Баға өсіп барады

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, биыл шілде айында елімізде инфляция жылдық есептеуде 15%-ды, ал, бір айда 1,1%-ды құрады. 2022 жылғы шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы шілде айымен салыстырғанда 19,7%-ға өскен. Сондай-ақ, азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 14,2%-ға, ақылы қызметтерге 9,2%-ға көтерілді. 

Бағаның айтарлықтай қымбаттауы, әсіресе, мына азық-түліктерден байқалады: қант (құмшекер) – 87,3%, пияз – 71,7% және ұн 36,6% қымбаттаған. Бұдан бөлек бір жылда: кондитерлік өнімдер – 21,9%,  пастерленген сүт – 21,7%, салқындатылған сусындар – 20,5% , макарон өнімдері – 33,0%, жаңа піскен жемістер – 18,3% , жармалар – 31,4%, нан – 17,9%, құс еті – 28,6%, сары май – 17,0%, тоқаш  және ұн өнімдері – 27,4%, шұжық өнімдері – 16,7%, қатты ірімшік – 26,7%, жылқы еті – 16,5%, минералды және ас су – 24,6%, темекі өнімдері – 14,8%, қой еті – 13,7%, кептірілген жемістер мен жаңғақтар – 24,4%, күнбағыс майы 11,6%-ға қымбаттаған. 
Сондай-ақ, биыл шілдеде 2021 жылғы шілдемен салыстырғанда азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 14,2%-ға қымбаттады. Атап айтқанда, жеке қолданысқа арналған тауарлар – 26,3%, жуу және тазалау заттары – 23,5%, тұрмыс құралдары – 22,6%, құрылыс материалдары – 20,5%, жиһаз және үйге қажетті заттар – 19,1%, автомобильдер – 15,2%, ыдыс – 14,8%, тоқыма бұйымдары – 11,5%, фармацевтикалық өнімдер 9,7%-ға қымбаттады. 
Бір жылда ақылы қызметтер бағасы 9,2%-ға өсті. Мәселен, баға кешенді демалу ұйымдарына – 19,1%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 16,8%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 15%, санаторий қызметтеріне – 14,1%, шаштараз және жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13%, қонақүй қызметтеріне 5,9%-ға өсті. Жолаушылар көлігінде жолақы 5,5%-ға көтерілді. 
Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтердің қымбаттауы да, төмендеуі де байқалады. 
«Былтырғы шілдемен салыстырғанда өткен шілдеде электр қуатының құны – 2,4%, қоқыс шығару, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифі 1,8%-ға жоғарылады. Ал, орталықтан жылу беру қызметіне тариф – 2,3%, ыстық суға – 1,3%, суды бұру үшін 0,5% төмендеді» дейді ол. 
Айта кетейік, Ұлттық бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифі мен баға өзгерісі бақыланады. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталықтарында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысандарындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. 2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі – 40,7%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%-ды, ақылы қызметтер  29,1%-ды құрады.
Пікір қалдырыңыз