Біз таныған Өзбекстан...

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Сенің қолыңнан шыққан дүниеге басқалар қызығушылық танытып, сатып алып жатса, демек, бұл салада сенің де осал болмағаның. Нарықтың талабы солай – қайткенде де өз тұтынушыларыңның қатарын арттыруың керек. Осы тұрғыдан алғанда біздің ішкі нарықты жаулап алған Қытай, Қырғыз, Беларусь киім-кешектерінің қатарынан Өзбекстанда өндірілген өнімдерді де жиі кездестіруге болады. Бұл дегеніміз, жерінің асты-үсті байлыққа толы бізден гөрі жоқтан бар жасауға әрекеттеніп бағатын көрші елдің бұл салада көшілгері ұзап кеткенін көрсетеді. Шикізаттың үстінде отырып жөні түзу бұйым шығара алмай жүргенде, сырттан тасымалдап болса да жеңіл өнеркәсібін жолға қойып алған өзбек ағайындардың бұл әрекеті кімді де болса қызықтырады-ақ. Сол қызығушылық бізді «бұл қалай?» деген сауалдың жауабын іздеуге жетеледі.

Жүйедегі жөнсіздік

Әуелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елді бір бірінен бөле-жарып қарауға болмайды. Тағдыр-талайы да, талап-тілегі де, мақсат-мүдделері де ұқсас. Тіпті, салт-дәстүрлерінде де анау айтқандай алшақтық жоқ. Сөйте тұра сауда-логистика саласында көрші елге кіріптарлық бар. Мұның сырын жақсы білетін кәсіпкерлер бұл келеңсіздіктерді біздің елдегі кейбір жөнсіздіктермен байланыстырады. Тігін цехын іске қосып, қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отырған Ділмұхамед Абызовтың айтуынша, біздегі жүйе кәсіпкерлерді ынталандырудың орнына баж салығын арттыру арқылы аяғына тұсау салады. «Қазір Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сынды бірқатар елдерден тасымалдайды. Көршілес екі елдің кәсіпкерлері шикізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі салық төлейді. Өзбектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде болса, қазақ кәсіпкерлері 30 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. Бұдан кейін жеңіл өнеркәсіп саласында кімнің бәсі жоғары болатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз» дейді ол.

Мен Отаныма не бердім?

Бұдан бөлек өзбекстандықтардың өз елдеріне деген құрметі мен адалдығы, махаббаты әрбір іс-әрекеттерінен аңғарылып тұрады. Таксиге отырсаң «Мен саған қандай қызмет еттім, Она-Ватаным» деген мағынадағы өлеңдерден құлақ тұнады. Алғашқыда ұнамағанымен, әуені әсерлі болғандықтан ба, бірте-бірте бой үйрене бастайды. Содан көп ұзамай өз еліңе қандай қызмет еткеніңді ойлап, қарыздар болып қалмау үшін қарекет ете бастайсың. Тіпті, өмірге деген құштарлығың оянып, құлшынып шыға келесің. Соған қарағанда ұлтжандылықты санаға сынамалап сіңдірудің жолы осы болса керек. Бұдан кейін біздегідей бүтін тұрған бұйымды бүлдіріп кету былай тұрсын, көшеде көлденең жатқан қоқыс көрсең алып тастағанша асығасың. Міне, осы ұстаным ұқыптылыққа үйретіп қана қоймай, өз еліңе, жеріңе деген сүйіспеншілігіңді арттырады. Ал, Отанына адал адам сатқындыққа, азғындыққа бармайтыны анық. Міне, экономиканы идеологиясыз өркендете алмайтыныңызға тағы бір мысал!

«Алтыарықтағы» көрініс

Ферғана облысында Алтыарық дейтін ауыл бар. Кеңес Одағының тұсында жүзім шаруашылығымен аты шыққан ауыл әлі де сол әлеуетінен айырылған емес. Егістік алқаптарынан бөлек, әр үйдің ауласында жайқалтып жүзім егіп тастаған олар тек өз елін ғана емес, көрші мемлекеттерді де жемістің осы түрімен қамтамасыз етіп отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда жемістің басқа түрлері де көп өсіріледі. Айталық, Узимзар ауылы жүзімімен мақтанса, Урикбор өрігімен, Бехыбоқ бекесімен әйгілі. Осылайша әр ауыл  өздерінің брендін қалыптастырған. Тіпті, «Өзбекстанда жасалған» белгісімен экспортқа шығарылатын жеміс шырындары мен мейіз-қақтардың біраз бөлігі осы алақандай ауылдарда даярланады. Әр үйдің ауласын шағын цех деуге болады. Бірі жеміс-жидек қайнатып жатса, бірі мейіз-қақ кептіруге машықтанған. Тағы бірі алысқа жөнелтілетін жүзім жәшіктерін әзірлеумен әуре. Бәрін үйлестіріп отырған әрекеттеріне қызығушылықпен қарап, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан ауыл тұрғындарының бір-екеуін сөзге тарттық. «Бала болып көзімді ашқаннан жүзімнің арасында өстім, – деді өзін Ғафур деп таныстырған тұрғын. – Сол үшін маған жүзім өсіру, оны күтіп-баптау қиын емес. Өнім көп болып өткізе алмай қаламыз деген қорқыныш та жоқ. Өйткені, қанша көп болса да ысырап етпей жинап алуға, сақтауға мүмкіндігіміз бар».
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл саланың тұрақты дамуына мемлекет те мүдделі. Сол себепті қарапайым еңбек адамдарын үнемі ынталандырып отырады. Қаржы бөліп, дайын болған өнімді тереңірек өңдеуге де жағдай жасайды. Өткен жылы жүзім өсіру және шарап жасауды дамыту агенттігі мен бау-бақша және жылыжай шаруашылықтарын дамыту агенттігі бірлесіп, 30,7 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Жаңа бақшалар, жүзімдіктер мен жылыжайлар тұрғындарға жеті жылға жалға берілсе, фермерлер белгілі бір өнім түрін жинау шартымен жерді 5-10 жылға жалға ала алады. Түскен қаражат жаңа жерлерді игеруге жұмсалады.

Ауладағы зауыт

Қоқан қаласының іргесіндегі Даңғара ауылында тұратын Бахром аканы былайғы ел жеке кәсіпкер ретінде жақсы біледі. Бүгінде электр энергиясымен жүретін заманауи техникаларды құрастырып сататын оның ауласын шағын зауыт деуге болады. Бір тоннаға дейінгі жүкті қиналмай тасымалдайтын мотоциклге сұраныс көп екенін айтқан ол айына мұндай мотоциклдердің жиырма-отызын сататынын жеткізді. «Бұл мотоциклдер негізінен Қытайда шығарылады. Біз құрастырып сатамыз. Тек құрастырып қана қоймай, кейбір қосалқы бөлшектерін өзіміз жасаймыз. Сол себепті бастапқы бағасынан арзанға түседі. Ең бастысы, біз елімізге тиімді көлікті дер кезінде қолжетімді бағамен көбейтіп жатырмыз. Шығыны да көп емес, толық қуаттандырсаң алты сағатқа жетеді. Сағатына орта есеппен елу шақырымды жүріп отырса, алты сағатта үш жүз шақырымды бағындырады. Экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Электр қуатымен қозғалатындықтан қосалқы бөлшектері де көп емес. Бағасы да қалтаға қонымды, бір жылдық кепілдігімен 1200 АҚШ долларына береміз» деген кәсіпкер бұл әрекеті арқылы өз елінің өркендеп өсуіне өзіндік үлес қосып жүргеніне дән риза.

«Арзан тауар алыңыз!»

Елге болсын деген ұстаныммен өмір сүретін өзбек ағайындарды әр ауылдан-ақ кездестіруге болады. «Елге еңбек етсең, жаман болмайсың». Өз ауылын арзан тауармен қамтамасыз етіп отырған Бақтияр Әбдімүтәліпұлының әңгімесінен де осыны аңғардық. Үйінің ауласын көтерме сауда орталығына айналдырған ол апта сайын ел аралап, өндіріс орындарымен келісіп, көтерме бағамен азық-түлік тауарларын тасымалдайды. Онысын ауылдағы дүкендердің ортақ чатына салып, жарнама жасайды. Содан үйіне қарай ағылған клиенттерге ұсынып, қызметін көрсетіп отыра береді. Әкелген тауарларына анау айтқандай көп үстеме қоймайды, өйткені оның тау болып үйіліп жатқанынан гөрі ертерек сатылып, елдің игілігіне жарағанын дұрыс көреді. 
Менің әкем ұзақ жыл «Чемион» санаториясындағы шайханада істеді. Сол жерде жүріп көпшілікпен тіл табысуды, сауда жасауды үйрендім. Мамандығым – мұғалім. Бірақ, көз ашқалы сауда саласында жүргендіктен осы жолды таңдадым. Одан жаман болған жоқпыз, тұрмысымыз тәуір. Он жылдан бері жылына бір рет шетелге шығып, ел көріп қайтуды өзіме мақсат етіп қойғанмын. Мүмкіндік болса, ел көріп, жер танығанға не жетсін... 

Он жыл бұрынғы ұсыныс...

Өзбекстанның солтүстік беткейіндегі Наманган, Ферғана, Әндіжан облыстарында халық өте тығыз орналасқан. Жергілікті халық «Води» деп атайтын бұл маңда республика халқының үштен бірі мекендейді. Айналасы тау аңғарларынан тұратын аймақтың ауа райы да жанға жайлы, әсіресе, егін шаруашылығын өркендетуге қолайлы. Тәжікстан, Қырғызстан республикаларымен шекараласатындықтан сауда-саттық та жақсы жолға қойылған. Әр екі үйдің бірі есік алдынан шағын цех ашып, отбасылық бизнесін өркендетіп отыр. 
Осыдан он шақты жыл бұрын Атыраудағы Құдабай Қаржауов ағамыз әлдебір жұмыстармен Ферғанаға барған екен. Сонда Сұлтан деген жергілікті кәсіпкер бірлесіп кәсіп ашуға ұсыныс жасапты. Бірақ, ол кезде «Атырау Жайық» қоғамдық бірлестігін жаңадан құрып, сырттағы қандастарды елге шақырып, қоныстандыру шаруаларымен шапқылап жүрген Құдабай аға ұсынысты құп көргенімен, бел шешіп кірісіп кетуге мүмкіндігі болмаған. Бүгінде сол Сұлтан негізін қалаған «Имкон» өндірістік орны тәулігіне екі жүзге жуық пластмасса ыдыс шығарады. Кәсібін бір жүйеге келтіріп алған ол бүгінде балаларын да бизнеске баулып жүр екен. Бізді қарсы алған баласы Илхом шикізат қоры жеткілікті Қазақстанда бизнес жасауға мүдделі екенін жеткізді. Алдағы уақытта арнайы кездесетін болып келіскен екі тарап осындай тоқтамға келді. 
Пікір қалдырыңыз