Теннистің ұлы королі

Дәл осылай тақырып қоюымызға жақында ғана Парижде аяқталған «Ролан Гаррос» турнирінің нәтижесі себеп болып отыр. Атақты испаниялық теннисші Рафаэль Надаль өзінің мейджор турниріндегі 22-ші титулына қол жеткізді. Дәл мұндай нәтижеге әлемде бірде-бір теннисші жете алмаған. Швейцариялық Роджер Федерер мен сербиялық Новак Джоковичте 20 титулдан бар. Сонымен Рафаэль Надальге «теннистің ұлы королі» деген атақ беруімізге не себеп? Испаниялық теннисшінің жүріп өткен жолына, мансабына, жетістігіне көз жүгіртсеңіз, сіз де оған «ұлы король» атағын ойланбастан берер едіңіз. Ендеше...

«Құм королі» атанған Надаль осымен 14-ші рет «Ролан Гаррос» турнирін жеңіп алды. «Үлкен дулыға» турнирінің біреуінде осынша көп жеңген теннисші тарихта болмаған. Надальдің бұл рекордын бұзатын теннисші жуық арада пайда бола қоймас. Титул жағынан Надаль, Федерер, Джокович үштігінен кейінгі орында тұрған Пит Сампрастың өзі мансабында 14 рет қана чемпион атанған екен.
«Үлкен дулыға» турнирінің әрқайсысын кемі 2 реттен жеңген 2 теннисші бар. Оның бірі – Надаль, екіншісі – Новак Джокович. Кешегі аптада өткен финал Надаль үшін «Ролан Гаррос» турниріндегі 115-матч болды. Дәл осы Парижде Надаль 112 рет жеңіске жеткен екен. «Үлкен дулыға» турниріндегі мұндай көрсеткішті өзге теннисшілер қайталамақ түгілі, маңайына да жолай алмаған. «Ролан Гарроста» Надальге шақ келетін теннисші аз. Оны дәл осы турнирде Робин Содерлинг, Новак Джокович пен Роджер Федерер ғана жеңе алған. Бұл үштіктің ішінде Федерердің жеңісін көпшілік елей бермейді. Өйткені, Федерер Надальді құмда жеңген кезде Рафаэль өндірдей бала еді. Оның үстіне Надальдің «құм королі» атана қоймаған кезі. Одан кейін Надаль құмдағы кездесулерде Федерерге жол берген емес. 
«Ролан Гаррос» турнирінде 73 теннисші Надальден айласын асыра алмаған екен. Бір турнирде осыншама көп теннисшіні жеңген Надальден өзге ешкім жоқ. Ойынның нәтижесін былай қойғанның өзінде, жеңген партияларының саны да рекордқа ие. «Ролан Гарроста» Надаль небәрі 34 партияда ұтылып, 335 партияны өз пайдасына шешкен. Ең ұзаққа созылған 5 партиялық ойынның үшеуінде де жеңіске жеткен. Сонымен қатар 24 рет партияда қарсыласына соқыр ұпай ұстатпаған кезі болған екен. 2008 жылы Федерер Надальден ұпай ала алмай әбігерге түссе, 2020 жылы Джокович, биыл Рууд дәл сондай жағдайға тап болды. 
Надаль – «Ролан Гаррос» турнирінде қарсыласына бірде-бір партияда ұтылмай чемпион атанған жалғыз теннисші. 2008, 2010, 2017, 2020 жылдары өткен «Ролан Гаррос» турнирінде бірде-бір теннисші Надальді тым болмағанда бір партияда және алмаған. Дәл мұндай көрсеткіш «үлкен дулыға» турнирлерінде 11 рет тіркелген екен. 
Сондай-ақ, испаниялық спортшы «Ролан Гаррос» турнирін жеңген ең егде теннисші атанды. Биыл Надаль 36 жасқа толды. Жалпы, құмда өтетін турнирлерде теннисшілердің күші сынға түседі. Осыған қарап Надальдің күші әлі де сарқылмағанын білуге болады. Надаль секілді 36 жастан кейін «үлкен дулыға» турнирін жеңген тағы екі теннисші ғана бар. 
Ал, 30 жастан кейін «үлкен дулыға» турнирлерін жеңген теннисшілер арасында Новак Джокович екеуі бірінші орынды бөлісіп тұр. Қос теннисшіде 8 титулдан бар. Теннис тарихындағы ең ұзақ сериялы жеңіс те Надальге тиесілі. Ол 2005-2007 жылдар аралығында қатарынан 81 кездесуде жеңске жеткен. Ал, 2011-2018 жылдар аралығында құмда өткен турнирлерде 50 партия қатарынан жеңіске жеткен екен. Құмдағы турнирлерде екі рет қатарынан жеңілу деген Надальдің мансабында болмаған. Теннис тарихындағы барлық ойындарды пайыздық көрсеткішпен есептегенде Надаль жеңіс бойынша көш басында тұр. Рафаэль Надаль әлемдік рейтингтің көшін бастап тұрған теннисшілерді 23 рет тізе бүктірген екен. Бұл да мұрты бұзылмай тұрған рекорд. Ол жалпы саны 92 рет чемпион атаныпты. Сонымен қатар әлемдік рейтингте ең ұзақ уақыт алғашқы ондықтан шықпаған теннисші атанып отыр. Сонау 2005 жылы алғашқы ондыққа кірген Надаль бүгінге дейін осы меженің ішінде келеді. Осыдан кейін сіз де Надальді «теннистің ұлы королі» дейтін шығарсыз!

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Пікір қалдырыңыз