Балаларға қуанышты күн сыйлады

 Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері биыл өз мерекелерін ерекше атап өтуді жөн көрді. Облыс әкімі аппараты мен 23 басқарма біріге отырып Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында  «Балаларға қуанышты күн сыйла!» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл күні  Түркістан облысының аумағындағы үш балалар үйінің 156 тәрбиеленушісіне Шымкент қаласындағы «Fontan» аквапаркінде керемет демалыс ұйымдастырылды. 

 

- Биылғы «Балалар жылына» қолдау таныту мақсатында өңіріміздегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлау мақсатында осы акцияны ұйымдастырып отырмыз. Бұл ісіміз балаларға ұнады, оларды шын қуанта алдық деп ойлаймын, - дейді Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бас инспекторы Айдана Аршабаева.

Аквапаркке «Төлеби» отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан 55 тәрбиеленуші, Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылынан 75 тәрбиеленуші,  Балаларды қолдау орталығынан 26 тәрбиеленуші келді. Демалыс балаларға суда  шомылу  және қауіпсіздікті сақтау  ережелерімен таныстырудан басталды.  15  жетекші,  аквапарк инструкторлары мен медицина қызметкерлері кезекшілікте болды.

Балалар таңнан кешке дейін суға түсіп, төбешіктерден сырғанап, дастарқаннан дәм татып,  түрлі ойындар ойнап,  тамаша көңіл-күйге бөленді.

Ұлас НҰРЖАНҚЫЗЫ.

 

Пікір қалдырыңыз