Тұрғындармен кездесу еркін форматта өтті

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай  әкімдер халықпен жиі кездесіп, қордаланған проблемаларды шешу жолдарын тұрғындармен бірлесе талқылап келеді. 

Жуырда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев кезекті кездесуін Ақтөбе ауылдық округінде ашық далада, еркін сұхбат форматында өткізді. Бұл жерде бұрынғыдай ешкім «қандай мәселемен келдіңіз» немесе «сұрағыңыз қандай?» сұрақ жаудырған жоқ. Аудан әкімі тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесіп, жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Мәселен, Келес ауданында биыл 3 мектептің құрылысы жүріп жатса,   2025 жылға дейін тағы 9 мектеп салынатынын жеткізді.  Соның ішіндегі үш мектептің құрылысы Ақтөбе ауылдық округі аумағында жүреді.  Олар Ғани Мұратбаев, Ескіқорған және Жуантөбе елді мекендерінде. Олардың әрқайсысы 300 орынды. Ал, Ынтымақ елді мекеніндегі Р.Қошқарбаев атындағы мектеп биыл жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек.  

 – Ақтөбе ауылдық округі аумағында жер учаскесіне кезекке тұрған азаматтарға Қаратөбе елді мекенінен 40 гектар және Ғ.Мұратбаев елді мекенінен 20 гектар жер учаскесі беріледі. Алдағы уақытта инфрақұрылым жұмыстары біткен соң, жер телімдері кезекте тұрғандарға беріле бастайды, – деді аудан әкімі А.Есбаев.  

Елді мекендердегі ауыл шаруашылығы жерлеріне ағын суды уақтылы жеткізіп беру мақсатында Ақтөбе ауылдық округіндегі Есікше каналы (3 шақырым), Алшын каналы (2,5 шақырым), Мектеп (3 шақырым), Қыпшақ қашыртқыларына (4 шақырым) механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі.  Сонымен қатар егістік жерлерге баратын су тоқтап қалмас үшін Оймауыт және СТК каналдарынан суды кезекпен бөліп беру кестесі түзілген. 

Жиын барысында тұрғындар ауылдық округ аумағындағы санитарлық тазалық шаралары, түнгі жарық шамдарын қою, жол төсеу мәселелерін көтерді. Кездесу соңында аудан әкімі жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдады. 

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА. Келес ауданы. 


Пікір қалдырыңыз