Судьяларды сайлаған дұрыс па?

Елімізде орын алып жатқан саяси өзгерістерге байланысты көпшілік тарапынан «төрелік айтушы судьяларды да халық сайлауы керек» деген пікірлер айтылып жүр. Тағы бір легі «Жоғары соттың судьялары болмаса да, аймақтық деңгейдегі судьяларды таңдауды халыққа берейік» дейді. Егер судьяларды сайлайтын болсақ, оның сот төрелігіне әсері қандай болмақ? Біз бұл ұсыныстарды мамандардың талқысына салған едік.

Жанысбек ӨТЕГЕН, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

– Мен мұндай жүйені қолдаймын. Себебі, мұның сот жүйесін жақсартуға үлкен ықпалы болар еді. Ал, шет мемлекеттерде осындай бастаманың қарастырылып жатқанына біршама уақыт болды. Оның үстіне оны бірден көшіре салу бізге де оңай болады деп айта алмаймын. Қаңтар оқиғасынан түйгеніміз, әр нәрсенің өз уақыты болады екен. Қоғамды мезгілінен бұрын асықтырудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшылар судьяларды сайлау жүйесіне өткізудің алғышарты ретінде алдымен аймақтық соттарды таңдап алуды ұсынады. Мен мұнымен келісе алмаймын. Кішігірім аймақтық соттарды ғана жаңа жүйеге көшіру ешқандай нәтиже бермейді. Себебі, біз Ата Заңда бәріміз теңбіз деп көрсеткенбіз. Яғни аймақтық соттардағы қазыларды халық таңдап, облыс орталығындағы, ірі қалалардағы істерді тағайындалған судьялар қарайтын болса, қарама-қайшылық туындайды. 

Тағайындалған судьялардың ең үлкен кемшілігі – олар жабық есік жағдайында жұмыс істреуге бейім болады. Егер судьяны халық сайлайтын болса, олардың төрешіге деген сенімі артады. Халық судьяны базбіреулердің туысы, танысы, досы шығар деп күдіктенбейді. Есесіне үшінші билік пен халықтың қарым-қатынасы жеңілдей түседі. Екіншіден, халық төрешіні қандай қасиеттеріне қарап таңдап алғанын өздері білетін болады. Демек, олардың төрелік ету ұғымына деген көзқарасы мүлдем өзгеруі мүмкін. Ешкімге жалтақтамай, Ата Заңды ғана негізге алар еді. Бір ғана мысал, бізде қазір әкімшілік құрылымдар мен қарапайым адамдар арасында сот үдерісі жүріп жатса, жеке тұлғаның жеңіске жеткенін сирек көреміз. Әрине, бұл судьяның жалтақтығын көрсетеді. Дегенмен, мен бірден жаңа жүйеге көшу керек деп айта алмаймын. Себебі, бұған демократиясы дамыған мемлекеттердің өздері де жете алмай отыр. Бірақ, түптің түбінде осыған келуіміз керек дегенді ғана айтқым келеді.

Айман САҒЫНДЫҚОВА, отставкадағы судья:

– Мұндай бастамаға қарсымын. Егер судьяны бұрынғы кеңестік жүйедегі секілді сайлайтын болсақ, онда судья әрбір қараған ісі, шығарған шешімі бойынша бірнеше құрылымға есеп беріп отыратын болады. Кеңес дәуірінде судьялар аудан басшыларының алдында да, партия алдында да есеп беретін. Яғни біресе партияға, біресе жергілікті басқару органдарына жалтақтап отырады. Ал, халықаралық тәртіп бойынша сот ешкімге тәуелді болмауы керек. Судья алдына келіп түскен істің жұрттың көзқарасына емес, заңға сәйкестігіне назар аударуы  керек. Ал, қазіргі жүйеде судьяларды Мемлекет басшысы тағайындайды және олар тек заң алдында ғана жауап береді. Әрине, қазіргі соттардың жұмысында олқылықтардың бар екені рас. Бірақ, бірді-екілі қателікті бүтіндей жүйенің кемшілігі деп қарастыруға болмайды. Себебі, шынайы реформалардың арқасында сот саласының жұмысы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал, егер біз судьяларды сайлайтын болсақ, бұл салада берекесіздік орын алады. Бұл салаға да жершілдік, рушылдық, ағайындық сияқты жағымсыз құбылыстар енеді. Яғни көшенің бір бетіндегілер өзінің адамын, екінші бетінде тұратындар өздерінің адамын ұсынып, сайлауда тартысатын болса, ондай судьялардан қандай әділдік күтеміз? Әрине, ол ертең өзіне дауыс берген топтың сойылын соғады. Ондай кезде судьяның біліктілігі емес, танымалдығы таразыланады.

Түйін

Осыдан жеті жыл бұрын бір топ қоғам белсендісі сот жүйесіндегі заңсыздықтарға қарсы «Біз судьяларды сайлауды қалаймыз! Әділетті қоғам құру үшін осындай қадам жасауымыз керек» деген қарар қабылдаған болатын. Бірақ, сол кездегі саяси ахуалға байланысты бұл мәселе сөз күйінде қалып қойды. Міне, Жаңа Қазақстан құру қарсаңында судьяларды сайлау мәселесі тағы да күн тәртібіне шығарылып отыр. Әрине, пікірлер сан түрлі. Бірі сайлаудан бұрын судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет десе, енді бірі тағайындалатын немесе сайлауға түсетін судьяның кандидатурасын қоғам талқысына салу керек деген пікірді алға тартады. Сіз не дейсіз?

Әзірлеген Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз