«Қадағалау қызметінің қарқыны артпақ»

Прокуратура органдарына бүгінде ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу туралы тапсырмасы аясында прокуратура тарапынан азаматтардың құқықтарын қорғаудың және сотқа дейінгі іс жүргізудің сапасын арттыруға ерекше мән беріле бастады. Сонымен қатар елдегі криминогендік жағдайды, құқық қорғау органдарының қылмыспен күресудегі профилактикалық жұмыстардың тиімділігін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды. Осы ретте жоғарыда аталған маңызды міндеттер мен органның алдағы жоспарлары туралы Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр АСҚАРБЕКҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Жаннұр Асқарбекұлы, соңғы уақытта прокуратураның қызметі мен өкілеттіктеріне қатысты бірқатар өзгерістер орын алуда. Президент жүктеген міндеттер қалай жүзеге асып жатыр? 
– Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары адам құқығы мен бостандығын қорғауға ерекше мән берілуде. Ел Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес, құқық қорғау органдарының қылмыстық қудалау қызметін модернизациялау басталды. Полиция, прокуратура және сот өкілеттіктерінің аражігі ажыратылып, қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Мұндағы полицияның басты міндеті – қылмысты анықтау, күдіктілерді табу, айғақтар жинау. Ал, прокурордың міндеті – айғақтарға тәуелсіз баға беру, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сотта айыптауды қолдау. Сот болса, шағымдарды қарап, ол бойынша түпкілікті шешім шығарады.
Жаңа модельге сәйкес, 2021 жылдан бастап прокурор іс бойынша адамның құқығы мен бостандығын қорғайтын барлық процестік шешімдерді, оның ішінде, адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, іс-әрекетті немесе қылмысты қайта саралау, тергеу мерзімін үзу, істі тоқтату сынды әрекеттерді келісіп бекіте алады.
Түркістан қалалық прокуратурасының қадағалауына жататын негізгі орган – Түркістан қалалық полиция басқармасы. Ондағы тергеу саласында 35 қызметкер жұмыс істесе, олардың жұмысын қадағалауды 6 прокурор жүзеге асырады. Жаңа модельге сәйкес жұмыс басталғалы бір жарым жылда полиция басқармасы жалпы 3428 шешім қабылдаса, прокурорлар оның 178-ін келісуден немесе бекітуден бас тартқан. Басым бөлігі – күдікті деп тану және күдіктінің әрекетін саралауға қатысты. Яғни адамның тағдырына қатысты барлық шешімдер прокурордың сүзгісінен өтіп, ол негізсіз деп тапса, келісілмей, іс тергеушіге кері қайтарылады.  
Бұл ретте осы процестің барлығы онлайн форматта жасалатынын айта кеткен жөн. Тергеушінің қаулысы электрондық жүйемен бірден прокурорға түседі. Егер шешім заңды болса, прокурор цифрлы қолтаңба арқылы қол қойып, бекітіп береді. Жалпы, жаңа модель тергеуші мен прокурордың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, тергеудің жеделдігін арттырады. Ең маңыздысы, адамдардың конституциялық құқығының бұзылуына жол берілмейді. Оған дәлел – осы мерзімде Түркістан қалалық прокуратурасы сотқа жіберген істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шығарылмаған. Бұл, бір жағынан, айыптау үрдісінің азайғандығының белгісі.
– Құқық қорғау органдарының заңсыз тексерулеріне байланысты кәсіпкерлерден көптеген шағымдар түсіп жатады. Түркістан тұрғындарының, оның ішінде кәсіпкерлердің құқығы қаншалықты қорғалып, талап-арыздары қаншалықты қанағаттандырылып жатыр?
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағаланатынын және  кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінуі қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ҚР «Прокуратура туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бизнесті қорғауда прокуратураның рөлі күшейтілді. Енді кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Соңғы 3,5 жылда прокуратура тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына қатысты 5 рет тексеру және талдау жұмыстары жүргізіліп, 20 арыз-шағым қаралды. 7 заң бұзушылық анықталып, 8 қадағалау актісі енгізілді. Нәтижесінде, 5 900 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Мәселен, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар, оның ішінде, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу, әкімшілік кедергілер жасау фактілері анықталды. Атап айтар болсақ, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылса, керісінше, 134 тұлға әкімшілік жауапкершіліктен негізсіз босатылып, бюджетке 11 млн. теңге айыппұл түспей қалған. 8 кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылса, 2 кәсіпкерге қорытынды заңсыз беріліп, 6 кәсіпкердің өтінішіне жауап кешіктіріліп берілген. Прокуратураның ұсынысымен 11 кәсіпкердің құқығы қорғалып, басқарманың 3 қызметкері жауапкершілікке тартылды. 5 қызметкер мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылып, басқарма басшысы тексеру барысында өз еркімен қызметінен кетті. Осылайша прокурорлық тексеру нәтижесінде басқарма құрамы толығымен жаңартылды.
– «Қаңтар оқиғасы» кезінде Түркістанда кейбір адамдардың топ-топ болып жиналғанын, тіпті, арандатушылық әрекеттер жасауға талпынғанын естідік. Жалпы, сол кездегі облыс орталығындағы ахуалдың қалай болғанын айтып бере аласыз ба? 
– Иә, мұндай әрекеттердің орын алғаны рас. Дегенмен, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде оқиға кезінде қала аумағында жаппай тәртіпсіздіктің алдын алып, қоғамдық-саяси ахуалдың шиеленісуіне жол берілген жоқ. Заңсыз жиналыстар мен шерулерге қатысқан 123 адам полицияға жеткізіліп, олар әкімдік, прокуратура қызметкерлері, қоғам белсенділерінің қатысуымен жүргізілген түсіндірме жұмыстарынан кейін үйлеріне қайтарылды. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің әрекеттері прокурорлардың қатаң қадағалауында болып, жеткізілген адамдарға күш қолдану және т.б. қысым көрсету сынды заңсыз әрекеттер орын алмады. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Бұзақылық жасаған немесе заңсыз қару сақтаған 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
– Түркістан облыс орталығына айналғалы адам танымастай өзгеруде. Қаладағы криминогендік ахуал жайлы не айтасыз? 
– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгелі 4 жылға жуықтады. Қасиетті мекеннің жаңа келбетін қалыптастыру арқылы оны тұтас түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала прокуратурасы да заңдылық пен құқықтық тәртіпті қадағалау арқылы қаланың өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, оның ішінде прокуратураның бастамасымен түзілген «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қала аумағындағы қылмыс саны жылдан жылға төмендеп келеді.
Атап айтар болсақ, 2018 жылмен салыстырғанда 2021 жылы қылмыс саны 2070-тен 950-ге, яғни екі есеге азайған. Қарақшылық, бұзақылық, тонау, ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, ұялы телефон ұрлау, жол-көлік оқиғалары, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы суицид әрекеттері жылдан жылға азайып келеді. Қылмыстың төмендеуіне «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясындағы уәкілетті органдардың, әсіресе, полицияның жұмысымен қатар төтенше жағдай мен карантиндік шаралар аясында енгізілген шектеулер де біршама ықпал еткені анық.
Дегенмен, ауыр және аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ алаяқтық және масаң күйде жасалған қылмыстардың азаймауы алаңдатады. Әсіресе, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, балаларға қатысты жыныстық қылмыстардың өскені байқалады. 
Түркістан қалалық прокуратурасы қадағалау қызметін одан әрі жетілдіре отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау арқылы Түркістанның түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы мәртебесіне лайықты дамуына өз үлесін қоса береді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз