Бәлеқор кім?

– Ата-атаға, ру-руға, жікшілдікке бөлінбеңдер, айналайын. Біз аражігі мәңгі ажырамас қарға тамырлы қазақпыз ғой, – деп сырттай айтқандары болмаса, іштерінде бықсып жатқан шалалары бар кейбір үлкендерді көргенде еріксіз бас шайқайды екенсің. Өкінішке қарай, ондайлардың қарасы арамызда көп. Шыққан тегіңді жіліктеп беруге келгенде қашан да әзір олардың күс басқан саусақтары әлі де бүгіліп-жазылып рушылдықтың отын маздата жағудан бір танбай келеді. Оған мысал керек дейсіз бе, дәлел керек дейсіз бе, мархабат, бірінен соң бірін айтып беруге мен әзірмін.
Аудандағы атағы дардай бір мектепте мұғалім болып істейтін жерлесім әрі сырлас досым түс кезінде үйіне Құдайы тамаққа шақырды. Белгіленген уақытта барсам, шақырылған адамдар толық жиналып, тамаққа енді қол салғалы жатыр екен. Есікке жақындау отырған екі-үш кісі сығылысып, кешігіңкіреп келген маған араларынан орын берді. Содан палауды жеп болып, шай ішуге кірістік. Бізге орта бойлы, толық денелі, жасы шамамен 60-65-тердегі кісі шай құйып беріп отырды. Ікпіл-жікпіл қимылына, мысқыл аралас сөзіне қарағанда досымның құдайы көршісі сияқты. Әрине, оның көршісіне деген ниетіне, жасаған қолғабысына риза болып отырсам да, бір саусағын бүге түсіп әңгіме барысында әр руды бір айтып, одан қанша атақты адамдар шыққанын талдап, жіліктеп отырған әрекетін жақтырмағаным анық. Бір кезде ол қасымда отырған досымнан:
– Мына баланы танымадым. Бұл қай жақтың баласы? Руы кім? Қандай қызмет атқарады? – деп мені саусағымен нұқып көрсетті.
– Өз ауылымның баласы. Екеуміз бір мектепте оқығанбыз. Қазір аудан көлеміне тарайтын газеттің тілшісі болып қызмет атқарады, – деді досым мен туралы «данныйды» толығырақ беріп.
– Тілшісі дейді... Значить, бәлеқормын десейші, – деп ол кісі сол жерде отырғандарды ду күлдірді. Жасы үлкен болған соң мені баласынып, қалжыңдап айтып отырған шығар деп мен де бастапқыда қосыла күліп, оның сөзіне онша мән бермедім. Әйтсе де, менің үндемей қалғанымды өзінше мұқаттым деп түсінген ол енді маған дастарқан басында ашық тиісе бастады. Шай құйылған кесені ұзағырақ ұстап тұрып:
– Ана газетке жазғыш «бәлеқорға» ұзатыңдаршы, – деп жымысқылана күліп жатты...Ондайда мен де әрине, емін-еркін отыра беретін «робот» емеспін ғой. Жүйкеме найза болып тиіп жатқан қыршаңқы, қорлау сөздерге қашанғы шыдап отыра берейін?!
– Дұрыс айтасыз, ағасы, – дедім даусымды қаттырақ шығарып, – бізді, яғни журналистерді кей жұрттың түсінбей «бәлеқор» деп атайтыны рас. Өйткені, біз ойымызды ешкімнен именбей, газет бетінде ашық айтамыз. Бәлкім, сол қатты айтылған шындықтың биік креслода отырған кейбір кісімсіген бектерге жақпай қалуы да ғажап емес. Құдай тасада тұрып тас ататын шын бәлеқорлардан сақтасын! 
Менің бұл сөздерім байқаймын, әлгі кісіге оңбай соққы болып тиді-ау деймін. Өйткені, өзінен-өзі қып-қызыл болып түтігіп, үндей алмай қалды. Содан кейін әлгі «шай құйғыш» көкем мені қайтып мазалаған жоқ. Үйден шыққан соң досым:
– Ой, маладес, жақсы айттың ғой. Жұрттың бәрі сенің айтқан сөздеріңе ырза болып қалды, – деді. Сөйтсем, мен қайдан білейін, нағыз бәлеқор соның өзі екен. Өзара тату-тәтті, ынтымағы жарасып, сүттей ұйып отырған елдің берекесін кетіріп, әр руды бір-біріне айдап салғыш сасық белсендінің нақ өзі болып шықты. Кеңес Одағы кезінде адал қызмет атқарып жүрген талай азамат басшылардың үстінен Мәскеуге дейін бұрқырата арыз жазып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, олардың тағдырларына аяусыз балта сілтеген нағыз арызқойдың өзі екен.
Иә, біздің дарқан халқымыздың өресін өрге бастырмай, аяқтарын тұсап, адамдардың бір-біріне қырғиқабақ болуларына себепкер болатын рушылдық деп аталатын қауіпті дерттің өзі осы емес пе?! Ендеше, өзі аз қазақты тарыдай шашыратып, жіліктеп, бөлектеп, рушылдықты қоздырып жүргендердің жолдары кесіліп, жүздері күйсін дейміз де!

Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы.
Пікір қалдырыңыз