырған жігерлі қызға да арнайы сыйлық тапсырылды.
Сол сияқты барлық спорт түрінен жүлделі орын алған қатысушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталып, тұрмыстық техникаларға ие болды. Бұдан бөлек, Арыс қаласының дамуы жолында көптеген игі істер атқарып, демеушілік көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Пікір қалдырыңыз