Сарбаздардың өлімі жиілеп барады. НЕГЕ?

Қазақ әскерінде қаралы хабар көбейіп кетті. Бұлай дейтініміз, бірнеше күн бұрын Маңғыстау облысындағы ҰҚК Шекара қызметіне қарасты бөлімде әскери борышын өтеп жүрген тағы бір сарбазымыздан айырылып қалдық. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының 19 жасар тұрғыны Еділ Тешебаев «дәретханада белдікке асылып қалған». Марқұм әскерге 2021 жылдың тамыз айында өз еркімен аттанған екен. Дегенмен, көз жұмған сарбаздың ағасы Нұржаусын Тешебаев інісінің өзіне қол салуы мүмкін еместігін айтып, ресми мәлімдемеге қатысты күдігі бар екенін жеткізді. «Мінезі ашық, көпшілікпен тез тіл табысатын. Әскерден қайтуына үш ай қалған. Соңғы кезде күн санап жүрді. Ініммен түнде сөйлестім. 5 мың теңге ақша салшы деді. Ақшам болмай сала алмадым. Соңғы уақытта қайта-қайта ақша сұрай берді. Өлер алдында хат қалдырды дейді. Інімнің жазуын танимын. Хатты көрдім, жазған ол емес. Әлімжеттік болды ма деп күдіктеніп отырмыз» деді ол БАҚ өкілдеріне берген жауабында. Сондай-ақ, туыстары да іс тергеуінің әділ өтетініне күмәнмен қарап, оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауға алуын сұраған болатын.

Қайғылы оқиға жайлы ақпарат тарағаннан кейін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының армиядағы адам өлімінің жиілеп кеткеніне қатысты арнайы комиссия құруды тапсырғанын да хабарлады. «Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады» делінген Ақорда хабарламасында. 

Сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі: «Еділ Тешебаев өз-өзіне қол жұмсады, алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызметпен емес, отбасылық тұрмыстық проблемалар болған, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» деп хабарласа, Бейнеу шекара қызметі бастығының міндетін атқарушы Асқар Аяғанов марқұм сарбаздың кейінгі уақытта талып қалып жүргенін, сөйтіп Ақтау қаласындағы госпитальде емделгенін айтқан. Қалай болғанда да, тергеп-тексеру жұмыстары аяқталмай, істің ақ-қарасы анықталмай жатып біреуді кінәлі дей алмаймыз. Дегенмен, әскерде қаза болған сарбаздың өліміне қатысты «талып қалды» деген жауапты осының алдында да естіген едік.

Нақтырақ айтсақ, сәуір айында Жамбыл облысындағы әскери бөлімде армияға келгеніне төрт-ақ күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай атты сарбаз жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Бұл жағдайға қатысты мәлімдемеде сарбаздың таңғы сапқа тұру кезінде есінен танып қалып, артынша көз жұмғаны айтылған. Енді осы екі оқиғадағы «талып қалу» фактісі әркімнің де ойына күмән тудырады.

Қазақ әскеріндегі қаралы хабарлар бұлар ғана емес. Еске алғымыз-ақ келмейді. Бірақ, Жамбыл облысында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 19 жасар сарбаздың 2 наурызда із-түссіз жоғалып кетіп, 11 сәуір күні мәйіті Қырғызстандағы тау шыңында өз белдігіне асылып тұрған жерінен табылғанын айтпасқа тағы болмайды. Былтыр да осындай қайғылы оқиға орын алып, Теміртау қаласындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаздың өз-өзіне оқ атып мерт болғаны жарияланған. Оның алдында Жамбыл облысында бір жауынгеріміз казарма терезесінен секіріп көз жұмды. Жуырда әскерде жүріп есінен адасқан сарбаз жайлы да ақпаратты да естідік. «Бұлар неге талып қала береді, бұлар неге есінен адасып қала береді» дейміз іштей. Жауабын таба алмаймыз. «Олар мынадай себеппен талып қалып жатыр, мынадай себеппен естерінен танып қалып жатыр» деп тағы ешкім түсіндірмейді...

Иә, қалай болғанда да осындай оқыс оқиғалардан кейін «қазақ әскерінің хал ахуалы кейінге кетіп бара жатқан жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Егер сарбаздарымыздың денсаулығы сыр беріп, талып қала беретін болса, психологиясы әлсіз болып, өз өмірлерін қия беретін болса, әскерге шақыру науқаны кезінде медициналық және психологиялық тұрғыдан тексеру жүргізетін комиссия мүшелері не қарап отырған? «Бұл жағдайлар әлімжеттіктің салдарынан орын алды» деп топшылайтын болсақ, әскердегі тәртіпке жауапты қызметкерлер не үшін жалақы алып жүр? Қай ата-ана баласын әскерге біреулерден өлімші болып таяқ жегізу үшін жіберетін еді? Әлде, «перзентім Отан алдындағы борышын өтесін» деп әскерге аттандырып, соңында мәйіт құшып қалатындай жұрттың басы артық баласы бар ма? Бұл жәйттерді естіген қай ата-ана баласын армияға жібергісі келеді? Қай бозбаланың әскерге баруға ынтасы болады? Осы проблемаларды ойлап отырған адам бар ма? 

Егер шын мәнінде «жаңа Қазақстанды» құрып, елдің қорғанысын, әскердің қуатын арттырамыз десек, осы проблеманы шешуге білек сыбана кірісетін кез әлдеқашан жетті. Жауынгерлері ішінен бүлініп, өз-өзіне күш көрсететін рухы төмен әскерді, қала берді мемлекетті қай ел көзге ілер дейсіз?

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз