Бопсалаймын деп бас бостандығынан айырылды

Өңір полицейлеріне қоңырау шалған сарыағаштық тұрғын өзін белгісіз біреудің бопсалап, ұялы телефонын тартып алғанын айтқан. Жәбірленушінің айтуынша, оны сөйлесіп жүрген құрбысы қонақүйге шақырған. Содан жігіт пен қыз оңаша отырғанда бөлмеге бөгде ер адам кіріп келіп, «менің сүйген қызыма зорлық көрсеттің, сотталып кеткің келмесе, бір апта ішінде 500 000 теңге әкел»  деп қорқытқан. Онымен қоймай, бейнетаспаға түсіріп, «талап еткен қаражатты әкелмесең, таратып жіберемін» деп бопсалап, қол көтерген. Сондай-ақ, қолындағы «Samsung S9» маркалы ұялы телефонын тартып алып, «ақша әкелгенде аласың» деп қоя берген. 
Ал, тәртіп сақшылары бұл істі «Қорқытып алу» бабы бойынша тіркеуге алады да, жедел тергеу тобы бірден іске кіріседі. Әп- сәтте-ақ күдіктінің кім екенін анықтап, оны оқиға орын алған қонақүйден ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Аталған істі Сарыағаш АПБ-ның аға тергеушісі, полиция майоры Тимур Момбеков жүргізіп, күдіктінің қылмыстық іс-әрекетін дәлелдеп шықты. 
Сонымен қатар, жас жігіттің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, 2019 жылы Қазығұрт аудандық сотының үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алғаны белгілі болды. Яғни күдікті жазасын өтеп болмай жатып, қайта қылмыс жасаған. 
Сөйтіп, полицейлер жинақталған іс құжаттарын айыптау актісімен сотқа жолдап, нәтижесінде 
23 жастағы жігіт сот шешімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Б.МЕЙІРХАНҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз