Пробациялық есепте тұратындарға психологиялық көмек көрсетілді

Түркістан қалалық полиция басқармасында облыс әкімдігі жанындағы полицияның сервистік моделін енгізу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері пробациялық есепте тұратын азаматтармен кездесу өткізді. Жиында пробациялық есепте тұратын азаматтардан сауалнама алынып, психологиялық тұрғыдан көмек, жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар берілді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, облыс әкімдігі жанындағы полицияның сервистік моделін енгізу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалдановтың айтуынша, Түркістан қаласында пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған 2021 жылғы Жолдауында сервистік полицияны дамытуды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған. Екі аудан пилоттық режимге енгізілді. Бүгінгі жиынның мақсаты – сотты болған тұрғындарға психологиялық көмек көрсету, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау. Түркістан қаласы қауіпсіз әрі туризмге қолайлы қала статусын сақтауы тиіс, – дейді ол.
Кездесуде пробациялық есепте тұрған азаматтардан облыстық полиция департаменті ЖҚПБ жұмысын ұйымдастыру және қадағалау тобының инспекторы, полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы арнайы сауалнама алды. Инспектор-психолог, әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай психологиялық көмек бойынша тренинг өткізді.
– Жалпы облыс орталығында 190 адам пробациялық есепте тұр. Арнайы ведомствоаралық топпен, облыстық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе жоспар жасалып, пробациялық есепке алынған азаматтармен жұмыс жүргізілуде. Олардың қайта қылмысқа бармауына ықпал етіп, жұмыспен қамтылып, қоғамда өз орындарын табуына көмек көрсету маңызды мәселе, – дейді А.Бекбай.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз