Ол барған жерден алтынсыз қайтпайды

Түркістандық Дамир Ташанов жуырда Нидерландыда пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатынан қос алтын медаль еншілеп қайтты.
Дамир Ташанов 1984 жылы қазіргі Келес ауданының орталығы Абай ауылында дүниеге келген. Небәрі 10 жасында әкесінен айырылған ол мектеп бітіре салып, Шымкент қаласындағы оқу орындарының біріне қабылданып, заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Жасөспірім шағында спорттың футбол, бокс түрлерімен айналысқан жігіт жасы 23-ке келгенде пауэрлифтинг, яғни зілтемір көтеру спортына қызыға бастапты. Содан бері күн сайын жасаған жаттығуларының арқасында 5 дүркін ел чемпионы, екі дүркін әскерилер арасында әлем чемпионы атанған. Осы орайда 2018 жылы Қытайда өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында да екі алтын медаль еншілеп, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатып қайтқанын атап өту қажет.
Қазіргі уақытта Шымкент қалалық ішкі істер департаментінде инспектор қызметін атқаратын ол өз өмірін спортсыз елестете алмайтынын айтады.
– Жауапты қызмет атқарып жүрген адам үшін көп нәрсеге уақыт табу қиындық тудырады. Бірақ, басқасы болмаса да, қалай да спортпен тұрақты түрде шұғылдануға тырысамын.  Күн сайын таңертең дендросаябақ маңында жүгіріп, аптасына 2-3 рет арнайы зілтемір көтеріп жаттығамын. Соның нәтижесінде әскерилер ғана емес, кәсіпқой спортшылар арасында да ел чемпионы атандым. Осы орайда әрдайым менің амандығымды тілеп, бір сәтке де дұғасынан тастамайтын Кәмила есімді асыл анама және жаттығу жасап, жарыстарға қатысуыма мүмкіндік сыйлап жүрген қалалық полиция департаментінің бастығы, генерал Қайрат Дәлбеков мырзаға шексіз алғысымды білдіргім келеді, – дейді ол.
«Жақсы әйел – өмірдегі ырысың» демекші, Дамирдың жары Гүлнар да «ерім аман жүрсе, абыройы арта берсе екен» деп тілеп, қолдауын аямай, қолынан келгеннің бәрін жасап жүретін жан. Оны өз аузынан шыққан әңгімелерден-ақ аңғаруға болады.
– Дамир тәртіп сақшысы әрі кәсіби спортшы болғандықтан, үй бетін көрмей кететін кездер де болады. Бірақ, мен оған ренжіген емеспін. Қайта әрдайым жігеріне жігер қосып, жарысқа баратын болса заттарын дайындап, түзде жүрген кезде Алладан амандығын тілеп отырамын. Осы татулығымыздың арқасында шаңырағымызда шаттық көбейіп, бала-шағамызбен бақытты өмір сүріп жатырмыз, – дейді Гүлнар.
Айта кетейік, Нидерландыда өткен әлем чемпионатына Америка, Қытай, Испания, Бразилия сынды 97 елдің әскерилері мен полицейлері қатысқан.
Пікір қалдырыңыз