Жер жұмағы Жетісай – рухани Түркістанда

Облыс орталығында Жетісай ауданының мәдени күндері өтті. «Түркістан – Түркі әлемінің жүрегі» атты аудан-қалалардың мәдениет күндері аясында «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған «Жер жұмағы Жетісайдың – рухани Түркістанға тартуы» атты мерекелік шара көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Мұнда ауданның қолөнер және қылқалам шеберлерінің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің, «Туған жерім, жұмағым – Жетісайым!» атты рухани кітап және Жетісай ауданы этномәдени орталықтарының «Жетісай – бірлік пен татулықтың мекені!» атты түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарының көрмелері ұйымдастырылды. 

Алдымен Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ержігіт Сартаев бастаған топ арнайы дайындалған көрмені аралады. Содан соң мәдениет күндері аудан өнерпаздарының гала-концертіне ұласты. Әрі қарай тек ауданның ғана емес ел мақтанышына айналған Бөрі Иса, Мұхтар Құралов сынды таланттардың шығармалары орындалып, әжелер тобы және бишілер өнер көрсетсе, күміс көмей әншілер Түркістанды әнге қосты. Кеш соңында мерекелік отшашу атылды.

Келесі күні «Керуен сарай» туристік кешенінде «Балалар жылы» аясында Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектеп оқушыларының «Түркістан – болашақ балғындардың құтты мекені» атты концерттік бағдарламасы өтті. Мұнда жас дарындар сахнада өз өнерлерін көпшілікті паш етті. Еске сала кетейік, аталмыш шаралар қала қонақтары мен тұрғындарына, туристерге мәдени-рухани демалыс сыйлауға арналған. Сондай-ақ, бұл аудан-қалалар арасындағы сайыс не байқау емес. Алдағы апта соңында Сайрам ауданының мәдениет күндері өтпек. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз