Тұрғындар көтерген мәселелер қараусыз қалмауы тиіс

ҚазАқпарат. «Халықпен кездесулер кезінде көтерілген ұсыныстардың ешқайсысы қараусыз қалмауы тиіс». Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

«Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек» деді Ә.Смайылов. 
Осы орайда Үкімет басшысы биыл жыл соңына дейін орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған барлық кездесулерді бекітілген формат пен кестеге сәйкес өткізуді жалғастыруы қажет екенін айтты. 
«Қазіргі қолда бар заманауи коммуникациялар мен ресурстардың бәрін пайдаланып, әр кездесуді кеңінен жариялап отыру керек. Қандай жұмыс атқарылды, басқа мәселелер қалай шешімін табады, соның бәрін нақты көрсету керек» деді Премьер-министр. 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы кейбір өңірлерде басшылар халықпен кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғанын сынады.
Үкімет отырысында биылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірлерге барып, халықпен жүзбе-жүз кездесу өткізудің жаңа тәртібі жүзеге асырылып жатқаны айтылды. 

Пікір қалдырыңыз