«Ол қазақты рухани апаттан сақтап қалды»

Болат Әбділмановты қалың көрермен Абай бейнесі арқылы таниды. Актердің жазушы-драматург Мәдина Омаровамен бірлесіп жазған «Абайдың жұмбағы» пьесасы еліміздің ірі театрларында сахналанып келеді. 
«Абайды ойнау – әр актерға үлкен мәртебе. Әр актердің арманы – Абайды ойнау. Абай деген – түбі жоқ тұңғиық теңіз, Абай деген – үлкен бір жұмбақ, Абай деген – біздің руханиятымыздың ең биік шыңы, Абайдан биік бізде ешкім жоқ» дейді актердің өзі бір сұхбатында. Шымкентке келген сапарында «Абайды» арнайы іздеп барып, тілдескен едік.

– Болат аға, «Абайдың жұмбағы» пьесасын жаздыңыз. Жалпы, Абай тақырыбына қайталап баруыңызға не себеп болды?
– «Абайдың жұмбағы» әкемтетарда қойылып жүр. Жақында Семей қаласында да қойылды. 
Бірден айтайық Абайды түсіну екінің бірінің қолынан келмейді. Мұхтар Шахановты, Мұқағали Мақатаевты, Қадыр Мырзалиевті түсінуге болар, ал, Абайды түсіну үшін ортада «тәпсірші»» керек. Әлем таныған Әуезовтің өзі «Абай – терең теңіз, мен оның бетін ғана қалқыдым» деп бекер айтқан жоқ. Соңғы кезде «Абайды неге дәріптей бересіңдер, ол қазақты жамандаған, сынаған» деген сияқты сын пікірлер де айтылып жүр. Бұл дана ақынның тереңдігіне бойлай алмағандардың, оның әр сөзінің астарында тұңғиық ой жатқанын аңғара алмағандардың қате пікірі. Біз осы орайда кешегі Абайдан бүгінгі Абайдың бейнесін алып келуге тырыстық.
Абай қазақты жек көрген жоқ. Ол өз заманының бет-бейнесін астарлап жеткізді. Ол бүгінгі күннің проблемасын сол замандарда-ақ айтып кетті. Абайға терең мән берген адам көп сауалдың шешімін табады. Ол үшін Абайша тебіреніп, толғана білу керек. 
«Баяғыда қазаққа жақсылық жасасаң, сол жақсылығыңды ол өмір бойы өле-өлгенше айтып жүретін. Ал қазір қазаққа жақсылық жасасаң, биылғы жасаған жақсылығың келесі жылға жарамайтыны несі?» деген ой тастап отырып, «қазақ өзінің табиғи жаратылысынан, таза болмысынан қашан айырылып қалды? Бұрын мұндай болмаған еді ғой» деген сауал қояды да, жауабын бодандыққа апарып тірейді. Қазақ басқа мемлекетке бодан болғалы табиғатын жоғалтып, кірме ұлттың жақсылығы мен жаманын қатар қабылдады деп астарлайды. Содан бастап тілінен, дінінен айырылғанын тұспалдайды. Абайдың жұмбағы да сонда. 
Кезінде Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұлов патша жарлығының құпия көшірмесін архивтен алып, бірін Әлихан Бөкейхановқа, бірін Абайға жібергенін білеміз. Сол құпия жарлықта патшаның хандық жүйені құртып, болыс сайлау арқылы халықты ру-руға бөліп, тоз-тозын шығаруды, қазақты дінінен айырып шоқындыруды жоспарлағаны белгілі болды. Сонда қазақ орыстың алақанында болады.
Абай осы құпия жарлықты оқығаннан кейін Қарамола съезінде 73-тармақтан тұратын Ережені бекіттірді. Осылайша тәуекелге бас тігіп отырып қазақты алапат рухани апаттан аман сақтап қалды. Ойлап қараңыз, сол уақытта сан жағынан бізден әлдеқайда көп қаншама халықтың тоз-тозы шығып кетті, кейбірі тіпті жойылып та кетті. Өйткені олардың Абай секілді кемеңгері болған жоқ.
Кеңестік кезеңде бізге Абайды тек ақын, философ ретінде ғана оқытты. Ал, оның саяси белсенділігін, өз мұратынан елдің мүддесін жоғары қойған қайраткерлігін көрсетпеді.
Біз «Абайдың жұмбағы» арқылы бүгінгі күннің Абайын көрсетіп, әке институтын көтеруге, сол арқылы Абайдың биік даналығын ашуға тырыстық. «Құнанбай болмаса, Абай қайдан пайда болар еді?» деген идеяны көтердік. Біз бұл пьесада Құнанбайды биікке көтеру арқылы Абайды ашуға тырыстық. Абайдың: «Әке, Тоғжанға берген уәдем бар… Ол қайда қалады?» деген сауалына Құнанбай: «Балам, екі жастың махаббатынан да артық еліңе, жеріңе, дәстүріңе деген махаббат бар. Ата-бабамыз мына ұлан-ғайыр жерге, бүгінгі мамыражай тіршілігіне салт-дәстүрін бұзбай жетті. Қазақтың қазақтығы кеткен күні шеті сөгілген шілтер орамалдай ел тарқайды, жұрттан ырыс-береке кетеді» деп келелі ой айтады. Оған Абай келісіп, жеке басының мүддесінен ел бірлігін, ел мұратын жоғары қояды.
Біз сапалық тұрғыда Абай заманында қалып кеткен елміз. 
Өзгермеген себебіміз – тәуелсіздік алдық дегенімізбен, әлі құлдық санадан толық арыла қойған жоқпыз. Абай армандап кеткен рухани бостандыққа жете алмадық. Бүгінде екінің бірі орыстың тілімен сөйлеп, орыстың тілімен өмір сүреді. Оны өздерінше дәреже көреді. Бұл – санамызда кеңестік кезеңнен қалған қара дақ. Бүгінгі күннің адамы өзінің тілін, дәстүрін, баба салтын терең түсіне білуі керек. Ана тілің үйіңнің іргетасы іспеттес. Іргетасы мықты үй құламайды. Алдымен өз тіліңді біліп ал, одан кейін қанша тіл меңгерсең де өз еркің. Өкініштісі, қазақ әлі ескі санадан арыла алмай келеді. Кейінгі ұрпақ тәуелсіз екенін сезініп, түпкі тарихына, болмысына оралу үшін уақыт керек. Әлбетте, кейінгі жастарда бұл жағынан алғанда ілгерілеушілік бар. 
– Алғашқы жылдары дініміз оралды деп қуанып едік. Соңғы кезде дінімізден қаша бастадық па?
– Абай бізге :«Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастың иманымыз
Пайда, мақтан, әуесқой шайтан ісі
Қане біздің нәпсіні тыйғанымыз» деп өмірде дұшпанын жеңген мықты емес, дұшпанын досына айналдыра білген, нәпсісін тия білген адамның мықты екенін түсіндірді. 
 «Жүректің көзі ашылса, 
Хақтықтың түсер сәулесі.
 Іштегі кірді қашырса, 
Адамның хикмет кеудесі» деп жүрек тазарса, иманның күшейетіні, иманың күшейген сайын Аллаға жақындайтыныңды айтып кетті.
Абайдың түсінігімен қарасақ әрбір құлшылықты ғылыммен байланыстыру керек. Ғылымен байланысы болмаса барлығы далбаса. 
Біз жетпіс жыл атеистік ұғымда жүрдік. Алғашқы жылдары дініміз оралды деп есікті айқара ашып тастадық. Сауатсыздықтың салдарынан сақал қойғандардың бәріне сене бердік. Ақ-қарасын айырмай, жат ағымдарға еріп кеттік. Осының барлығы діни ұғымды ғылыммен ұштастыра білмеген сауатсыздығымыздан еді. Жалпы өз басым болашақта қазақ өзінің дәстүріне, дініне, салтына қайтады деп сенемін.
– Қоғамдағы қандай келеңсіздік жүрегіңізді ауыртады?
– Біз жас кезімізде бір-бірімізден «әскерде болдың ба?» деп сұрайтынбыз. Әскерде болмаған жігітті жігіт емес, ауру деп қабылдайтын едік. Ол кезде әкімнің, соттың, кәсіпкердің, прокурордың баласы болса да әскерге баруды борыш деп сезінетін. Екі жыл елді қорғау біз үшін үлкен мәртебе еді.
Қазір қазақтың көп жігіттері әскерге барудан бас тартып жатады. Сонда мына ұлан байтақ жерімізді кім қорғайды? Кезінде бабаларымыз туған жердің топырағын жатқа таптатпау үшін көз шырымдарын ат үстінде алмады ма?
«Қарындастан айрылған жаман екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді» деп қарындас-бауырдың қайғысына аһ ұрмады ма?! Қызының намысын таптатпау үшін жанынан баз кешкен жоқ па?! Ал бүгінгі жастар әскерге барғысы келмейді. Жігіттің бойында азаматтық намыс болмаса, қаракөз қыздарға кім қорған болады. 
Сол үшін әрбір отбасында баланы «Сен Отаныңды, еліңді, жеріңді, қарындасыңды қорғауың керек» деген үлгімен тәрбиелеу керек.
Мен өз баламды әскерге жібердім. Әскерге барып келді. Оны бес телеарна Болат Әбділмановтың баласы Астана қаласында әуе десанттары сапында президентті қорғайтын полкте қызмет етіп келді деп көрсетті. Мен сол әрекетім өзгелерге сабақ болса екен деп ойладым. Өнер адамы өнерімен ғана емес, ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, тіпті киімімен де өзгелерге үлгі бола білуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Пернебай САПАР,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз