Түзеу орындарынан шыққандарға түзу көзқарас керек

Ертеректе мектеп басқарған бір ағамыз оқушыны ұрып, біраз жылын абақтыда өткізуіне тура келіп еді. Ауыл сонысымен де ауыл емес пе, түрмеден босап келген соң ағайын-туыс, дос-жаран, көз көрген сыйластары сәлем беруге келеді. Сонда бір қу тілді құрдасы: «барған жерің қандай екен?» депті, көптің көзінше. Бәрі не айтар екен деп аңтарыла қарап отырса, әлгі ағамыз «балаларды бір жіберіп алатын жер екен» депті жайбарақат. Ағамыздың астарлап айтқан сөзін ешкім түсінбесе керек, бәрі сөздің ақырын күлкіге айналдырып жіберіпті.              
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамның шалыс басқан адамды қабылдауы қиын. Оларды қолдап қатарға қосқаннан гөрі, жандарына жақындатқылары келмей, кесірі тиіп кетердей қорқатындар көп. Тіпті, жазасын өтесе де, мұндай жандардың соңынан күдік пен сыпсың сөз қалмайды. Отбасында осындай ұрыс-керістен шаршаған Жамал мұңын кімге шағарын білмейді. 
Жамалды енесі «қылмыскер келін» деп күндейді екен. Тұрмысқа шығардың алдында ол бірер жыл Ақтау қаласында жұмыс істейді. Бірде жұмыстан кейін құрбыларымен кешкі серуенге шығып, ойламаған жерден оқыс жағдайға тап болады. Қасындағы құрбыларының бірі танысымен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласады. Жамал өзінің құрбысына болысып, қыздарды ажыратпақ болады. Бірақ, ол әрекетінен түк те шықпайды. Сөйтіп, бір-біріне жұдырық жұмсаған аруларды полиция қызметкерлері келіп ажыратады. Содан не керек, Жамал 2020 жылы Ақтау қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі, 1 және 3-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалады. 
Жамалдың басына осындай ауыр күн туғанда ата-анасы үйде байыз тауып отыра алмай, оны Ақтаудан ауылға алып келеді. Содан бері ол Созақ аудандық ішкі істер бөліміне қарасты пробация қызметінің есебінде тұрады. Өзіне сот жүктеген міндетті мінсіз орындауға тырысып жүрген Жамал өткен күзде болашақ күйеуімен танысады. Екеуінің сөзі бірден жараса кетіп, жігіт қызға үйленуге ұсыныс жасайды. Бірақ, ол өзінің басынан өткен жағдайын жасырмай айтып, отбасын құруды кейінге шегере тұруды сұранады. Үйленуге шешім қабылдаған жігіт Жамалдың жасаған қателігін бетіне баспайтынын және ата-анасы да ол жайында сөз қозғамайтынын айтып, ант-су ішеді. Қыз жүрегі нәзік келеді емес пе, жігіттің қолын жүрек тұсына қойып айтқан сөзіне сеніп, ақыры екеуі шаңырақ көтереді. Алғашқыда бәрі керемет еді. Енесінің де мінезі ауыр болып көрінді. Жамал да өзінің жар таңдауда қателеспегеніне қуанып жүретін. Бірақ, оның отбасылық бақытты күндері алты айға ғана созылды. Жарты жылдан кейін ене мен күйеуінің бет-пердесі шешіліп, шынайы болмысы су бетіне қалқып шыға келді. «Қылмысыңды ешкім бетіңе баспайды» деп уәде еткен күйеуі Жамалдың жасаған қателігін жиі сөз ете бастаса, енесі оның әрбір ісін жақтырмай, сөзбен түйреп отыратын болды.
Үйге келген қонақтар да оған екі көздерімен атып жіберердей болып, әрбір әрекетіне күмәнмен қарай бастады. Айына екі рет баруы тиіс пробациялық тексеруге де жібермей қойды. Міне, осының бәрі жүйкесін жұқартқанымен, Жамал амалсыз іштен тынып, бәріне көндігуіне тура келді. 
Ал, Ерсіннің басындағы жағдай мүлде бөлек. Ол бұдан 4-5 жыл бұрын көше бұзақыларымен бірге қалада тұратын дәулетті отбасының үйіне ұрлыққа түседі. Үйде ешкімнің жоқтығын алдын-ала білген олар сол күні түнде кәсіпкердің біраз дүниесін үптеп кетеді. Оңай келген олжаның сіңімді болған жері бар ма, құрығы ұзын кәсіпкер бұларды ертесіне-ақ қолға түсіріп, сотта табандап тұрып, бұларға жаза кестіреді. 
Ерсін екі жылын абақтыда өткізеді. Бұрынғыдай емес, көп нәрсеге көзқарасы өзгеріп шығады. Жұмыс істеп, сол арқылы ата-ана алдындағы кінәсінен арылғысы келеді. Бірақ, «сотталған» деген атын кесе-көлденеңдеп тартып, оны ешбір мекеме жұмысқа алғысы келмейді. Тауы әбден шағылған Ерсіннің ендігі үміті – мемлекеттік бағдарламаларда. Сол арқылы қаржы алып, кәсіпкерлікке бет бұруды көздеп жүр. 
Кезінде ағат қадам жасап, осы әрекеттері үшін қоғамның өгей баласы секілді күй кешкен Жамал мен Ерсін ғана ма? Шалыс басқандарды түртпектеп, қоғамнан шетқақпайлай берсек, олардың ертең қайта қылмыс жасамасына кім кепіл? Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, қылмыс жасап, темір торға қайта оралатындардың үлесі онсыз да аз емес. Мұның себебі, идеологиялық жұмыстардың жоқтығынан және бұл бағытта тиісті органдардың үйлесімді түрде жұмыс істей алмағандығынан болса керек. Сондықтан сонау кеңестік кезеңнен келе жатқан қасаң қағиданы өзгертіп, түзеу орындарынан шыққандарға түзу көзқарас қалыптастыратын уақыт жеткен сияқты. 

Д.ЖҮСІП.   

Пікір қалдырыңыз