Шымыр бек баһадүр

Шымыр бек баһадүр – әйгілі Бәйдібектің Дулат деген немересінің кенже ұлы. Шымыр бек баһадүр туралы соңғы жылдары белгілі ғалым, саяси ғылым докторы Ержан Исақұловтың қабырғалы зерттеулерге барып жүргені қалың жұртшылыққа белгілі. Ал, Бәйдібектің көптеген ұрпақтары қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады. Олардың біразы біздің редакцияға хабарласып, Е.Исақұловтың зерттеулерін жариялауымызды өтінеді. Біз өз кезегінде ғалыммен байланысқа шықтық. Е.Исақұлов оқырмандардың бұл ұсынысын қабыл алып, Шымыр бек баһадүр мен оның немересі Қабылан бек баһадүр туралы тың деректер ұсынды.

«Фолиант» баспасынан түркі тайпалары мен оның мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның шынайы тарихы жазылған  «Шыңғыз хан» атты кітап жарық көрді. Ол кітапта қазіргі қазақ халқын құрайтын  ірі қауымдастықтардың шежіресі бастау алатын Бәйдібек Қарашаұлының  Шыңғыз ханмен жақын аталас туыс екендігі, оның XI ғасырда өмір сүргені, оның Дулат деген ұлы әлем билеушісінің  даңқты ұлдары  мен оның немерелерімен замандас болғаны айтылған. Ал, бұл мақаладағы Шымыр бек баhадүр мен оның ұрпақтары туралы  жаңа мәліметтер «Шыңғыз ханда» көрсетілген  деректерді растайтын тағы бір аса құнды дәлел болып табылатыны сөзсіз.    
2021 жылы Ақтан сопы Құтбтың «Біздің тарих» атты шағатай тіліндегі еңбегі қазақшаға аударылды. Аталған еңбектің дүниеге келуіне әу баста Шыңғыз ханның алғашқы нөкерлерінің бірі саналатын, сонан соң Шағатай ханның алғашқы уәзірі болған Құшық ноян себепші болған екен. Яғни күндердің бірінде Шағатай хан Шыңғыз ханның өмірбаянын жақсы білетін Құшық нояннан Шыңғыз ханның қай жылдары қайсы аймақтарды жеңіп алғаны туралы сұрайды. Ол болса, қартайып қалғанының салдарынан сұралған оқиғаны жақсы есіне түсіре алмай қалады да, үйіне барып сол оқиға туралы қызметшілерінен сұрап білмек болады. Бірақ, қызметшілері де ол оқиға жайлы мардымды мәлімет айта алмайды...
Осы оқиғадан кейін Құшық ноян қағазға жазылмай қалған дүниенің бәрі ұмытылып, ізсіз жоғалып кетуі мүмкін екенін түсінеді де, содан өзінің және туыстарының бар білгендерін жаздырады да, Орақты ноянның ұлы Мұға ноянға табыстап, «бұл жазбаларды ұрпақтан ұрпаққа мұқият түрде жеткізіп отыру қажет» деп өсиет айтады.
 Сол өсиетке байланысты ол жазбалар ұрпақтан ұрпаққа өте отырып, Мұға ноянның XVIII ғасырда өмір сүрген ұрпағы Ақтан сопы Құтбқа жетеді. Сонда ол Құшық нояннан бері қарай жинақталып келген барша тарихи деректерді сұрыптап, реттеп, соның негізінде 1730 жылы «Біздің тарих» атты кітабын жазады (Ол кітапта айтылған мәліметтер Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегінің 773-774 беттерінде және Зәріпбай Оразбайдың 2021 жылғы жарық көрген «Ұлы Түрк тарихы» кітабының «Құшық ноян атамыздың өсиеті» деп аталған тақырыбында кеңінен баяндалған болатын).
2022 жылы Ақтан сопы Құтб ұрпақтарының бірінен оның парсы тілінде жазылған тағы бір қолжазбасы табылды. Ол еңбектің біраз беттері әйгілі Шымыр Алтыбармақтың шығу тегіне арналған екен. Онда Шымыр Алтыбармақтың арғы атасы Шымыр бек баhадүр мен оның кейбір ұрпақтары туралы төмендегідей баға жетпес аса құнды деректер келтірілген: «...Шымыр Алтыбармақ бабамыз дуғлат мыңдығының атақты қолбасшысы Шымыр бек баһадүр нәсілінің гүлбақшасында, руханияттың жұпар иісін аңқытып тұрушы райхан гүлі сияқты дүниеге келді. Ал, Шымыр бек баһадүр болса, ол жаужүрек батырлардың баһадүрі, жауларға арыстандай айбат шегіп, олардың жүректеріне қорқыныш ұялататын алып сардар, соғыс ісінің қыр-сырын терең білетін шебер қолбасшы әрі қиын-қыстау кездерде өз қауымын қиындық жағдайлардан аман алып шығатын данагөй жолбасшы және хандарға да ақыл-кеңес айта алатын кемеңгер ақылшы ретінде танылған мәшһүр де даңқты баһадүр-тұғын.
Содан болар, Шағатай ұлысының билеушісі Барақ ханның (Шағатай ханның немересі – Е.И.) атақты қолбасшыларымен бірге Қайду хан (Угетай қағанның немересі – Е.И.) шақырған Талас құрылтайына барғаны жайлы жалайыр тайпасынан шыққан Орақты ноянның немересі, Мұға ноянның ұлы Жалайыртай баһадүр бабамыз өзінің бітіктерінде (жазбаларында) нақты түрде дерек жаздырып қалдырған. Кезінде Шағатай хан олардың әкелерін Шаш (Ташкент) уәлаятын игеруге жіберген, сөйтіп, Жалайыртай аталарымыз Шашқа келген кезде, Шымыр бек баhадүр де сонда келген. Шымыр бек баһадүр кезінде Барақ хан мен Абақа ханның соғысына да қатысқан. Онан соң да, ол Жалайыртай атамыз қатары, дуғлаттардың мыңдық қолын басқарып, Барақ ханның ұлы Дуа ханның әскерімен бірге бірнеше рет Құбылай ханның әскеріне қарсы соғыстарға қатысқан атақты қолбасшы еді.
Ол (Шымыр бек баhадүр) біздің Жалайыртай атамыздан шамалы бұрын қайтыс болып, Шаштың маңайындағы өзінің жұртына жерленген. Ол өмірінің соңғы жылдарында құлшылық пен тақуалық ұстанып, Құдайға құлшылық жасау үшін тәркі дүниелік ұстанымда болды. Содан болар, ол пәниден бақиға көшкенінен кейін халайық оны әулие деп атайтын болған.
Шымыр бек баһадүрден кейін оның мыңдық қолына оның Жиенбай бек баһадүр деген немересі сардар болды. Көкбөрі баhадүр Дуа ханнан екі түмен әскер сұраған кезде, Дуа ханның пәрмені бойынша дуғлат мыңдығын осы Жиенбай бек баһадүр бастап шыққан болатын. Сөйтіп, ол соғыстан ауыр жарақаттанып қайтты. Сосын оның орнына Шымыр бек баһадүрдің басқа бір немересі, яғни Қапланды (Қабыланды) бек баһадүр Шаш уәлаятындағы дуғлат мыңдығына мыңбасы – қолбасшысы болды. Ол сахараға аңға шығып, қабылан салып аңшылық жасауды өте ұнататын, сондай-ақ оның аңшылыққа үйретілген қабыланы да бар еді. Содан оны жұртшылық Қапланды бек баһадүр деген лақаб атымен атайтын.
Қапланды бек (Қабыланды) баһадүрдің әкесінің есімі бізге мәлім емес, тек оның Қайду хан шақырған құрылтайдан екі жыл бұрын дүниеге келгені және ол өзінің әкесі сияқты сардар болғаны белгілі.
Ал, Қапланды бектің әкесінің бәйбішесінен дүниеге келгені және одан үлкен үш әпкесі және бірнеше інілері болғаны мәлім. Сондай-ақ, Қапланды бек баһадүр туралы көбірек мәлімет жеткенінің себебі, ол атақты батыр әрі шебер қолбасшы болған екен. Және айтуларынша, ол өзінің атасы Шымыр бек баһадүрге тартқан, яғни алып тұлғалы, өте сұсты, әрі көп адамдар оған тік қарауға қаймығатын арыстандай айбатты кісі болған. Және хандардың арасында да оның беделі аса жоғары болғандықтан, ол Сайрамға уәли етіп тағайындалған еді.
Қапланды бек баһадүр қартайған кезде оның орнына ұлы уәли болды. Бірақ, оның уәлилік мерзімі көпке ұзамады, яғни Әмір Темір билікке келгеннен кейін оны Сайрамның уәлилігінен шеттетіп, орнына басқа адамды тағайындапты.
Қапланды бек баhадүрдің бұл ұлының есімі бізге белгілі емес, бізге тек оның Аллайар есімді ұлы туралы кейбір деректер жеткен. Бұл туралы оның Мухаммад шариф (Мұхаммедшәріп) деген ұлы кейбір деректерді жазып қалдырған екен. Яғни Аллайар да, оның әкесі де Қапланды бек баһадүр сияқты әскери сардар болған және оның бірнеше ұлдары бар еді. Ал, оның ұлы Мұхаммедшәріп болса, ол дін жолын таңдапты. Содан болар, оның әлемге әйгілі Алтыбармақ және Низамуддин есімді ғұлама ұлдары да дін жолын таңдап, ұлық әулиелердің дәрежелеріне ие болыпты.
Мұхаммедшәріптің үлкен ұлы Шоқай бек баhадүр атасы Аллайардың қолында қалып, әскер өнеріне ден қойып, атақты қолбасшы дәрежесіне жетеді. Ал, Алтыбармақ пен Низамуддин әкесімен бірге Шашқа кетіп, дін үйренуге ден қойып, үлкен ғұламалар және мемлекет қайраткерлері болып жетіледі. Бұл екеуі жайлы Руқайа мамамыздың естелік жазбасында кеңінен әңгіме етілген (Руқайа Алтыбармақтың ұлы Темірбалтаның қызы, ол жалайырға тұрмысқа шыққан, яғни «Біздің тарих» атты кітаптың және осы қолжазбаның авторы Ақтан сопы Құтбтың әжесі болады. Сондықтан Алтыбармақтың шежіресі Руқайа қайтыс болған соң Ақтан сопы Құтбқа мұра болып қалған).
Мұхаммедшәріп бабамыздың өзі Әмір Темір билігінің дәуірінде дүниеге келіпті. Ал, оның ұлы Алтыбармақ бабамыз Әмір Темір қайтыс болған жылы дүниеге келген екен. Оның ағасы Шоқай одан екі жыл бұрын, ал, інісі Низамуддин екі жыл кейін туған. Сондай-ақ Мұхаммедшәріп бабамыздың басқа да ұл-қыздары көп болған екен.
Солардың ішінен Шоқай бек баһадүр даңқты қолбасшы болып жетіледі. Сөйтіп, ол Әмір Темірдің ұлы Шахрух қайтыс болғаннан кейін, өзінің ата-бабасының тарыдай шашылып кеткен әскерлерін атасы Шымыр бек баһадүрдің жұртына жинап, ретке келтіреді. Сосын, Шахрухтің ұлы Ұлығ бек (Ұлықбек) қайтыс болған жылы Сайрамның уәлиін биліктен тайдырып, өз билігін орнатып, қайтадан өзі уәли болады.
Ал, оның екі бауыры туралы Рұқайа анамыздан жеткен деректер бойынша, Алтыбармақ бабамыз өмірінің соңғы кездерінде Отанына оралуды армандап жүрген, бірақ, жасы жүзге жақындап, жол сапарына жарамайтын болып қалғандықтан арманына жете алмай, Әлішер Науаи қайтыс болған жылдың келесі жылына, шамамен 908 (1502) жылы Хиратта (Гератта) қаза тауыпты. Сөйтіп, өзінен үш-төрт жыл бұрын дүние салған бауыры Низамуддин жерленген мазаратқа жерленіпті.
Низамуддин Хусайн Байқара сарайында жоғары лауазымда, яғни Қази ал-қузат (жоғары сот төрағасы) мансабында қызмет еткен.
Туысқандарының және жақын адамдарының қазасынан соң Темірбалта әкесі Алтыбармақтың өсиетіне сай Шашқа (Ташкентке) қоныс аударады. Сөйтіп, жалайыр руының тумасы Шұрқырауықұлы Барсық деген ғұлама кісімен достасады да, оның Нәдір деген баласына қызы Руқайаны береді, өзі сол жерде қоныстанып қалады.
Низамуддиннің ұрпақтары да Темірбалта қоныс аударған кезде, онымен бірге Шашқа (Ташкентке) келеді. Сосын Сайрамның маңайында қоныстанған жақын-туыстарын тауып, сол жерге барып қоныстанады.
Алланың қалауымен Ұлық әулиелік дәрежесіне жеткен Шымыр Алтыбармақ бабамыздың (Алла оның қасиетті рухын қош иісті қылсын) шарапатты шығу тегі мен оның даңқты бауырларының бізге белгілі болғандары осы айтылған деректер.
 Осы келтірілген деректерді талдай отырып, Шымыр бек баһадүрдің Алтыбармақ бабамызға дейінгі ұрпақтарының ретін кестеге салып қарайтын болсақ, келесідей шежіре тізбектеледі.
Шымыр бек баһадүр:
1. Шымыр бек баһадүрдің ұлы (есімі белгісіз) – 1267 жылы туған;
2. Қабыланды бек баһадүр (Шымыр бек баһадүрдің немересі);
3. Қабыланды бек баһадүрдің ұлы (есімі белгісіз) (Шымыр бек баһадүрдің шөбересі);
4. Аллайар (Шымыр бек баһадүрдің шөпшегі);
5. Мұхаммедшәріп (Шымыр бек баһадүрдің неменесі) Әмір Темір билігінің дәуірінде (1370 жылдан кейін) дүниеге келіпті;
6. (Шымыр бек баһадүрдің жүрежаттары). Бұл буынды талдап қарағанымызда, жоғарыда көрсетілгендей Алтыбармақ бабамыз Әмір Темір қайтыс болған жылы дүниеге келгені (Әмір Темір 1405 жылы қайтыс болған – Е.И.) белгілі болады, оның ағасы Шоқай одан екі жыл бұрын, ал, інісі Низамуддин екі жыл кейін туған екен».
 (Қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданының солтүстік-шығысында Қапланбек атты елді мекен бар. Ол жерде 1928-1992 жылдар аралығында дүние жүзіне белгілі жүзім мен жеміс өндіретін «Қапланбек» атты шаруашылық болған, 1992 жылдан бері ол «Қапланбек» шаруа қожалығы деп аталады. Менің пайымдауымша, Қапланбек елді мекенінің атауы Қабланды (Қапланды) бек баһадүрдің атымен тікелей байланысты. Ол елді мекеннен шамамен 15 шақырым жердегі Ташкент қаласында Қабыланды бек баһадүрдің бабасы Шымыр бек баһадүрдің кесенесі орналасқан).
Қолжазбадағы деректерге қарағанда, Ақтан сопы Құтб аталған еңбегін өзінің түп нағашысы болатын Шымыр Алтыбармаққа арнаған. Сондықтан қолжазбаның авторы Алтыбармақтың жоғарыда көрсетілген ата-тегі мен олардың бірер ұрпақтарының аттарының белгісіз болғанына аса көңіл бөле қоймаған және тек өзінің қолында бар деректермен ғана шектелген.
Алтыбармақ өзінің өмірінің көп бөлігін араб елдерінде өткізіпті, оның мәйіті қазіргі Ауғанстан жерінде қалыпты. Алтыбармақтың туған бауырлары мен олардың кейбір ұрпақтары да көбінесе ата жұрттан алыс жерлерде өмір сүрген екен.
Ақтан сопы Құтбтың қолжазбасынан шығатын қорытынды: Шымыр бек баhадүр Шағатайдың ұрпақтарының әскерінің құрамында болған дуғлат руының мыңдығына қолбасшылық еткен,Үгетай қағанның немересі Қайду хан шақырған Талас құрылтайына (1269 жылы) Шағатайдың немересі Барақ ханмен бірге барған. Барақ хан мен Хұлағудың ұлы Абақа ханның арасында орын алған шайқасқа да (668 хижра, григорян жыл санауы бойынша 1270 жылы) және Барақ ханның ұлы Дуа хан мен Құбылай қағанның арасында болған соғысқа да қатысқан. Өмірінің соңында тек Аллаға құлшылық етумен болған, әулие атанған. Шымыр бек баһадүрдің әулие болғаны туралы дерек бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірінен саналатын Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты еңбегінің 2-ші томының 117-бетінде сақталған Бүйін дұғасы: «Мейрімді де рахымшыл Алланың атымен (бастаймын)». «Буйи буйи дисади буйи мазар аулийа, Сырым сырым дисади сари мазар аулийа,Шайхан Шымыр аулийа, Бір тухумдай бурун батар аулийа, Күн батарда қарақат аулийа, Күн кузинда аулийа, Жір жүзінде аулийа, Буйи буйи буйи чиқ, Бүйи килди қамбар чиқ, Қамбар қилди қалма чиқ, Атқан уқдан қаттиғ чиқ, Ағин судан жітік чиқ, Тахт Сүлейман пайғамбар дами бірлан, Манда килдум сан да чиқ, Ала буйи жатіб атар, Қара буйи Худаниң құрти булди, Құдіратдин фарман бұлди», Тағында отырған Сүлеймен пайғамбардың демімен «сүф!» шық! («Зикзалда» бұл дұғаның сөздері асыл мәтінде қалай берілген болса, дәл солай оқылуы қажет деген ескерту бар).
 Шымыр бек баһадүр Шаш қаласының маңайында жерленген.
Ол Шыңғыз ханның шөберелерімен (Құбылай қағанмен, Қайду ханмен, Барақ ханмен, Абақа ханмен) замандас болған, яғни XIII ғасырда өмір сүрген.
Шымыр бек баhадүрдің шежіресі мен оның қазіргі Ташкент қаласындағы кесенесінің орны қазақ жұртына ежелден жақсы белгілі. Оның Шынболат (Шынқожа), Бекболат және Темірболат (Темір) деген ұлдары болған. Шымыр бек баhадүрдің әкесі әйгілі Бәйдібектің Домалақ ана деп аталып кеткен Нұрила деген үшінші әйелінен туған Тілеубердінің (Жарықшақтың) Дулат атты ұлы. Дулаттың Шымырдан басқа Сиқым, Жаныс және Ботбай деген ұлдары болған. Олардың аттары кейіннен сиқым, жаныс, ботбай және шымыр деген рулардың атауына айналған. Оларды жалпы дулат деп атайды. Дулат руы қазіргі кезде қазақ халқын құрайтын ірі қауымдастықтардың қатарына жатады. Бұл рудың шығу тегі туралы төмендегідей бұлжытпас деректер бар:
 Рашид ад-дин Фазуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» («Тарихтар жинағы») атты 1316 жылы жазылып біткен кітабының 244-246 беттерінде Шыңғыз ханның төртінші атасы Тумбине ханның Жақсы, Барын, Қажула, Сим Қашуын, Баат Килуғай, Қабыл хан, Одыр Баян, Боданжар, Есутай атты тоғыз ұлы болғаны, олардың жасы үлкен бесеуі бірінші әйелден, қалған төртеуі екінші әйелден туғаны жазылған. Шыңғыз ханның үшінші атасы Қабыл хан мен оның туған бауыры Боданжар Тумбине ханның екінші әйелінен туғандығы айтылған. Қабыл ханнан сол кезге дейін бірнеше ғасырлар бойы ұмыт болып келген қият руы бастау алатыны, ал, Боданжардан барлық дуқұлат (дуғлат, дулат) руы тарайтыны анық жазылған. Сонымен қатар, Тумбине ханның бірінші әйелінен туған Қажуладан Әмір Темір шыққан барлас руы тарайтыны көрсетілген.
«Жамиғ ат-тауарихтың» түпнұсқасының 206, 246, 329-330-беттерінде жоғарыда аталған дуқұлат (дуғлат, дулат) руының Шыңғыз хан 41 жасқа келгенде (1196 жылы) құрған он үш күреннің тоғызыншысының құрамына кіргені, бірақ, сол кезде ол ру әлі танымал болмағандығы туралы жазылған.
Шыңғыз хан әскерлер мен жаулап алған жерлерді балалары мен туысқандарына бөлгенде Алтай мен Жейхун (Амудария) аралығын Шағатайға бергені туралы «Жамиғ ат-тауарихтың» 762-бетінде анық айтылған.
1269 жылғы Үгетай қағанның немересі Қайду хан шақырған Талас құрылтайының шешімінен кейін Құбылай мемлекетінде тәуелсіз жаңа үш мемлекет пайда болады: Жошы ұлысы, Қайду ұлысы және Шағатай ұлысы. XIV ғасырда кейінгі екі ұлыстың шығысында дулаттардың мемлекеті – Моғолстан, ал, батысында Әмір Темір құрған мемлекет тарих аренасына шыққаны мәлім.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің 1541 жылы жазылып біткен «Тарих-и Рашиди» атты кітабының 226-232, 236, 297-330-беттеріндегі дерек бойынша: «...Жоғарыда аталған бөлісте дулат руы Шағатай ханның үлесіне тиеді. Шағатай хан дулат руының еншісіне Маңлай Сүбені («Күнгей жақты») береді. Маңлай Сүбенің бір жағы Шашпен (Ташкентпен), екінші жағы Шалышпен, бір шеті Ыстықкөлмен және бір тарабы Сары Ұйғырмен шектеседі. Осы қоршалған төрт тараптың ортасында Қашғар мен Хотан орналасқан. Дулат арасынан бірінші болып аталған өлкеге иелік еткен Шыңғыз ханнан жеті артықшылық алған Мұхаммед Хайдар Дулатидің арғы атасы Өртебураның ұлы әмір Байдаған. Одан ол жер ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға, перзенттен перзентке мұра болып мырза Әбу Бәкірге, яғни Мұхаммед Хайдар Дулатидің бабасының еншісіне тиеді.
XIII ғасырда Маңлай Сүбеге қарасты жерлерде пайда болған Моғолстан мемлекетінің тізгіні үш ғасырға жуық жоғарыда аталған Өтебураның Байдаған атты ұлынан тараған Түлек, Болатшы әмір, Шамс ад-дин, Камар ад-дин және Шейх Дәулет деген ұрпақтарының қолында болған.1348 жылы Болатшы әмір Моғолстан мемлекетінің тағына Барақ ханның Дуа деген ұлынан туған Есенбұғаның ұлы Тоғылық Темірді отырғызады (Мұхаммед Хайдардың айтуынша, Тоғылық Темірге дейін Моғолстан мемлекетін сегіз хан басқарған).Тоғылық Темір 24 жасында ислам дінін қабылдайды, 1363 жылы қайтыс болады. Одан кейін Болатшы әмірдің інісі Камар ад-дин Моғолстанның тағына Тоғылық Темірдің ұлы Iлияс қожаны отырғызады. Iлияс қожаның Мавреннахрға жасаған жорығы сәтсіз болып, дулат әмірлерінің наразылығын тудырады. 1365 жылы Камар ад-дин Iлияс қожаның ордасына шабуыл жасап, онымен қоса 18 ханзаданы өлтіріп, өзі хан атанады. Сол кезде Мавреннахрдың билігі Әмір Темірге өтеді. Осы сәттен бастап Тоғылық Темірдің кезінен басталған Шағатай ұлысының билігі үшін күрес өрши түседі. Моғолстан әмірлерінің Мавреннахрдың шығысына жасаған шабуылдарын желеу етіп, бұдан кейінгі отыз жылға жуық Моғолстанға қарсы Әмір Темірдің өзі бес рет, оның ұрпақтары тоғыз рет жорық жасайды, Аспараға дейінгі жерлерді жаулап алады. Бірақ, олардың барлығы Моғолстанды Мавреннахрға қоса алмай кетеді.
