Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».


Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Тамыз айының басынан-ақ сауда орындарының сөрелерінде мектепке керекті заттар толып кетеді. Кемінде екі немесе үш баласын жетектеген ата-ана жаңа оқу жылына керекті киімдер мен құрал-жабдықтарын сатып алуға кірісіп-ақ кеткен. Иә, әрбір ата-ана баласын ел қатарлы киіндіріп, оқу құралдарымен толықтай қамтамасыз ету үшін тапқан-таянғанын аямайды. Осындай қауырт шақта саудагерлер де мүмкіндікті қалт жібермей, бағаны қалауларынша құбылтады-ай!

Жағдайы көтеретіндер балаларын арнайы сауда орындарынан киіндірсе, қарапайым жандарға қолжетімдісі – базар. Бірақ, биыл тауарлардың құны былтырғыға қарағанда әлдеқайда қымбат. Сонымен, бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат кетеді, осы сауалдарға жауап іздеуге асықтық. 

«Авто-Нұр» базарын аралап, бір оқушыға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төмен бағасын есептеп көрдік. Сауда орталығында адам қарасы қалың. Өткен жылға қарағанда биылғы нарық қымбаттырақ екені айтпаса да түсінікті. Шындығында, балалар киімін сатып алу көп отбасыға кәдімгідей салмақ салып тұр. Ең бірінші, ата-ананың әмиянын жұқартатын дүние – мектеп формасы. Әр ата-ана баласына қалтасындағы қаражатқа қарай таңдау жасайтынын ескерсек, олар көбінесе Қытай мен Қырғызстаннан келетін мектеп формаларын сатып алады. Олардың бағасы отандық өндірушілердің тауарларынан қайда-а-а арзан. 

Бірінші сыныпқа баратын ұл балаға қажетті ақ көйлек 3500 теңгеден басталып, 6000 теңгеге дейін сатылуда. Шалбар 8500 теңгеден басталады. Галстук 800-1500 теңге, аяқ киім 12000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін, ақ майка 1000-2000 теңге аралығында. Рюкзак 5500-7500 теңгеге, футболка 3000-5000 теңгеге, трико 2000-5000 теңгеге, спорттық жейде 4000-8500 теңгеге, кроссовка 5000-6000 теңгеге, шұлық 250 теңгеге сатылуда. Костюм-шалбар 15000 теңгеден басталып, сапасына қарай бағасы да қымбаттай береді. Ал, жоғары сыныпта оқитындар үшін ақ көйлекті 5000-8500 теңге аралығында алуға болады. Сөмке 7000-15 000 теңге аралығында. Қырлы шалбар 8500-11000 теңгеден сатылуда. Ал, костюм-шалбардың бағасы ұшып тұр, 9-сыныпта оқитын балаңыз бар болса, оған костюм-шалбарды 22000 теңгеден 36000 теңге аралығында алуға болады. Туфлидің орташа бағасы – 15 000 теңге. Галстук – 800-1500 теңгеден. 

Ал, қыз баланың киіміне қаржы ер балаға қарағанда көп жұмсалатыны белгілі. Қыз балаларға арналған мектеп формасы (ақ көйлек, юбка) – 10000 теңге. Ал, жоғары сыныптағылар үшін мұндай форма 12000-15000 теңге аралығында. Сарафан 6500 теңгеден басталады. Рюкзак  – 8000-10 000 теңге, бантик – 800 теңге, бірінші сыныпқа баратын оқушының туфлиі 5500-8000 теңге болса, жоғары сыныптағы қыз балаға туфлиді 7000-13 мың теңге аралығында сатып ала аласыз.

«DeFacto», «Waikiki», «KOTON» сияқты тағы басқа сауда орындарында заман талабына сай бренд киімдер бар. Алайда, бұл жерлерге орта шаруа басын тыға алмайды-ау... 

Базарда екі баласын жетектеп жүрген Гүлназ есімді келіншектің айтуынша, балаларын мектепке дайындауға 200 000 теңге қаражат кеткен. «Қызым 8-сыныпқа, ұлым 2-сыныпқа өтті. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарды есептемегенде екеуін бастан-аяқ киіндіруге 150 000 теңге жұмсадым. Айдың басында бір келіп киіндіріп кеткенмін. Себебі, барлығын бірден алуға мүмкіндік болмады. Былтыр мектеп формасын екі данадан алғанбыз. Биылғы баға басқа. Өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда қымбаттаған. Енді оқуға қажетті құралдарды аламыз». 

Мектепке қажет оқу құралдарына да аз қаражат жұмсалмайды. Сауда сөресіндегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, қаламсаптың бір қорабы – 700-1800 теңге, дәптер – 25-30 теңге, жалпы дәптер қалыңдығына қарай 150-350-500 теңгенің аралығында, пәндік дәптер 2500 теңге, қарандаш – 150 теңге, түрлі түсті қарандаш – 600-1500 теңге, өшіргіш 100 теңге, күнделік – 450 теңгеден басталып 800 теңгеге дейін барады. Ең қажеттісін есептегенде бірінші сыныпқа баратын балаға оқу құралдарына шамамен 15000 теңге кетеді. Ал, жоғары сыныптың оқушысына орта есеппен 10 000 теңге жұмсалады. 

Қысқасы, бір оқушының киім-кешегі мен керек-жарағына кем дегенде 50-60 мың теңге жұмсалады. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен канцелярия тауарларын қоссаңыз, әрбір баланы жаңа оқу жылына дайындау үшін 80 мың теңгеден кем жұмсамайсыз. 

Міне, біз базардағы мектеп формасының бағасын білдік. Баланы мектепке дайындау қай уақытта да оңай болмаған. Жұмысы тұрақсыз немесе мардымсыз жалақымен күнелтетін отбасылардың балаларының жағдайы биыл қалай болар екен? Биыл облыстық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары үшін мектеп формасына 35275 теңге қаржы қаралатыны айтылды. Мектеп формасы демекші, министрлік биыл оқушыларға қара көк түсті форма мен ақ көйлек киюді ұсынып отыр.

Пікір қалдырыңыз