Сарбаздар арасындағы суицидті қалай жеңуге болады?

Еліміздің Қорғаныс министрлігі әскерилер арасындағы әлімжеттік, суицид деген проблемалардың шешімін табу жолында еңбектенуде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аталған мәселемен күресу үшін ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамына қашықтан бақылайтын білезіктер берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты. 

Құзырлы қызметкердің айтуынша, министрлік қазір отандық ІТ-компаниялармен тізе қосып жұмыс істеуде. Олар әскери бөлімдерді бейнекамерамен жабдықтауға көмектесуі керек. Сондай-ақ, жуырда еліміздегі бір кәсіпорын білезік тағу технологиясын ұсыныпты. 
– Ол білезік арқылы әр жауынгердің жүрек соғысын, жағдайын қадағалап отыруға, орталық пункт арқылы мониторинг жасап, қай сарбаздың қай жерде жүргенін, жағдайы қалай екенін біліп отыруға болады. Сонымен бірге, жан-жақты анализ арқылы суицидке бейім жауынгерлерді анықтай алатын ІТ-шешімдер бар, – дейді вице-министр. 
Демек, аталған ІТ-тәсілдер қолданысқа енетін болса, сарбаздардың барлық қозғалысын орталықтан бақылап отыруға мүмкіндік туады. Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорын ұсынған білезік ақпарат беруін тоқтатса, датчигі қай жерде өшірілгенін білуге болатын көрінеді. Тиісінше, командирлер сол жерге жедел жетіп, не болып жатқанын анықтай алмақ. Ал, суицидке бейімділікті тексеретін психологиялық тесттер бүгінде сынақтан өткізіліп жатыр. 
Вице-министр өз сөзінде жиі орын алып жатқан әскерилер арасындағы өлім-жітімнің себептерін арнайы топ зерттеп жатқанын да атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, жағдайларға қатысты кешенді жұмыс тобы құрылған. Топ құрамында Қорғаныс министрлігі және өзге де ведомстволардың қызметшілері, азаматтық қоғам өкілдері бар. Жұмыс тобы негізге алынатын бағдарламаға сәйкес, әр жағдайдың себебін егжей-тегжейлі қарайды. Яғни бірнеше жылдың тәжірибесі зерттелетін болады. 
– Бір кездері әскердегі суицидке себепкер болған түйткілдер кейін сейілді ме, жоқ па, зерделенеді. Жеке құраммен ай сайын жұмыс жүргізіледі. Батальон командирлерінің тәрбие жөніндегі орынбасарлары жауапты жеке құрамға нұсқау жұмыстарын жүргізеді, – деді ол. 
Айта кетейік, министрліктің дерегі бойынша биыл Қарулы Күштер қатарында 7 суицид әрекеті тіркеліп, төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталған.
Пікір қалдырыңыз