Ақпараттар ағыны

Халықаралық балалар марафоны өтеді

«Балалар жылында» Кентау қаласы әкімі Рашид Аюповтың бастамасымен «KENTAU KIDS MARATHON 2022» халық­аралық балалар марафонын өткізуге дайындық басталды. Марафонға екі мыңға жуық балғын спортшылар қатысады деп жоспарлануда. 
Халықаралық деңгейде өтетін марафонда түрлі жарыс жеңімпаздары да келіп, балаларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы мен артықшылықтары туралы айтып береді. Сондай-ақ марафон жеңімпаздарына халықаралық жарыстарға жолдама беріледі. 
Марафон алдағы қыркүйек айының 25-жұлдызында өткізіледі деп жоспарланған. Қазір іс-шараға дайындық жұмыстары қызу жүруде. Жарысқа қатысушылармен қатар спортшылардың қолдаушыларының да келуіне байланысты Кентаудың туристерді қабылдау әлеуеті көрсетіледі. Кентау қаласында халықаралық деңгейде өтетін алғашқы спорттық іс-шараның жергілікті кәсіпкерлерге де тигізер пайдасы көп болмақ. 

Нұрқанат әлемді мойындатты

Шілде айының соңғы 10 күнінде Нидерланд мемлекетінің Роттердам қаласында әлем полицейлері мен өрт сөндірушілері спорттың бірнеше түрінен жарысқа түсті. 
Сайысқа 97 мемлекеттен кіл мықтылар қатысты. Оның ішінде Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрқанат Өтешов те бар. 
Нұрқанат армрестлинг спорты бойынша 90 келі салмақта күш сынасып, берілген санаулы уақыт ішінде қарсыластарынан айла-тәсілін асырып, жеңіске жетті. Оң қолымен 5 қарсыласпен күресіп, 5-еуін де жеңіп, алтын медальді иемденді. Сол қолмен бәсекеге түскенде жүлделі ІІ орынды алды.
Осылайша Созақ ауданының тумасы, ішкі істер саласында 2004 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрқанат Беркінбайұлы, елге алтын және күміс алқамен оралды. Жастайынан спортпен шұғылданған полиция аға лейтенанты қол күресімен 2011 жылдан бері айналысып келеді. Жетістіктері де аз емес, тіпті Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы да атанған. Отбасылы, көпбалалы әке. Бүгінде жұбайы екеуі 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр.

Ескекшілер 40 медаль иеленді

Жезқазған қаласында байдарка мен каноэда есу спортынан жастар және ересектер арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті. 
Дүбірлі сынға 12 өңірден 130-ға жуық спортшы қатысты. Спортшылар 200, 500, 1000 және 5000 метр қашықтықта сынға түсті. Қазақстан Республикасының жекелей және командалық чемпионатында Түркістан облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Су спорты түрлерінен Түркістан облысының ОРМБЖСМ спортшылары алғашқы күннен чемпионаттың басты фавориттері саналды. Жерлестеріміз әр түрлі бағдарламаларда 19 алтын, 12 күміс және 9 қола жүлдеге ие болды. 
Атап айтқанда, Н.Сергеева 1000 м, 500 м, 200 м, 5000 м қашықтықтарда өткен жарыста 4 алтын медальді олжалады. Сонымен қатар К.Семеникинамен жұптасып ескек есуде де топ жарды. 
Осы дүбірлі додада Б.Раматулла, В.Панкратов, К.Семеникина, Е.Тютюкина, Т.Әлиханов, Д.Бахрадин, Д.Корыткина, Д.Эргашханова да алтыннан алқа тақты. Командалық екінші орын Шымкент спортшыларына бұйырса, үштікті елордалықтар түйіндеді.
Түркістан облысының үздік ескек есушілері О.Ковалева, Е.Кеңесов, С.Сергеев, Е.Синявская сынды бапкерлердің басшылығымен Азия кубогына дайындықты бастап кетті. Бұл жарыс 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Жапонияда өтеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз