Сайт жасап сансыз пайдаға кенелуге болады

Бүгінгі таңда ғаламтор ғаламат бизнестің көзіне айналды. Әлеуметтік желіден табыс тауып, өз ісін дөңгелетіп жатқандар жетерлік. Сондықтан оқырманға интернет арқылы қалай табыс табуға болатынын білгенімізше айтпақпыз. 

Қазір контент заманы. Ақпаратты қолданушылардың көп болғаны бизнестің дамуына оң әсер етеді. Ресейлік Brand Analytics компаниясының зерттеуіне сүйенсек, қазір «ВКонтакте» әлеуметтік желісі көш бастап тұр. Павел Дуров негізін қалаған желінің Қазақстанда 1 781 760 қолданушысы бар екен. Ал, 1 008 360 адам тіркелген «Instagram» әлеуметтік желісі екінші орында. Үздік үштікті «Мой Мир» түйіндеп тұр. «Facebook» желісіне 413 026 адам тіркелсе, Twitter-ге бар болғаны 27 776 адам кіреді екен. Сонымен қатар, осы зерттеу нәтижесінде қазақ­стандықтардың 10,6 пайызы ғана ешбір әлеуметтік желіге тіркелмегені анықталған. 
Әлеуметтік желідегі табыс көзінің бірі – сайт жасау. Біздің кейіпкеріміз Ақарыс Әлиасқар 3 жылдан бері сайт жасаумен айналысады. 
– Мен көбіне онлайн курсқа арналған платформа, ақпараттық портал және бизнес сайттар жасаймын. Соған қарай табыс табамын, – дейді ол. 
Бүгінде қандай да бір бизнеспен айналысатын болсаңыз, сізге алдымен сайт жасау керек болады. Тауарыңызды онлайн түрде сатылымға қойып-ақ, өткізе аласыз.  
Ғаламторда блог жүргізіп, жарнама жасау арқылы да табыс табуға болады. Егер де сіз белгілі бір тақырыпта қызықты әрі оқылымды мақала жазатын болсаңыз, сол тақырыпқа етене жақын адамдардан құралған аудиторияны тез жинай аласыз. Оқырмандарыңыз көп болған сайын түрлі компаниялар да сіздің блогыңызға жарнама ілуге асығады. Қысқасы, оқырмандарыңыздың саны артқан сайын сіз үшін әлеуметтік желінің қызмет аясы кеңейіп, оны түрлі мақсатта пайдаланатын боласыз. 
Желі арқылы табыс табудың тағы бір жолы – SMM. Бұл – әлеуметтік желі арқылы танымал болу, белгілі бір компанияның немесе сайттың жұмысын жарнамалау, ақпарат таратып, тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас орнату деп түсіндіріледі. Келесі кейіпкеріміз Ардақ Ашетованың SMM қызметін атқарғанына 2 жылға жуықтады. Қазір ол осы еңбегінің жемісін көруде.  
– Бұл сырт көзге оңай жұмыс көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз үшін креативті ойлау да басты назарда болуы керек. SMM жүргізу 1 күннің немесе 1 айдың жұмысы емес, онда кемінде 6 ай немесе 1 жылдық стратегия жасалынады. Қазір өз мамандығымды меңгерумен қатар осы саланың үздігі болуға талпынып жүрмін, – дейді ол. Ал, «SMM маманы нені білуі керек?» деген сұрағымызға: «Мәтін жаза алуы және сайт, жеке блог жүргізуі тиіс. Интернеттегі контенттің ерекшеліктерін де білуі қажет» деп жауап берді. 
Әрине, ел арасында желі арқылы табыс табуды үйретемін деп жалған жарнама жасайтындар да кездеседі. Бір кездері сондайлардың апанына түсіп қалған студент Айбота Жамалбек «Үйде отырып-ақ табыс табуды үйретемін. Тек ғаламторға күнде екі-үш сағат уақытыңды арнасаң болғаны» деп адамдарды алдаусыратып кететіндердің де бар екенін ескеріп жүру керек екенін айтады. 
– Ғаламтор арқылы бірнеше курсты сатып алғаныммен, табыс таппақ түгілі, өз қаражатымды қайтара алмаған кезім болды. Жұмысын керемет етіп әспеттеп жарнамалайтынның бәріне бірдей сене бермеу қажет екенін түсіндім, – дейді ол.
Қорытындылай келе айтарымыз, әрқашан да жақсы істі үйреніп, оны пайдаға жаратқанымыз абзал. Бүкіл әлемді байланыстырушы ғаламтор арқылы пайда тапқанның әбестігі жоқ. Тек кереғар тұсын ескеріп жүрсек болғаны.
 
Сандуғаш БЕКТҰРОВА, 
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 3-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз