ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ТҰТҚАСЫ


    «Йасауй атамыз қазақ ұлтының ұлттық идеологиясын жасады» деген филология ғылымдарының PhD докторы Нұрхалық Әбдірақынның жазбасы көптен бері жүрген ойыма ой тастады.

    Н.Әбдірақынның «Йасауй ілімі қазақ ұлтының бас идеологиясы болғаны айдан анық. Абылай хан бастаған қазақтың хан-сұлтан, игі жақсылардың Түркістаннан жырақта өмір сүрсе де, соңғы демінде өздерін Йассауидің жанына апарып жерлеуді өсиет еткенін терең ойлансақ, біраз дүниенің басы ашылары хақ. Йасауй ілімі қазақ мәдениетінде, дүниетанымында, менталитетінде, әдебиетінде (өлең-жырларында), мақал-мәтелдерінде, салт-дәстүрлерінде күні бүгінге дейін айқын көрініп тұр» дегенін ой елегінен өткізіп көруді жөн санадым.

 

      Біріншіден, Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі. Тек түркі әлемі ғана емес, әлем саяхатшыларымен жаһангерлер тәнті болған қасиетті мекен ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің ілімімен тығыз байланысты. Стамбул қаласының тұрғыны Эртин Арда: «Түркістан – стамбулдықтар үшін, түріктер үшін өте маңызды қала. Қожа Ахмет Яссауйдің шәкірттері Анадолыға келіп, ағартушылықпен айналысты. Олардың түріктің әдебиет әлемі мен мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан жақсы бәлеміз» деген QAZAQ.TV-ға берген сұхбатында.

Екіншіден, Яссауи ілімі – түркі халықтарында ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар  топтамасы. Яссауитанушы Айнұр Әбдірәсілқызы Яссауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалаудың дұрыс еместігін айтады.

«Яссауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Яссауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Яссауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Яссауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Яссауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды.

Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Яссауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.

    Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Яссауи ілімі тікелей әсер етті деп сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Яссауи ілімінің маңызы да сондай ерекше» деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым.   Яссауи ілімі тек тарихи роль атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті иделогиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Яссауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Яссауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Яссауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар»  деген тұжырымдар жасайды Айнұр Әбдірәсілқызы.

   Идеология дегеніміз қоғамдағы экономикалық қатынастарды белгілі әлеуметтік таптың тұрғысынан бейнелейтін идеялар мен  теориялардың жүйесі. Идеологияның ерекшелігі ол қоғамдық таптар мен әлеуметтік топтар мүдделерінің бір жүйеге келтірілген және теориялық жағынан қорытылған бейнесі болуы керек. Ал, мемлекеттік идеологияның басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігі мен экономикалық саяси қуаттылығын арттыру.

    2021 жылдың 31 наурызында болған Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды. Осы самитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр», деді.

    Түркістан қаласы сәулеті жарасқан қала ретінде дамып, Қожа Ахмет Яссауидың өмірі мен әдеби мұрасы – түркі тілді ұлттардың ата-бабасы ретінде оларды біріктіріп, тарихи қалыптасуы ортақ болған бұл халықтарды біріктіруде де басты фактор болатындығы кенже қалып қоймауы тиіс.

   Атап айтқанда, Қожа Ахмет Яссауи түркілерге иманды, исламды ғана қайтарып қойған жоқ, сонымен бірге, түркінің көнеден келе жатқан мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түгелімен қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өйткені, VIII ғасырдың екінші жартысында ислам дінін қабылдаған түркілер X-XII ғасырларға келгенде өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толығымен толығымен ажыраған болатын. Алғашында ислам дінін қабылдау тек дінді емес, бүкіл араб болмысын қабылдау деп түсінген түркілер арабтанып, парсыланып кеткен еді. Қожа Ахмет Яссауидің ислам дінінің басты талабы Иман екендігін түсіндіруі, иманы бар адамның мұсылман болып саналатынын сезіндіруі, арабтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қабылдамай-ақ әрбір мұсылманның өз мәдениетін сақтауы мүмкін екендігіне көзін жеткізуі түркілердің өздерінің дәстүрлі мәдениетіне қайтадан  бет бұруына мүмкіндік берді. Қожа Ахмет Яссауи түркі мәдениетін сақтап қалу ғана емес, оны қайта жаңғырту жолында да көп еңбек етті, – дейді дінтанушы ғалым Зікірия Заманханұлы.

   Расында да, XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында Түркістанда белгілі бір тарихи жағдай мен тарихи үрдістің қажеттіліктерінен туындаған қоғамдық-саяси және мәдени-идеологиялық қозғалыс – джадидизм қалыптасып, өркендеді. Ол ұлттық интеллигенцияның ел мен халықтың жағдайын терең саяси ұғынуына, Түркістан қоғамын жүйелі жаңғырту бағдарламалары мен жобаларының дүниеге келуіне, нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізуге септігін тигізді. Джадидизм Түркістан жастарын ұлттық, әлеуметтік ояту және көтеру ісіндегі негізгі қозғаушы күш болды.

   Түркістан джадидасының өркендеуі патшалық Ресей империясының отаршылдық езгісінен босатумен, тәуелсіздікке қол жеткізу және әлеуметтік жүйе мен басқару жүйесін реформалау, экономикалық артта қалуды жеңу және әлемдік өркениеттің жетістіктерін игеру арқылы демократиялық мемлекет құрумен байланысты екені белгілі. Сонымен қатар, Ұлттық-мемлекеттік қайта өрлеу, Түркістанның тарихи прогрестің алдыңғы шептеріне шығу процестерінде джадидтер басты рөлді көзі ашық, рухани бай және саяси қалыптасқан прогрессивті жастарға берді. Сондықтан олар, әсіресе өз қызметінің бастапқы кезеңінде, білім беруде пісіп-жетілген мәселелердің шешімін көрді.

   Жаңа ұрпақты тәрбиелеу, халықты ағарту міндеттерін қамтамасыз етуде джадидтер әдебиет пен театр өнерінің рухани-адамгершілік әсеріне, ұлттық мерзімді баспасөзді дамытуға маңызды орын берді. Олар арқылы түркістандық джадидтер өткеннің қалдықтарына қарсы күресті; білім беру жүйесін түбегейлі қайта құру және қоғамды жаңарту идеяларын насихаттады; анашаның темекі шегу, маскүнемдік, азғындық, әйелдердің теңсіздігі сияқты қоғамдық мәселелерді қатты сынға алды. Сонымен қатар, олар оқырмандарды шетелде болып жатқан оқиғалармен таныстырып, Түркістан өңірінің экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі өзгерістер туралы айтып берді. Олар жастарды білімге, мәдени-рухани деңгейін арттыруға және адамгершілік жағынан жетілдіруге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы мен саяси өміріне белсенді қатысуға шақырды. Жәдидтердің пікірінше, білімді жастар ұлттық мүдделерді қорғап, Түркістанның тарихи прогрестің алдыңғы шептеріне шығуына ықпал ете алады.

   Осылайша, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын қалыптастыру мен нығайтуда Ясауи ілімі мен қасиетті Түркістан ерекше мәнге ие. Себебі, Яссауи ілімі мен қасиетті Түркістанның көне түріктердің мәңгілік ел идеясы  қазіргі ұлттық мүдде, халықтың рухани өрлеуі, жаңа өмір салты мен ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясымен сабақтас. Атап айтқанда, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізуде «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ Яссауи ілімі – түркі халықтарында ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар  топтамасының мемлекеттік мәнге ие боларлық идеологияны қарастыруда мүмкіншілігі зор. 

Яссауи ілімі ұлттық азаттық идеяларымен және Түркістан қаласының бүгінгі келбеті қоғамды жаңғыртудағы өзіндік маңыздылығымен рухтандыра отырып,  тәуелсіздік идеологиясын ұлттық сана-сезім деңгейіне көтере алды. Бұл идеялар әлем өркениетімен интеграциялану үрдісіндегі бүгінгі қазақстандық патриотизм үйлесімді дамыған жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған заманауи трансформациялық тәжірибесімен сабақтасады.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының түркі интеграциясы жолындағы қызметінің мақсатты бағыттарының бірі экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Түркістан қаласын дамытуда өңірдің ресурстық әлеуетін бағалай отырып, қойылған мақсаттарға қол жеткізудің жаңа тәсілдерін енгізуді  талап еткен өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы облыс орталығы ретінде дамып келе жатқан қаланы белсенді агломерациялық процестер аймағына айналдыруда. Мақсат айқын, Түркістан қаласын индустриялық қалаға айналдыруды қамтамасыз ете отырып, әлемдік деңгейге көтеруді көздейді. 

 

Қанат ЖҮНІСБЕКОВ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз