«Конгресс–Холл» шақырады

Түркістан – мәдениеті мен өнері, әдебиеті мен әлеуеті, экономикасы мен руханияты ұштасқан киелі шаһар. Қазақстанда теңдесі жоқ заманауи кітапхананың, жаңа заманауи технологиялармен жабдықталған мұражайдың және алғашқы қойылымымен-ақ елді елең еткізген театр ғимаратының тап осы көне шаһарда бой көтеруі рухымызды асқақтатқан оқиға болды. Тек бір мәселені естен шығармайық, Түркістанның мәдени жауһарына айналып үлгерген ғимараттардың барлығы рухани шаһарға туристер тарту үшін ғана емес, тарихи қаланың бай мәдениетін әлемге паш ету мақсатында салынған.   

Мәселен, қаланың жаңа әкімшілік – іскерлік аумағында бой көтерген «Конгресс–Холл» көпсалалы кешені түрлі концерттер мен театрландырылған қойылымдарға, мәдени іс-шаралар мен байқаулар, ғылыми конференциялар және басқа да шаралар өткізуге арналған бірегей көпфункционалды нысан. 
«Конгресс–Холл» көпсалалы кешені Түркістан қаласындағы қазіргі заманға сай әлеуметтік-мәдени ошақтардың бірі болып саналады. Сондықтан аталған кешен Түркістан шаһарының дамуына зор үлес қосатын болады. Атап өтерлігі, заманауи ғимарат қала тұрғындары бос уақытын тиімді пайдалануы үшін хореография, би бөлімі, фитнес залдармен жабдықталған. Еліміздің келешегі – жас жеткіншектердің бойына ұлттық сананы қалыптастыру, олардың ой-өрісін дамытуға арналған арнайы бөлме жұмыс істейді. Әртүрлі мәдени іс-шаралар кезінде әртістерге арналған грим бөлмелері, тіпті, бірінші қабатта мейрамхана қызмет көрсетеді.  
Сонымен қатар, шығармашылық ұжымдарға арналған екі залда камералық, симфониялық, халық аспаптары оркестрлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, заманауи техникаларға сай кәсіби дыбыс жазу студиясы бар. Осыған сай ішкі қабырғалары акустикалық арнайы дыбыс жұтқыш материалдармен әрленіп, мұндағы студияда сандық (цифрлық) аппаратуралар орнатылған.
Бұрын киелі шаһар негізінен дін мен тарихтың, руханият пен қолөнердің орталығы ретінде танылып келсе, қазір Түркістанның жаңа мәдени даму кезеңі басталды деп сеніммен айтуға толық негіз бар. Өз кезегінде «Конгресс–Холл» көпсалалы кешенінің де көне шаһардың мәдениетін дамытып, тарихын танытуға тигізер ықпалы зор болмақ. Екі жылдың өзінде бұл орталықта түрлі мәдени іс-шаралар мен халықаралық өнер фестивальдері ұйымдастырылып келеді. Қалай болғанда да «Конгресс–Холл» жаңарған Түркістанның көркіне көрік қосары сөзсіз.

Жансая ЕДІЛ, 
«Конгресс–Холл» көпсалалы кешенінің шығармашылық бөлім әртісі.
Пікір қалдырыңыз