Санасы сау адам «газет кімге керек?» деген сұрақ қоймайды

Сіз Американың ең алғашқы тәуелсіз газеті 1721 жылы шыққанын білесіз бе? Оны Бенджамин Франклиннің ағасы шығарған. Басылым «New Eris Land Courant» аталады. Сол жылдары саналы жұрт «ұлттың алғашқы күнделікті газеті шыға бастады» деп бөріктерін аспанға атыпты. Осыдан соң 1784 жылғы 21 қыркүйекте тағы бір апталық газет оқырмандар қолына тиеді.
Әрине, адамзат тарихындағы жылт еткен жаңалықты оқырмандарға үзбей жеткізіп келген газеттердің тарихтағы орны ерекше. Санаға сәуле себелеп, ойға ой қосатын, рухани түлететін газеттердің рөлін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қанша жерден өркениет өріне көтерілдік дегенімізбен, күнделікті газеттердің орны бөлек. Бұған түрлі мысалдар келтіруге болады. 
Осыған орай бір мысал айтқымыз келеді. Шапчал деген ауылда сібе деген ұлт мекен етеді. Бір күні поштаға жасы сексендегі бір қарт келіпті. Ол ана тілінде шығатын жалғыз газетке жазылғысы келеді екен. Пошта қызметкері: «Ата, сізге газет не үшін керек? Өзіңіз зағип екенсіз. Газет оқи алмайсыз ғой» дейді. Сонда қарт тұрып: «Рас, балам! Мен газет оқи алмаймын. Бірақ, ана тілімде шығатын жалғыз газеттің тоқтап қалмауы үшін жыл сайын жазыламын. Менің арманым осы газеттің жабылып қалмауы» деп жауап беріпті.
Міне, бұл ұлтқа, туған тілге деген жанашырлықтың үлгісі!
Біздің ұлтжанды азаматтар ана тіліне қаншалықты жанашыр болып жүр? Олар газет-журналдардың тіл тазалығы үшін ғана емес, руханият әлемінің болашағы, туған халқымыздың мәдениеті, тарихы үшін де қызмет ететінін қаншалықты біледі? Білсе, ана тіліндегі басылымдарға жазылған ба?
Біздің халықта ана тілінің болашағы үшін, оның басқа тілдердің ішіне жұтылып кетпеуі үшін ана тілінде газет шығарған, сөйтіп, қараңғы қазақтың көзін ашпаққа ұмтылған зиялылар көп болды. Олар елі мен жері, кең- байтақ даласының көрінгеннің талауында кетпеуі үшін жанталасты. Басында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Ыбырай Алтынсарин, тағы басқалары тұрған ұлт зиялылары сонау қилы заманда, тері илеуден басқа технологиясы жоқ кезеңде баспахана ашып, газет шығаруға неге ұмтылды? Кешегі «Айқап», «Қазақ», «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» сияқты қазақ баспасөзінің қарлығаштары елді ұйыстыруға, сауаттандыруға, өзге ұлттармен терезесін тең етуге бағытталмап па еді? Осы газеттер арқылы санасы сілкінген қазақтар ұлы істерге бет бұрмап па еді?!
Ал, бүгінде қолында биліктің бишігі бар кейбір кісімсінгендерге бара қалсаңыз «Газеттерді кім оқиды?», «Бүгінде газет оқитын заман ба?» деп бүйректен сирақ шығарып отырады. Өзін сұмдық ілгері ойлайтын адам сезінетін ол қазақ газеттерінің жалғыз ақпарат құралы емес, рухани тәрбиеші де екендігіне ақылы да, білімі де жетпейді. Осылар қазақтың қазақ болып қалыптасуына жоғарыдағы газеттердің еңбегі сіңгенін түсіне алса ғой.
Иә, сіз «газет не үшін керек?» деп сұрадыңыз.  Оған жоғарыдағы сібе  ұлтының сексендегі қарты жауап беріп қойған жоқ па?
Көзі ашықтардың көңілі соқыр болатынынан жаман не бар мына жалпақ дүниеде?
Туған халқын, ана тілін сүйген азамат мұндай сұрақ қоймаса керек-ті. Ендеше, Құдай бізге дұрыс ойлана алатын сана берсін дейміз.

Бұқарамен байланыс бөлімі.

Пікір қалдырыңыз