Жас сарбаз ажалға араша тұрды

Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі Әділет Жақсылық пен ағасы Нұрғиса Жақсылық демалыстарында суға батып кеткен баланы құтқарып қалды. 
Бұл оқыс оқиға Арыс ауданындағы Ақдала ауылында орын алған. Әділет пен Нұрғиса үй шаруасымен айналысып жүргенде жақын жердегі каналда шомылып жүрген балалардың бірі жүгіріп келіп, досының суға батып кеткенін айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен ағайынды екеу көп ойланып жатпастан суға сүңгіп, баланы іздей бастайды. Бір кезде аяғының жұмсақ нәрсеге тигенін сезіп, бір дем жұтып қайта суға сүңгіген Әділет су астындағы үлкен тастардың арасына қыстырылып, ес-түзсіз жатқан баланы жағаға алып шыққан. Олар баланың жүрегі соғып тұрғанын білгесін дереу алғашқы көмек көрсетіпті. Әділет жасанды жолмен дем берсе, Нұрғиса жүрегіне массаж жасап, баланың бетін бері қаратып алыпты. Сол екі арада жедел жәрдем де көмекке келген. Содан соң суға батқан бүлдіршін аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Осылайша жас сарбаз бен бауырының батыл әрі сенімді іс-әрекетінің арқасында бір бүлдіршін ажалдан аман қалды. 

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз