Кешегі Құрасбек, бүгінгі Темірғали рух тілінде сөйледі

Апта басында Леңгір қаласындағы Мәдениет үйінде Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ. Тыныбековтің туғанына 75 жылдығы құрметіне «Құрасбектің рухы сөйлейді» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі мен ақын, журналист Темірғали Көпбаевтың «Жырым бірге еліммен» атты әдеби шығармашылық кеші өтті.

Іс-шара белгілі суретші, қазақ тоқыма өнерін кәсіби тұрғыда қайта түлетуші, біртума талант Құрасбек Тыныбековтің өмір жолына арналған деректі фильммен басталды. Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған белгілі суретші Құрасбек Тыныбеков – қазақ гобелен өнерінің шолпан жұлдызы. Ол – небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, соңына мол мұра қалдырып үлгерген үлкен талант иесі. 

Әдеби кешке «Құрасбектің рухы сөйлейді» атты кітаптың авторы, танымал журналист Есенәлі Ералы арнайы келіп, туындының мазмұны жөнінде әңгімеледі. Жазушы қазақ бейнелеу өнерінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, мәңгі туындылар қалдырған Құрасбек Тыныбековтің рухымен сөйлесе отырып, оның шығармашылығының мән-мағынасын жеткізуді көздегенін, ол үшін ұзақ жылдар бойы Құрасбек шығармашылығын зерделегенін жеткізді. «Сәндік өнер саласындағы еселі еңбегінің нәтижесінде Құрасбек Тыныбеков Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. Оның гобелен жанрында ойлап тапқан жаңа техникасын әлемнің көптеген елдерінде шеберлер өз шығармашылықтарында қолданады. Ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін өнерімен паш еткен қылқалам шеберінің есімі еліміздің ұлттық қолданбалы өнері тарихында әрқашан көшбастаушы ретінде жарқырай береді» деді журналист-жазушы Есенәлі Ералы. 

Шығармашылық кездесуге қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаевты 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Нұрлан Қойбағаров қос қаламгерге мәслихат хатшысының грамотасы мен Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған төсбелгісін тақты. Лесбек Серікбаев өз кезегінде ақынға аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті.  

«Құрасбектің рухы сөйлейді» атты кітаптың тұсауын мәдениет саласының майталманы Күлия Айдарбекова мен қадірменді қария Аңдас Оразалиев кесіп, суретші Құрасбек Тыныбековтің өмір жолы жөнінде естелік әңгімелер айтты, тарпаң мінезді талантты ақынның өршіл поэзиясы туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. 

Рухани кешке арнайы шақырылған сатирик жазушы Ермахан Шайқы, облыстық  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Серікқали Жексенбаев,  «Парасатты Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шырынбек Оңғаров, Тұрлыбек Қозыбақов және Өмір Шыныбекұлы халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Темірғали Көпбаевты мерейтойымен және шығармашылық кешімен құттықтап, естелік әңгімелер айтты. Суретші Құттыбек Тыныбекұлы, ақынның жары Сәлима Қалқабаева қазақ поэзиясының айдынында ерекше қабілетімен көзге түскен талантты ақынның шығармашылығы жөнінде әңгімеледі. 

Басқосуда аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері әннен шашу шашып, ақынның өлеңдерінен үзінділер оқыды. 

Бақыт КЕМЕЛОВ, Төлеби аудандық мәслихатының жауапты қызметкері.

Пікір қалдырыңыз