1390 жылдан бастап Әмір Темір Таяу және Орта Шығыс елдеріне жорық жасайды. Бұл кезден біраз бұрын Камар ад-дин Моғолстан ханының тағына Тоғылық Темірдің ұлы Қызыр қожаны отырғызады. Ол қысқа мерзімде жауланған жерлерді қайтарып алады. Сол кезде Әмір Темір Қызыр қожаның ұлы Шам-и Жаhанды тұтқыннан босатады. Бұған риза болған Қызыр қожа өзінің қызын Әмір Темірге береді, сөйтіп, олар бір-біріне туыс болады. Бірақ, екі елдің арасындағы соғыстар Әмір Темірдің немересі Ұлықбектің билігіне дейін итжығыспен жалғаса береді.
1428 жылы Моғолстан билеушісі Қызыр қожаның шөбересі Уәйс хан соғыста қайтыс болады. Оның тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол кезде Дешті Қыпшақта Жошының Шайбан деген немересінің ұрпағы Әбілқайыр хан хандық құрған, оның қол астындағы халық «өзбек» деген атаумен танымал болған (Өзбек хан Жошының ұлы Батудың ұрпағы, Меңгі Темір ханның немересі, 1280-1341 жылдар аралығында өмір сүріп, хандық құрған. Өзбек атауы оның кезінен қалған). Әбілқайырдың дәуірінде бала әкеге, ағайын ағайынға қарсы шыға бастайды. Жошы әулетінен шыққан кейбір сұлтандар одан келер бір пәлені сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болады. Керей хан мен Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып Моғолстанға келеді. Моғолстан ханы Есенбұға оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп береді. Сөйтіп, 1465 жылы Моғолстан мемлекетінің батысында орналасқан Шу мен Қозыбас аумағындағы дулаттардың жерінде Қазақ хандығын құрады (Бұл дерек тек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде ғана бар. Сол деректің негізінде, 2015 жылы біздің еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Аталған датаның қарсаңында бұл тақырыпқа қатысты көптеген мақалалар, баяндамалар мен басқа да деректі материалдар жарық көрді).
Әбілқайырдың Шаh Бұдағ сұлтан деген ұлынан туған Шаhибек хан (ол тарихта Мұхамед Шайбан хан деген атпен де белгілі, Жәнібектің ұлы Қасым ханның туған бөлесі) деген немересі жоғарыда көрсетілген алауыздықтан әуре-сарсаңға түсіп, 1468 жылы шарасыздықтан Мавреннахрға кетеді. Ол кезде Мавреннахрдың билігі Әмір Темірдің шөбересі Сұлтан Ахмет мырзаның қолында еді. Шаhибек оның Бұхарадағы билеушісі әмір Абдоләлі тарханның қасына барып қызмет ете бастайды. Сұлтан Ахмет мырза мен Абдоләлі тархан бір мезгілде өлгендіктен, Шаhибек хан Түркістанға кетті. Ол сондағы Сұлтан Махмұд ханға қол созды. Сөйтіп, ханның көмегімен Бұхара мен Самарқанды өз қолына алды, күннен-күнге күші арта түсті, әскерінің саны алпыс мыңға жетті. Игі жақсылар, сұлтандар мен әмірлер, сонан соң Әбілқайыр ханның Қыпшақ даласында абдырап сергелдеңде жүрген өзбек-қазақ елі, ол қай жерге жетсе де, оған қосылып жатты. Оның масаттанғаны соншалық, өзінің қамқоршысы (Сұлтан Махмұд ханды) құртуға бел буды. Ал, қамқоршысы өз қамқорлығына алып жүргеннің алдында дәрменсіз болып шықты. Ол шамасы келгенше ханның әскерінен адамдарды бөлуге тырысты. Соның нәтижесінде өзбек әскеріне отыз мың моғол (мұғул) қосылды.Тақта отырған Темірдің ұрпақтары жеңілді. Сонымен, 1500-1510 жылдар аралығында Шаhибек бірте-бірте Әмудария мен Сырдарияның аралығындағы Мавреннахрдың барлық дерлік қалаларын жаулап алды».
