Түркістан төрінде өткен көрме-байқау отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілетті екендігін көрсетті

Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауға қатысуға 80-ге жуық компания өтінім берді. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен маңызды іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, өңір тауар өндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады.
– Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін Үкімет тарапынан бірқатар бағдарламалар қабылданды. Осындай іс-шаралардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы. Бүгінгі көрме-конкурсының өткізілуі инвестициялық жобаларды және технологияларды енгізу арқылы қазақстандық жаңа брендтерді арттырады. Өнеркәсіп тауарларын сатып ала отырып, отандық тауар өндірушісін қолдап, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда облыста шығарылатын көптеген өнім түрлері бойынша республиканың ішкі нарығын толықтыруға мүмкіндігіміз мол. Өңірлік кезеңнің лауреаттары біздің облысты республикалық көрме-байқауда көрсетеді, – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков те көрменің маңыздылығын атап өтті.
(Өңірлік көрме-байқау туралы
кеңейтілген материалды газетіміздің 2-бетінен оқи аласыздар).