Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Меңдекеш САТЫБАЛДИЕВ

Ауыл

Кеңдікті көрем десең – ауылға бар,

Мейлі, сен жауында бар, дауылда бар.

«Көрпе сал!»,

«Қонақ келді!»,

«Шай қайнат!» – деп

Әр үйде бір-бір тентек дабыл қағар.

 

Алдияр атаң шығар басы қардай,

Ақжаулық анаң шығар асыл ардай.

Көйлегін оқыс тартып жеңгең шығар,

Жыртылған сағынышты жасыра алмай.

 

Аптапқа шыдамай сен қалсаң жасып,

Астынан аяғыңның бар жел қашып –

Сап-салқын отау тұрар,

Сен кірерсің –

Аспаннан түскендей боп алшаң басып.

 

Басыңа құс жастықты биік жастап,

Амандық-саулықты да сұйық бастап,

Аптығыңды басқанша, ағаң жетер –

Бір бағланның кәлләсін қиып тастап.

 

Сен сонда көргенді боп көнесіне,

Бет сыйпап, барып қайтсаң «төбесіне»,

Қораштау басыңды да хан көтеріп,

Құлың болып кетеді-ау төресі де.

 

Кешеді – қыздарға да қырындасаң,

Тек түнде жының қозып, ұрынбасаң.

Кешеді – «тимеңдерші бір ит қой!» – деп,

Өзіңді сыйлаушыға «ырылдасаң».

 

Қалмай ма бұл кеңдіктен серпіліп ой,

(Ой дегенің – жеткізбес жер түбі ғой)

Ауыл, ауыл – сараңдық сандығы емес,

Дала көңіл қазақтың төркіні ғой!



Пікір қалдырыңыз