Үшінші елдердің көліктері... оларды кедендік тазартудан соң ғана пайдалана аласыз!

Бүгінде шетел азаматтарының жеке пайдалануына арналған көлік құралдарын Қазақстан аумағына уақытша кіргізу жағдайлары көбейіп барады. Мұндай көліктердің басым бөлігі алдымен Әзірбайжан және Грузия азаматтарының атына тіркеліп, одан кейін Қазақстан азаматтарының қолданысында болады. 

Бұл жағдай туралы Мемлекеттік кірістер комитеті: «Ескеретін жәйт, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауарлар болып табылады және кедендік бақылауда болады (үшінші елдер – ЕАЭО құрамына кірмейтін елдер). Осыған орай, уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және сәйкесінше тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлеген соң ғана қолдануға болатынын ескертеміз» деп мәлімдеме жасады. 
Сонымен қатар, комитеттің хабарлауынша, уақытша әкелу мерзімі, яғни 1 жыл өткеннен кейін мұндай автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Олай болмаған жағдайда, ЕАЭО-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тиісті шаралар қолданылады. 
Дегенмен, елімізде бұл заңды бұзып жүрген көліктер де аз емес секілді. Оған комитет пен полиция департаменттерінің рейдтік іс-шаралары аясында аталған заң бойынша 116 автокөлік құралын ұстап, уақытша ұстау орындарына тоғытылғаны дәлел болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Сол себепті әрбір Қазақстан азаматы жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып алғанда аталған заңнаманы сақтағаны абзал. 
Егер сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тарихы немесе заңдылығы күдік туғызса, Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін комитетке (87172 71 77 24) немесе тұрғылықты жердегі мемлекеттік кірістер департаментіне, сонымен қатар ҚР ҚМ МКК Байланыс орталығына хабарласу қажет.

Пікір қалдырыңыз