«Туған елге тағзым»

Оқушылар өлкені тануға сапарға шығады

 

Бір аптаға жалғасатын өлкетану-зерттеу экспедициясы Түркістаннан басталып, облыстың барлық аймақтарын қамтитын болады. Бұл бастама Түркістанда алғаш рет өткізіліп отыр. Атап айтар болсақ, мұндай  жобаны еліміздің барлық Зияткерлік мектептерінде өткізу дәстүрге айналған. Жоба аясында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-10-сыныптарынан іріктеліп алынған оқушылар облыстың барлық жерлерінде болып, сол жердің флорасы мен фаунасын, тарихын, мәдениетін, инновациялық объектілерін, архитектуралық құрылыстарымен танысатын болады.

 

Бұл жоба «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен 2012 жылы туған өлкені танып білуге, оқушылардың туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын жете білуге, сондай-ақ олардың бойынан патриоттық сезімді оятуға бағытталған.

Алғаш рет өткізіліп отырған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының ашылу рәсімінде мектеп директоры Балқан Маратұлы жобаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, оқушыларға сәт сапар тіледі.   

«Бүгінде Назарбев зияткерлік мектептерінде білім берумен қатар тәрбиеге үлкен мән беріледі. Тәрбие жұмыстарының басым көпшілігі сабақтарда ұлттық құндылықтарды балалардың бойына сіңірумен қатар, көптеген жұмыстар тәрбиелік жобалар арқылы іске асырылып келеді. «Туған елге тағзым» жобасында екі сынып бір шаңырақты құрап, олардың арасынан  үздік деп танылған шаңырақ иелері аталған жобаға қатысуға мүмкіндік алады.

Қазіргі таңда іріктеуден өткен 40 оқушы Түркістан облысында экспедиция бағдарламасы аясында туристік және әлеуметтік кәсіпорындардың жұмысымен жақын танысады. Ондағы негізгі мақсат жүректерінде еліне, туған жерге деген патриоттық сезімін оятып қана қоймай, жаңа өзгерістерге жол ашатын саналы ұрпақты қалыптастыруға негізделу болып табылады. Бұл экспедицияға облысымызда белгілі өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы саласы, өнеркәсіп ошақтары, туризм секторы сынды жерлер таңдап алынды. Аталған аймақтарды көзбен көрген олар облыстың барлық мүмкіндіктерімен танысқаннан соң осыдан қандай да бір жаңа, тың бастамаларды іске асыруды қолға алады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, келешекте мамандықты таңдауда өз септігін тигізеді деген үміттеміз. Экспедиция аяқталғаннан соң  оқушылар зерттеу тақырыптарын анықтап, алдағы жаңа оқу жылында өңір салаларын дамыту жолдарын қарастырмақ» дейді Балқан Қасымов.

Аталған жобаға қызығушылық танытып, өңіріміздің туристік бағытын дамытуды қолға алған 9-сынып оқушысы Аружан Жарылқап өзінің ұсыныстарымен бөлісті.

– Өздеріңізге белгілі, облысымыз – тарихи-мәдени ошақтарға бай аймақ. Бұл жоба жастардың өлкеміздің тарихынан сыр шертетін мәдени ошақтардың қазіргі жағдайымен, сондай-ақ өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті мағұлматтармен танысуға мүмкіндік береді. Зерттеу аясында туризм және экологиялық аймақ жағдайларына өздерінің ойларын ұсыну арқылы дамыту жолдарын бірге қарастырады. Бұл жерде өз басым туризм кластерін дамыту үшін қолайлы аймақта ең алдымен қызмет көрсету қызметтерін жақсарту қажет деп санаймын. Себебі мұнда келетін туристер мен қала қонақтары өздерінің киелі жерге сапары аясында осы жағдайларға жете мән беріп жататыны анық. Бұдан бөлек демалушыларға сапалы қызметпен қатар қалтаға қонымды бағаларды ұсыну өзекті болып отыр. Осы бастамаларды жүзеге асырғанда ғана туризмі дамыған аймаққа айналатынымыз сөзсіз, --дейді ол.

 

 

 

                                      Ысқақ САДЫҚ,

                                      «Оңтүстік Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз