Баға, мектеп, жанармай мәселелері талқыланды

Түркістан облысында биыл 21 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай- ақ, 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыс орталығында 202 орынды студенттік жатақхана да пайдалануға беріледі. Осы және өңірдегі өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихаты фракциясының кезекті отырысында қаралды. 

Жиында білім саласынан бөлек, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар, жалпы 4 мәселе зерделеніп, талқыланды. Отырысқа облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, «AMANAT» партиясы өңірлік филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев, жауапты басқарма басшылары және орынбасарлары Д.Болатханұлы, А.Өсербаев, 
Т.Үсібалиев, Н.Әбдіразақова, фракция мүшелері қатысты. 
Мәжілісті жүргізген фракция жетекшісі Б.Тәжібаев оқу жылы жақындағанда туындайтын бірқатар мәселеге тоқталды. Т.Үсібалиевтің хабарлауынша, биыл облыс көлемінде 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 20,5 млрд. теңге қаралған. Жыл соңына дейін 21 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Соның ішінде Мақтаарал ауданындағы 300 орынды 1 мектептің құрылысы толық аяқталған. Алайда, 9 мектептің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен, мердігер мен техникалық қадағалаушы мекемелерге жалпы 7,1 млн. теңге айыппұл салынған. 
Мектеп құрылысына қатысты мәселені одан әрі жалғаған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлына Төлеби, Сауран, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы апатты жағдайдағы, үш ауысымға өту қаупі бар және құрылысы тоқтап тұрған мектептер жайлы сын-пікірлер айтылды. Мәселен, фракция мүшесі Ғ.Елшібай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын таулы аймақтарда іске асырудың қажеті жоқ екендігін атап өтіп, мектеп салу мәселесінде демографиялық өсімді ескеру керектігін жеткізді. 
Облыста 2 жоғары оқу орны мен 54 колледжде жалпы саны 35700-ге жуық студент білім алады. Б.Тәжібаев Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде құрылысы тоқтап тұрған жатақхана мәселесін қозғады. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Өсербаев жерге қатысты дауларды шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Аталған университетке қарасты 7 жатақханаға қосымша тағы да 316 орынды 2 жатақхана салу үшін келіссөздер жүргізілуде. Ал, 1300-ден астам студенті бар Халықаралық туризм және меймандостық университеті биыл қосымша тағы 202 орынды бір жатақхананы пайдалануға бермек.
Сондай-ақ, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша Н.Әбдіразақованың баяндамасы тыңдалып, фракция қатысушылары мұнай тапшылығына байланысты талдау жүргізу қажеттігін ескертті. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Н.Иманқұлов облыста атқарылып жатқан шараларды баяндады. Фракция жетекшісі баға өсімі бойынша партия филиалдарының жүргізген мониторинг нәтижесін назарға ала отырып, жұмыстарды жүйелендіру жайын, сондай-ақ, «Жол картасына» енгізілген 15 мектептің құрылысына қаржы қарау мәселесін және «Мектепке жол» акциясына қатысты дауларды толыққанды шешуді ұсынды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары А.Сәбитов мектептердің құрылыс жұмыстарына, оның ішінде саны емес сапасына, бала санының өсіміне байланысты талдаулар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соған сай жыл соңына дейін бюджетті жоспарлау барысында нақты мәліметтермен жұмыстар атқарылмақ. А.Сәбитовтің айтуынша, алдағы 5 жылда мектеп құрылысы мәселесі түбегейлі шешіледі. Күн тәртібіндегі жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті тапсырмалар жүктелетін болды. 
Пікір қалдырыңыз