«САНҰР»-дың сәтті сапары

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Елдегі және өңірдегі жылт еткен жаңалықты Мырзашөл өңірінің тұрғындарына алғаш жеткізетін «САНҰР» қоғамдық телеарнасы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген. Телеарнаның құрылу тарихы  Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, спорт шебері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі  Тұрсынхан Саржановтың есімімен тығыз байланысты. Екі мыңыншы жылдары Мырзашөл топырағына тележурналистиканың дәнін сепкен осы азамат болатын. Содан бері «САНҰР» қаншама жас журналистің буынын қатайтып, қаламын ұштап, жазу өнеріне машықтандырды. 

Тұрсынхан Құдайқұлұлы 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясының Мақтаарал, Шардара, Киров және Жетісай ауданаралық тілшілер қосынының меңгерушісі,  1998 жылдың қыркүйегінен 2001 жылдың қарашасына дейін «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының «Ақшам» ақпаратты бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан Республикасы бойынша меншікті тілшісі болып еңбек етті.  Тұрсынхан Саржанов тынымсыз ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында қазақтың маңдайалды перзенті, көреген басшы Дінмұхамед Ахмет- ұлы Қонаевтың Мырзашөл өңіріне жасаған сапары жайлы, ақиық ақын Мұхтар Шахановтың 50 жылдық мерейтойы, Мақтаарал ауданының  80 жылдығы, Социалистік Еңбек Ері  Жұмагүл Сәуірбаева және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай Мақтаарал ауданының тыныс-тіршілігі туралы фильмдер түсіріп, ол дүниелері облыстық, республикалық телеарналардан көрсетілді.
Тұрсынхан Саржанов 1993-2013 жылдар аралығында «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының Мақтаарал ауданындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты телефильмдер дайындағаны үшін «Мерейлі естелік» медалімен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының, Мақтаарал аудандық, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктерінің Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына және бірнеше медальға ие болды.
Отбасында екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде үлкен қызы Гүлмира «САНҰР ТВ» телеарнасының директоры. Эльмира тұрмыста, көпбалалы ана, жеке кәсіпкер. Кенжесі Ерлан облыстық прокуратурада қызмет атқарады. Зайыбы Ұлтуаш – зейнеткер. Ұлы Нұрлан Саржанов (марқұм) ұзақ жыл «Қазақстан» телеарнасының «Ақшам» ақпаратты бағдарламасында телеоператор болып жұмыс істеді. 
Бар саналы ғұмырын тележурналистика саласына арнап, соңғы күндеріне дейін ақпарат майданында шындықты ту еткен Тұрсынхан Саржанов 2016 жылдың күзінде ауыр науқастан бақилық болды. 
Тұрсекеңнің  салып кеткен сара жолын бүгінде перзенті Гүлмира Тұрсынханқызы жалғастырып келеді. Ол елдің қуанышы мен мұңын үлкен мінберден көтеріп жүрген Жетісай аудандық мәслихатының депутаты да.  
Телеарна журналистері Жетісай, Мақтаарал аудандарынан бөлек, шағалалы Шардараның жаңалықтарын да халыққа дер кезінде жеткізіп отырады. Бүгінде ұжымда 8 адам жұмыс істейді. Телеарнаның бас редакторы – Әсем Жұмалиева, аға опера-тор – Нұржан Сейдазимов, бүкіл техниканың тілін тауып, бабында жұмыс істеуіне жауапты – Болат Әбуов, оператор-монтажер Жеңіс Сыдықов – Тұрсынхан Саржановтың төл шәкірттері. Телеарнаның ыстығы мен суығына тоңып келе жатқан білікті, тәжірибелі мамандар. Сондай ақ, «САНҰР»-дың Мақтаарал ауданындағы филиалының редакторы – Клара Шербайқызы, тілші әрі жүргізуші Аллаберген Құлша көрермендер көзайымына айналып үлгерген. Жас маман Лаура Алпысбай да осы салаға қадамын енді ғана тәй-тәй басқанына қарамастан, қызықты, өтімді тақырыптарды тауып, өз көрермендерін қуантып келеді. Жиырма жылдан астам тарихы бар қарашаңырақтан қаншама шәкірт қанаттары қатайып, ұшып шықты. Атап айтқанда, «Астана» телеарнасының жаңалықтар жүргізуші Бекболат Сатуов, Ұлттық арна тілшісі Асылбек Данияр, «Қазспорт» телеарнасының тілшісі Бейбіт Исаева, Ұлттық арнаның бейнеоператоры Әбдіғали Тыныбеков еңбек жолын «САНҰР» телеарнасынан бастағандарын мақтанышпен айтады.  
Тұрсынхан Саржанов өмірден озған соң оның зайыбы Ұлтуаш Есенбекова қызметкерлерді таратып жібермей, бір шаңырақ астына ұйыстыра білді. Бәлкім, бұл жарына, оның сүйікті кәсібіне деген адалдығы да шығар.
Иә, соңына із қалдырған адамдарды өлді деп айту қиын.
Пікір қалдырыңыз