Легионерлер, тағы да легионерлер

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біздің елде легионерлер тақырыбы өзектілігін ешқашан жойған емес. Бұл тақырып теннистен Елена Рыбакина «Уимблдон» турнирін жеңіп алғанда бір қозғалып, жеңіл атлетикадан Нора Джеруто әлем чемпионы атанғанда тағы көтерілді. Кениядан келген Нора Джерутоның ерлігіне қол соқпағанымыз жарамас. Ол тәуелсіз Қазақстан тарихында әлем чемпионатының алтынын мойнына таққан тұңғыш спортшымыз болды. Алайда, Джерутоның спортшы ретінде қалыптасуына, өсуіне Қазақстанның емес Кенияның еңбегі сіңгенін мойындамау – азаматтығымызға сын.
Бұрындары легионерлер туралы әңгіме қозғалса, клубтық деңгейдегі командаларды сөз қылудан әрі аспайтынбыз. Қазір ұлттық құрамаларға да легионер шақырту үрдісі белең алып тұр. Футболдан ел намысын қорғайды деген ұлттық құрамамыздағы футболшылардың басым көпшілігі Ресей, Украина, Беларусь футбол мектебінің түлектері. Кейінгі жылдары ел чемпионатында тәуір өнер көрсетіп жүрген африкалық Гоуды, хорватиялық Томасовты, бразилиялық Паулоны ұлттық құрамаға тартсақ қайтеді деген әңгімелердің де қайта-қайта қозғалғаны рас. 
Ал, футзалдан ұлттық құраманың әлем, Еуропа чемпионаттарындағы жетістіктерінің басында бразилиялықтар тұрғанын ешкімнен жасыра алмайсыз. Алайда, олармен тетелесіп, жергілікті футболшылардың да өскенін айтқан жөн. Мәселен, Біржан Оразов соңғы өткен Еуропа чемпионатында үздік сұрмерген атанды. Ал, одан бұрынғы әлем чемпионатында Дәурен Тұрсағұловтың өнеріне жаһан жұртшылығы қол соққан. Демек, футзалға легионер тарту дәстүрі өзін-өзі ақтады десек болғандай. 
Қанша легионер тартып, шығындалсақ та көсегесі көгермей қойған спорт түрлері баршылық. Соның бірі ретінде хоккейді айтқан болар едік. Биыл ғана Финляндияда өткен әлем чемпионатында біздің құраманың намысын 14 (!!!) легионер қорғады. Оның екеуі Канададан, біреуі Швециядан болса, қалғандары Ресейден келген. Сондағы нәтижеміз – топтық турнирде 7-орын алып, жоғары дивизиондағы орнымызды әрең сақтап қалғанымыз. Хоккейден ұлттық құрамамызда легионерлердің қаптап жүруі алғаш рет емес. Демек, шетелден хоккейші шақыртудың өнбейтін іс екенін мойындайтын уақыт жетті! 
«Қазақ – жауырыны жер иіскемеген балуан халық, қазақ – құралайды көзге атқан мерген халық» деген мақтанның да құрғақ мақтан екенін осы спорт саласы дәлелдеп бергендей. Әр 4 жылда бір келетін, бүкіл дүние жүзі көз тігетін Олимпиада ойындарының бағдарламасында нысана көздеуден бірнеше жарыс түрі бар. Әлемнің мергендері оқ ату, садақ ату секілді бірнеше сайыс түрі бойынша жүлделерді сарапқа салады. Осыған дейін бірде-бір спортшымыз нысана көздеуден Олимпиада алтынын алып көрмеген. Тек 1996 жылы Сергей Беляев Атланта Олимпиадасының күмісін мойнына таққан. Мұндай спорт түрінің барын біздің ел білмейтін сияқты деп айтайын десек, атағы дардай-дардай федерациялары жұмыс істеп тұр. Біздің елдің атынан осындай жарысқа қатысып жүрген спортшылардың да есімін ел білмейді. Білмейтіні көпшілігі алыс-жақын шетелден келеді, оны да қоя беріңізші, көрсетіп отырған нәтижелері және жоқ.
