Әр ғимаратта алақанының табы қалды

Оның өмірден озғанына да он жылға жуықтапты. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмір-ай десеңші, кеше ғана бірге жүрген жанның енді қайтып оралмайтыны есіңе түскенде, қабырғаң қайысып, ортаң ойсырап қалғандай күй кешеді екенсің. Сондай жанның бірі – о дүние түгілі, өкпеге қимайтын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін ақеділ азамат Эйлер Сүлейманов 
болатын.

Тағдыр маған Эйлер Сүлеймановпен қызметтес болуға, осы бір абзал жанның жанында жақын жүруге жазды. Жас арамыздың алшақтығына қарамастан ол кісімен қатар жүрдік. Бертін келе қызмет барысындағы араласымыз, жолдастық ізет-ілтипатымыз бұрынғыдан да тереңдей түсті. Қарым-қатынастың тереңдеуіне себеп болған оның бойындағы үлкен адами қасиеттері еді. Біреуден білімім немесе тәжірибем артық еді немесе жасым үлкен еді деп көкірек көтеру оған мүлде жат болатын. Қат-қабат жұмыстардан бас көтере алмай жүрсе де барлығын жиып қойып, алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге тырысатын. Эйлер ағаның осындай ізгі қасиеттерін көргенде, мен де сол кісідей болсам ғой деп жігерімді жанитынмын. Жанында жүріп, көп нәрсе үйрендім. Тағлым алдым, шапағатын көрдім. Қырымда туып, өссе де, ол кісі ғұмырының 30 жылын Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне арнады.
Кешегі күркіреп өткен сұм соғыстың нағыз қызған тұсында дүние есігін ашқан оның балалық шағы болмағаны анық. Егер де бұл буынның өкілдері ерте есейіп, азаматтықтың атына ерте қонса, бұл да сол өмір сабағының өнегесі. Эйлер Жамалетдинұлы да өз уақытының, өз дәуірінің бел баласы болатын.
1965 жылы Азизбеков атындағы Әзірбайжан мұнай-химия институтын тәмамдаған ол алғашқы еңбек жолын Ташкент қаласындағы Сергили темір-бетон зауытында шебер болып бастады. Жігерлі де талапты жастың қабілет-қарымын байқаған зауыт басшылығы оны тәуір қызметтерге ұсынды. Бірақ, ол екінің біріне жасала бермейтін мұндай ұсыныстан бас тартып, 1968 жылы бүкілодақтық құрылыс саналған Қоңырат–Бейнеу теміржол желісін салуға Қазақстанға аттанды. 1978 жылы Батыс Қазақстан өңірінде екінші теміржол құрылысы басталғанда отызды орталаған жігіт СМП-614 мекемесінің бастығы болып тағайындалды. Бес жылдан кейін Түркістанға СМП-194 құрылыс мекемесінің бастығы болып келді. Содан өмірінің соңына дейін Түркістанда қызмет етті. 
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Түркістан қаласын көркейту жұмыстары зор қарқынмен жүргізілді. Шаңы бұрқыраған көшелерге жаңадан жолдар салынып, бос жатқан жерлер инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстық күні. Күндіз құмды боран, түнде маса әлек салады. Эйлер Жамалетдинұлы осындай табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрып, СМП-194 мекемесінің бастығы ретінде беріле еңбек етті. Білдей бастық екенмін демей, күні-түні жұмысшылармен бірге жүрді. Кешке қарай күндік жұмыс нормасының толық орындалғаны оның күлімдеп тұратын көздерінен бірден аңғарылатын. Оның басшылығымен ұзындығы 1500 шақырым теміржол желісі, үлкенді-кішілі 41 көпір салынды. Бұл күнде Түркістан қанатын кеңге жайған, көркі көз тартатын шырайлы шаһарға айналды. Міне, осының бастауында Эйлер Жамалетдинұлының өлшеусіз еңбегі жатыр. 
Одақ тараған соң «Түркістан-трансстроймонтаж» акционерлік қоғамын құрып, оны аз ғана жылда аяққа тұрғызды. Мекеме жанынан «Монтажник» (кейін «Яссы-Түркістан» болып өзгерді) футбол командасын жасақтап, бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде команданы бүкіл Қазақстанға танымал етті. Өз қаржысына қаладан бокс мектебін ашып, 6 спорт шебері, 18 спорт шеберлігіне үміткерді тәрбиелеп шығарды.    
Эйлер Жамалетдинұлының елімізге, оның ішінде Түркістанға еңбегі мұнымен шектелмейді. Тәуелсіздік жылдары қалада құрылыс қарқыны артып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттар мен  әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен ел игілігіне беріліп жатты. Осындай ілкімді істердің арқасында қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалды. «Бекзат» шағынауданындағы емхана, «Нұрсәт» поселкесіндегі тұрғын үйлер, Қарашық, Яссы, Жусансай, Құмтүйін, Сауран және Иқан ауылынан салынған мектептер – Эйлер Сүлейманов басқарған құрылыс мекемесінің абыроймен атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Бұдан бөлек, қаншама білім ошақтарының күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысты. Бабайқорған және Сауран елді мекендеріне су құбырларын жүргізіп, Түркістан қаласында 60 орынды туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын мерзімінен бұрын бітірді. Барлық объектілерді мерзімінен бұрын бітіріп, оларды жоғары сапамен тапсыру – Эйлер Жамалетдинұлының жұмыс барысындағы ең бірінші талабы болатын.  
Осы еңбектері үшін ол Үкімет тарапынан үлкен марапаттарға ие болды. Кеңес уақытында екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне қадаса, тәуелсіздік жылдары «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 және 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. КСРО-ның құрметті құрылысшысы атанды. Оған Түркістан қаласының құрметті азаматы атағы берілді. 
Эйлер Жамалетдинұлының жемісті еңбегіне зайыбы Лариса Васильевнаның да қосқан үлесі қомақты. Лариса Васильевна отағасының қоғам жұмысымен алаңсыз айналысуына барлық жағдайды жасады. Ер-азаматтың тасының өрге домалауы зайыбының арқасы деп білемін. Екеуі Денис және Алена есімді алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Екі перзенті де әке жолын жалғастырып, бүгінде кәсіпкерлік салада жемісті еңбек етіп жүр. Өзімен аттас немересі Санкт-Петербург қаласындағы белді университеттердің бірінде оқиды. 
Ол кісі «Жомарттық – байлықтың белгісі емес, ол адамның жүрегінде ғана болатын қасиет» дегенді жиі қайталайтын. Өзі де кісіге қол ұшын созып, мейлінше қамқорлық танытуды қалап тұратын. Мәселен, ілгеріде теміржолдан өту үшін тұрғындар 14 шақырым жолды айналып өтетін. Эйлер Жамалетдинұлы халықтың осы өтінішін жерге қалдырмай, сәні мен сәулеті келіскен көпір салып берді. Оның бұл жақсылығы күні бүгінге дейін қала тұрғындарының аузынан түскен емес. Эйлер Жамалетдинұлының бұдан өзге де азаматтық істері аз емес. Ол қай қызметте жүрсе де, ең алдымен осы қасиетімен даралана білді. Әсіресе, Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тойдың жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлесін қосты. Қадірін ұққан еліне ол осылайша адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. 
Дана халқымызда «Жақсы адам таңғалдыру үшін, өлген соң сағындыру үшін келеді» деген сөз бар. Сол айтқандай, әріптестері мен шәкірттері ол кісіні сағына еске алады. Эйлер Сүлейманов тірі болғанда, биыл 80 жасқа толған торқалы тойын өткізер еді. Бірақ, сексен жылдығын атап өту ол кісінің маңдайына жазылмапты. Жыл сайын тіршілік атаулы жаңаруға бет түзеген шақта еліміздегі құрылыс саласының білікті маманы Эйлер Жамалетдинұлын еске алатын болдық. Жүректе сақталған, көңілде өшпестей орын алған оның жарқын жүзі көз алдымызға елестеп, тәтті естеліктерден күш-қуат алатындаймыз. Асыл азаматтың жарқын бейнесі көзден кетсе де онымен сыйлас болған аға-іні, әріптес-замандас болған жандардың көңілінен өшпек емес. 

Серік ТӘУКЕБАЕВ,
ҚР құрметті құрылысшысы,
«Tumar Holding» компаниясының президенті.

СПОРТТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ

Эйлер Жамалетдинұлының спорт десе шығарда жаны бөлек еді. Өзі бокстан спорт шебері болатын. 1986 жылы өзі басқаратын СМП–194 құрылыс мекемесінің жанынан «Монтажник» футбол командасын жасақтап, қала біріншілігінің қатарына қосты. Екі жылдан кейін команда облыс біріншілігінде оза шауып, Қазақстан чемпионатына жолдама алды. 1990 жылы Түркістан қаласының атынан КСРО біріншілігінің 2-лигасында өнер көрсетті. Ал, 1991 жылы «Яссы-Түркістан» командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды. Сөз жоқ, бұл Эйлер Сүлеймановтың табанды еңбегінің нәтижесі еді. Команданың басшысы да, құрылтайшысы да өзі болды. 
2006 жылы қаладан бокс мектебін ашып, қаншама қарадомалақтардың биіктен көрінуіне жол ашты. Осы бокс клубында жаттыққан Н.Базарбай, А.Серікбай, А.Жанкеев, Н.Сатынбеков, Н.Садықбек, А.Тастанбекова, Ж.Исаханов, А.Ғани сынды сайыпқырандар халықаралық жарыстарда олжа салды. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі Түркістан қаласында өткен түрлі деңгейдегі жарыстарға демеушілік жасап, спорт жанашыры екенін өмірінің соңғы күндеріне дейін дәлелдеп кетті.

Серік ПІРІМЖАНОВ,
«Монтажник», «Яссы-Түркістан»
 футбол клубының бас жаттықтырушысы. 

АДАЛ ДОС

Менің Эйлар Сүлеймановпен таныстығым 1983 жылдан басталады. Ол жылдары мен зауытта директордың орынбасары болып қызмет істейтінмін. Бір күні қалалық партия комитетіне шұғыл жиналысқа шақырды. Сол жиында бірінші хатшы бізге СМП-194 құрылыс мекемесінің жаңа бастығын таныстырды. Әлі есімде, бұл жұма күні болатын. Екі күннен кейін мал базарына барсам, әлгі «горкомда» көрген кісім әйелі екеуі сонда жүр. Абайсызда кілтін сындырып алып, көлігін оталдыра алмай тұр екен. Көмек сұрайын десе, ешкімді танымайды. Дереу қосымша сымдарын жалғап, көлігін оталдырып бердім. Екеуміз сол жерде таныстық. Алғысын білдіру үшін кешке оны-мұнысын арқалап, әйелі екеуі үйге келіпті. Міне, сол бір сәулелі сәтте басталған таныстығымыз кір шалмаған қылаусыз достыққа ұласып еді. 
Бірде жұмысына барсам, «да» және «нет» деген сөздерді екі параққа үлкенірек етіп жазып, есігінің сыртына іліп қойыпты. «Нет» деген сөздің үстіне қою қара сиямен орыстың крест белгісін қойыпты. Мұның мәнісін сұрағанымда: «Алдыма келген әрбір адамның мәселесіне байыппен қарауға тырысамын. Олар маған үлкен үміт артып келіп отыр ғой, қалай «жоқ» деп айтамын» дейтін. 
Міне, саналы ғұмырын Түркістан қаласының өсіп-өркендеуіне арнаған осындай абзал азаматтың есімі еленер деген үміттемін. Көшеге атын беру, өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату секілді ұлықтау рәсімдері орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді...         
      
Ділмұрат ЖАМАЛОВ,
Түркістан қаласының құрметті азаматы.


Пікір қалдырыңыз