Сөйтіп, Дешті-Қыпшақтан келіп Шаhибектің әскеріне қосылған өзбек-қазақтар (яғни «Өзбек хан ұлысының қазақтары» деген мағынадағы қазақ руларына жататын әскерлердің жиынтығы, кейіннен «өзбек-қазақ» деген сөздің «қазақ» деген бөлігі түсіп, тек «өзбек» деген атаумен танымал болған халық), Мавреннахрдың жерінде тұрақтанып, ол мемлекет аумағында «өзбек» атауы мен шағатай тілі (Шағатай тілі деп – оның сөз құрамына араб және парсы тілдерінің көптеген сөздері қосылған және араб әріптерінің негізінде жазуда қолданылатын, оқығанда дыбыстары шамалы парсы тілінің лахжасына бейімдеу болып шығатын, сондай-ақ, түркі халықтарының барлығына бірдей ортақ әдеби тіл болып қалыптасып қалған әмбебап тілге айтылады) орныға бастады. Шаhибек 1510 жылы парсы шахы Исмайылдың (Шыңғыс ханның ұрпағының) қолынан қаза табады.
XVI ғасырдың екінші жартысында Шаhибек құрған мемлекеттің аумағында Бұхара хандығы құрылады, ол хандықтың астанасы Самарқаннан Бұқараға көшіріледі (Бұхар хандығы деген ат осыған байланысты шыққан. Хандықта алғашында Шайбан әулеті (XVI ғасырдың басынан 1598 жылға дейін), кейін Аштархан әулеті (1599-1740) және Маңғыт әулеті (1755-1920) билік жүргізді). XVII ғасырдың басында Бұхарадан Хорезм (Хиуа) хандығы бөлініп шығады, XVIII ғасырдың басында ол мемлекеттің аумағында Қоқан хандығы құрылады. 1876 жылы Қоқан хандығы жойылады, оның аумағындағы жерлер мен халықтар Түркістан губернаторына бағындырылады. Бұхара мен Хиуа (Хорезм) XХ ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейін Ресей патшалығына тәуелді болып қалады.1918 жылы ол хандықтардың аумағында РСФСР құрамындағы Түркістан автономиялық Советтік Социалистік Республикасы, Бұхара Советтік Халық Республикасы, Хорезм Советтік Халық Республикалары мен 1920 жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылады. 1924 жылы аталған Орта Азия Республикаларының шекаралары межеленіп, олардың аумағында Өзбек Советтік Социалистік Республикасы, Түркімен Советтік Социалистік Республикасы мен Өзбек ССР-інің құрамындағы Тәжік автономиялық Советтік Социалистік Республикасы (1929 жылдан бастап Тәжік Советтік Социалистік Республикасы) пайда болды. Тек 1936 жылы ғана Қазақ автономиялық Советтік Социалистік Республикасы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып өзгертілді. Аталған Республикалар Советтік Социалистік Республикалар Одағының құрамында болды. Ол Одақ 1991 жылдың соңында құрдымға кетті. КСРО-ның құрамында болған 15 мемлекет өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады.
Бұл деректердің барлығы (Шымыр бек баhaдүр мен оның ұрпақтары туралы мәліметтердің басқасы) біздің 2020 жылы шыққан «Шыңғыз хан» деген кітабымызда кеңінен баяндалған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында отандық ғалымдарға халқымыздың академиялық үлгідегі тарихын жаңадан жазып шығуға тапсырма берген болатын. Сол тапсырмаларды орындайтын ғалымдар жоғарыда көрсетілген тарихты толығымен ескереді деген ойдамыз.

Ержан ИСАҚҰЛОВ,
саяси ғылым докторы.
Пікір қалдырыңыз