«Балуан халықпыз» деп мақтана берудің де реті қалмағандай. Тәуелсіздік алғалы бері еліміз Олимпиадада күрес түрлерінен бір-ақ рет алтын жүлде жеңіп алған. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко Әнұранымызды шырқатқан. Ол Мельниченконың өзін де Олимпиада қарсаңында аттай қалап Қырғызстаннан әкелгенбіз. Оны мықты спортшы етіп дайындаған Қазақстан емес, Қырғызстан. Одан кейін біздің балуандар бірде-бір алтын жүлде иелене алмапты. Шеттен келіп, Олимпиада жүлдесін алып берген балуандар да аз емес. Мәселен, 2004 жылы Афины Олимпиадасында Георгий Цурцумия, Геннадий Лалиев, Мкхитар Манукян есімді легионер балуандар ел қоржынына жүлде салды. 2008 жылы Пекиннен жүлде әкелген Марид Муталимовтың жетістігіне де соншалықты қуана алмадық. Тура сол жылы Ақжүрек Таңатаровтың орнына Олимпиада ойындарына Леонид Спиридоновтың барғанын білеміз. Сол сенген Спиридонов құрама қоржынына соқыр ұпай да салған жоқ. Есесіне 4 жылдан кейін Олимпиадаға баруға мүмкіндік алған Ақжүрек Таңатаров жүлде әкелген. Лондон Олимпиадасынан қола жүлде иеленген Даниял Гаджиевтің Ресейден, Риода алтын алған Нижат Рахимовтың Әзірбайжаннан, Александр Зайчиковтың Белоруссиядан, Фархад Харкидің Қытайдан, Отгонцэцег Галбадрахтың Моңғолиядан келген спортшылар екенін күллі әлем біледі. Бұл аталған спортшылардың жүлдесіне ел кереметтей қуана алмады. Соңғы Олимпиадада өз тарихымызда ең аз медаль алсақ та, Зулфия Чиншалло (Қытай) мен Артас Санаевтың (Ресей) жүлделерін өз жүлдеміз деп айтуға аузымыз әрең барады.
Біз санамалап отырған легионерлер халықаралық жарыстарда жүлде алып, атымызды шығарған спортшылар. Ал, құйған ақшаны ақтамай, нәтиже көрсетпей, аты шықпай ұмытылып кеткен спортшылар қаншама?! 
Қазір әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мен Беларусь елінің спортшылары көптеген жарыстардан шеттетілді. Енді 2 жылдан кейін Парижде жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарына бұл қос елдің спортшылары қатыспауы мүмкін. Оның үстіне Франция өзге Еуропа елдеріне қарағанда Ресейге қаттырақ өшігіп тұр. Сондықтан Ресей спортшыларын өз елінде өтетін ойындарға жібермеуі мүмкін. Одан кейінгі жазғы Олимпиада АҚШ-та, тағы 4 жылдан кейін Австралияда өтеді. Ресей спортшылары кемі 3 Олимпиадаға қатыса алмауы мүмкін. Яғни халықаралық аренаға шығу үшін ресейлік спортшылар өзге елдердің азаматтығын алуға тырысады. Оның ішінде Ресейге іргелес жатқан Қазақстан да бар. Ендігі жерде солтүстіктегі көрші елден легионерлердің бұрынғыдан да көп ағылуы ғажап емес... 
Легионер тарту үрдісінің белең алуы біздің елдегі спортқа деген көзқарасқа да байланысты. Мәселен, спорт шенеунігі бір орында ары кетсе 4-5 жыл отырады. Осы уақыт ішінде оған нәтиже көрсететін спортшы керек. Жасөспірімдер спорты қаншалықты деңгейде дамығанын көз көріп жүр. Шенеунік жұмысының нәтижесін көрсету үшін шеттен легионер тартуға «мәжбүр». Демек, спорт басшыларының жұмысын сол кездегі жетістігімен ғана өлшеу аздық етеді. Біздің ойымызша, олардан бірінші кезекте жергілікті спортшылардың жетістігі туралы сұралуы керек. Сонда Нора Джерутолардың емес, өзіміздің жергілікті спортшылардың халықаралық аренада атой салғанын көретін боламыз!
Пікір қалдырыңыз